Жолаушы тасымалыТОП

Жаңа трамвайлар жолға шықты

Қарбаласы көп қала халқының қай уақытта да асығыс жүруі заңдылық іспетті. Сондықтан болар барар жеріне уақытында жете алмайтын қала тұрғындары қоғамдық көліктің жетіспеушілігін жиі тілге тиек етеді. Уақыт өткен сайын уәж тыңдалып, уәде біртіндеп орындалып келеді. Өскемендіктер енді жаңа трамвайларға мінетін болды.

Қызырбек ДҮРГІНБАЙҰЛЫ

Шығыс өңірінде қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту жалғасын табуда. Бұл жолы «елу жылда ел жаңа» дегендей, қырық жылда трамвайлар жаңарып отыр. Күні кеше Өскемен қаласында жаңа трамвайлар техникалық тексерістен өтіп, жолаушыларды тасымалдауға деген дайындықтан өтті. Ендігі кезекте өскемендіктерді тасымалдауға Беларусь елінде шығарылған төрт жаңа вагон сақадай сай тұр. Жаңа трамвайлар заманауи технологиямен жабдықталған. Олардың ішінде  кондиционер, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған платформа және ұялы телефондарды қуаттау қондырғылары орнатылған. Жаңа трамвайлардың дайын болғандығы туралы әлеуметтік желідегі парақшасында Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар жазды.

– Қалаға тағы екі вагон әкелініп, қазір трамвай паркінде жұмысқа әзірленіп жатыр. Олар қаңтардың соңына дейін іске қосылады. Жаңа трамвайлардың жүріс бөлігі жетілдірілген, салонында кондиционер орнатылған, ұялы құрылғыларды қуаттау мүмкіндігі де қарастырылған. Сондай-ақ жаңа вагондар қозғалысы шектеулі азаматтардың қажеттіліктеріне сәйкес бейімделген. Трамвай желілерін жаңғырту бойынша жұмыс әлі де жалғасады. Паркті ары қарай жаңартуға қатысты шешім  алғашқы жаңа вагондарды қолдану тәжірибесінің негізінде қабылданатын болады, – деп жазды шаһар басшысы.

Жаңа трамвайлар бұрынғымен салыстырғанда жайлы әрі ыңғайлы  көрінеді. Суықта жылы, ыстықта салқын. Ал басқару тетігі жүргізушілерге ешқандай қиындық тудырмайды. Керісінше бұрынғы трамвайлармен салыстырғанда әлдеқайда жеңілірек.

– Егер ескі вагондарда релелік-контакторлық жүйе болса, мұнда транзисторлық және электрондық жүйе бар, ол машинисті қате әрекеттерден қорғайды. Ток қозғалтқыштарына күтім жасау ыңғайлы және тежеу механизмі көліктің астына жасырылған. Ал басқару барысына келер болсақ, трамвай жүргізушілерін қайта даярлаудың қажеті жоқ. Өйткені автоматтандырылған технологиялар машинистерге өте қолайлы әрі оңай. Түбегейлі жаңа басқару жүйесімен қатар трамвайлар термореттеу жүйесімен жабдықталған. Жазғы уақытта жолаушылардың жайлылығы үшін вагондарда кондиционерлер, ал суық мезгілде  жылыту құрылғылары жұмыс істейтін болады, – дейді «Өскемен қаласының көлік компаниясы» ЖШС басшысы Михаил Чайка.

Трамвайларда мүмкіндігінше жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасалған. Жиналмалы платформа, мүгедектердің арбасын бекітуге арналған қауіпсіздік белдігін бекіткіштер және аялдамаларды хабарлауға арналған дыбыстық сигнал бар. Сонымен қатар жолаушылардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау камерасы мен электронды ақпараттық тақта орнатылған. Электронды тақтада аялдама атаулары аудиожазба түрінде жүктелген. Жолақысын төлеуге арналған заманауи валидатор да орнатылған. Трамвайларда 31 отыратын орын және жүзден астам адам түрегеп тұруға арналған алаң бар. Трамвайдың салмағы –  17 тонна, биіктігі –  3,5 метр, ұзындығы – 17 метр және ені –  2,5 метр. Жаңа трамвайлардың қозғалысқа шығуына орай жолдар да жөндеуден өткен.

– Өскеменде соңғы қырық жыл ішінде алғаш рет жаңа трамвайлар қайта жүре бастады. 2018 жылы трамвай паркі муниципалдық меншікке қайтарылғаннан кейін біз үлкен жұмысты жоспарлап, жүзеге асырдық. Кәсіпорынның  материалды-техникалық базасы ретке келтіріліп, байланыс желілері мен рельс жолдары жөндеуден өтті. Қаламызда үш жылда рельс жолдардың аса проблемалық учаскелерінің барлығы дерлік ауыстырылды, бұл –  төрт шақырымға жуық жол. Енді келесі қадам жасайтын уақыт келді, яғни жаңа жылжымалы құрам сатып алу, – деді қала әкімі.

Сонымен қатар «Өскемен қаласының көлік компаниясы» ЖШС басшысы да алдағы уақытта бірқатар трамвай жолдарының қайта жөнделетінін айтты. Жауапты басшылықтың айтуынша, трамвай паркіне қарасты жолдардың 70 пайыздан астамы тозған. Сондықтан қазір жаңарту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қала бойынша барлығы 31 шақырым трамвай жолы бар. Олардың шамамен үштен бірі бүгінде жіксіз рельстерді қолдана отырып, толық жөндеуден өткен. Жөндеуге жататын байланыс желісі – Қазақстан мен Нұрмағамбетов көшелерінің аумағында. Ең проблемалық сегменттер – Үлбі көпірінен Қазақстан көшесіне дейінгі аралықта.

Жол жөнделіп, жаңа трамвай жұртты тұрақты тасымалдап тұрса, біз уақыттан кешікпесіміз анық. Уақыттан ұтылмасақ, өркениет көшінен де қалмаспыз.

 

Осы айдарда

Back to top button