Жаңа технологияның игілігін көре алып отырмыз ба?
2017 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітіліп, Қазақстан әлемдегі өзінің цифрландыру бағдарламасын қабылдаған алғашқы 20 елдің бірінің қатарына енгені белгілі. Сөйтіп, барлық салада цифрландыру жұмыстары қолға алынды. Олай болса мәдениет саласындағы цифрландыру жұмысы қалай жүзеге асуда? Біз осы мәселені біраз қаузағанды жөн көрдік.
Айтыңызшы, соңғы рет қашан музейге бардыңыз? Ал театрға ше? Кітапханаға баруға уақыт табасыз ба? Әлде мәдениет ошақтарын аралауға қым-қуыт тіршілік еш мұрша бермей ме? Кезінде аға буын үшін музей аралау, театрға бару, кітапханаға барып, кітап оқу дегеніңіз керемет демалыс болатын. Шынында да музей жәдігерлерін өз көзіңмен тамашалап, кітапханаға барып, кітап оқығанға не жетсін! Мұндай мәдениет ошақтарының адамға жаңа білім, жаңа эмоция сыйлайтыны да рас. Десе де «елу жылда ел жаңа» дегендей, қазіргі ұрпақтың талғамы мүлдем басқа. Олар мәдениет ошақтарына барып уақыт өткізгеннен гөрі үйде отырып-ақ қашықтан жұмыс істеп, шаруаны ыңғайлағанды жақсы көреді. Олар вируталды әлемде өмір сүреді.
Олар 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдың басында дүниеге келгендер. Кейде, біз, үлкендер оларды түсінбей, сөгіп жатамыз. «Таңнан кешке дейін компьютерде отырады. Соткасыз күні жоқ» деп ренжиміз. Қалай десек те, қазір олардың қатары 2,6 миллиардқа жеткен көрінеді. Бүгінгі ұрпақтың ерекшелігі, олар таптаурын болған жолмен жүргісі келмейді. Жаңалыққа жаны құмар. Олай болса, бүгінгі мәдени ошақтар осы жаңа заман жастарының талабы мен талғамынан шығуға тырысуы керек. Қазіргі жастарды музейге немесе театрға, кітапханаға күштеп апара алмайсыз. Олар заманауи технологияның мүмкіндігін барынша пайдалануды құп көреді. Сондықтан да қандай да бір музейде көрме өтіп жатыр ма, ол алтындай уақыты мен ақшасын шығындағысы келмейді. Мәдениет ошағына барғаннан гөрі компьютерден немесе телефоннан онлайн тамашалай салған оған әлдеқайда тиімді. Өйткені ол цифрлық дәуірдің ұрпағы ғой. Қазіргі уақыттың өзінде бүкіл білім саласы, басқа да салалар осы жаңа буынның талабы мен талғамынан шығуға бейімделуде. Барша адамзат сәт санап цифрландырудың сиқырына арбалып, тереңіне құлаш ұрып бара жатыр. Күні кеше ғана қалағаныңды сатып алу үшін дүкенге бару керек болса, бүгін сол дүкен сіздің телефоныңызда. Қосымшасын басып, тапсырыс берсеңіз болды. Тапсырыс берген затыңызды дәл үйіңіздің есігінің алдына дейін әкеліп береді. Осыдан небары 10 жыл бұрын мұндай қызметті армандай алатын ба едік? Иә, цифрлық дәуірдің адамзат баласына ұсынып отырған мүмкіндігі өте көп.
2017 жылдың 12 желтоқсанында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді дедік. Бағдарламада төрт бағыт айқын көрсетілген. Біріншісі, ауыл-аймақты кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Екіншісі, экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлық технологияны енгізу. Үшіншісі, мемлекеттік орган жұмысының сапасын арттыру болса, төртіншісі, IT саласының мамандарын даярлау.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жасау барысында Австрия, Дания, Аустралия, Канада мен Сингапур секілді өркениетті елдердің тәжірибесі ескерілген.
Әрине, цифрлық технологияға көшу кез келген сала үшін ұзаққа созылатын үрдіс. Десе де әлемдегі эпидемиологиялық ахуал бұл үрдісті тездетіп жібергені анық. Карантиндік шектеулерге байланысты цифрландыру жүйесіне көшу жедел қарқынмен жүре бастады. Осы орайда цифрландыру мәселесі еліміздің мәдениет және өнер саласын да айналып өтпегені белгілі. Осынау карантин кезінде мәдениет министрлігі 120 миллионнан астам қаралым жинаған онлайн жобаларды іске асырған екен.
2019 жылы Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләш Ақтаева елімізде өңірлік музейлер мен архивтерді цифрландыру жұмыстарының басталғанын, 2025 жылға қарай Қазақстан музейлерін цифрлық форматқа ауыстыру жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын. «Қазақстан музейі: жаһандану мен ақпараттандыру дәуіріндегі идеялар» сессиясында Күләш Ақтаева алдымен электронды деректер қорын құру мәселесіне назар аудару қажеттігін, бұл үшін автоматтандырылған есеп жүйесін енгізу керектігін, автоматтандырылған есеп жүйесі болса және цифрлық образдарды ірі және ұсақ экспонаттарға айналдыратын техника болса, цифрландыру дәуірі өз нәтижесін көрсетті деп толық айтуға болатынын жеткізген.
Содан бері де екі-үш жыл өткенімен, цифрланып жатқан ешқандай өңірлік музейді көре алмай отырғанымызды ашып айтқымыз келеді. Цифрландыру жұмыстарының алғашқы нәтижесін көретін 2025 жылдың да ауылы алыс емес. Ал музей қорындағы қандай да бір жәдігердің цифрлық форматқа ауысқанын құлағымыз шалмады. Мысалы, Шығыс Қазақстан Өнер музейінің қорында 10 мыңнан астам жәдігер бар. 2018 жылы қолға алынған «Арт-Заман» жобасы аясында музей қоры қазақстандық бірқатар суретшінің картиналарымен толықты. Олардың қатарында Ә.Қастеев, М.Аманжолов, Б.Табиев, М.Жүнісов секілді есімі елімізге ғана емес, шетелдерге де кеңінен танымал суретшілердің туындылары бар. Ендеше осы картиналарды неге шалғайда орналасқан қарапайым ауыл тұрғындары тамашалай алмайды? Неге сол жәдігерлерді ауыл мектебінің қарапайым ғана бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі өз сабағында пайдаланбайды? Неге сол жәдігермен музейге баруға мүмкіндігі жоқ ауыл мектебінің оқушысы таныса алмайды? Халықтың игілігіне айналмаса, қорда бәленбай мың картина болғанынан не пайда? Сондықтан да әр жәдігерді цифрлық форматқа ауыстыру, оны облыстың шалғай ауылындағы көрерменге қолжетімді ету кезек күттірмейтін мәселе екені сөзсіз. Олай болмағанда, цифрландыру дегеніңіз қағаз жүзінде ғана қалып қоятыны анық. Ол үшін не істеуіміз керек? Әрине, музей саласына IT-мамандарды көптеп тарту қажет. Бірақ IT-маманы аз ғана жалақы үшін музейге бара ма? Міне, мәселе осында.
Бұл мәселе театр саласы үшін де өте өзекті. Шығыс Қазақстан облыстық театрының жаңа қойылымдарын шалғайдағы ауыл тұрғыны да тамашалағысы келетіні рас. Бірақ облыстық деген мәртебесі бар театрдың қойылымы облыс тұрғынына қолжетімді емес. Шыны керек, бізде облыстық деген дардай атағы бар мекемелер тек облыс орталығының ғана тұрғындарына қызмет көрсетумен шектеледі. Өткен жылдың маусым айында осы облыстық драма театрдың көркемдік жетекшісі, «Мәдениет саласының үздігі» Сахан Әкелеев ағамыз дүниеден өтті. Көзі тірі кезінде Сахан Долдиұлы «Шырмауық», «Шолақ қол келіншек», «Жандауа», «Кенесары-Күнімжан» секілді біраз туындыны сахналады. Ал сол ғажап режиссер сахналаған туындылардың цифрлық нұсқасы қайда? Мынау цифрлы дәуірде Сахан секілді талантты ағамыздың мұрасын неге сақтай алмадық? Бұл да бір мәдениет саласындағы әттеген-айдың бірі демеске амал жоқ.
Осыдан 4-5 жыл бұрын А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана басшылығы республикада бірінші болып автоматты жүйені енгізген болатын. Бір ғажабы, енді бұрынғыдай оқырман қауым кітап алу, кітап өткізу үшін кезекке тұрмайтын болды. Терминал кітапты өзі береді, өзі қабылдап алады. Осының арқасында талай кітапханашының жұмысы жеңілдеп, талай оқырманның уақыты үнемделгені анық. Аталмыш кітапхана республикада алғашқылардың бірі болып жаңа технологияларға көңіл бөле бастады. Мектеп оқушылары үшін 3Д принтер жұмыс істеді. 2018 жылы республикалық «Рухани қазына» байқауында еліміздегі маңызы бар үздік мемлекеттік кітапхана деп танылып, арнайы дипломмен де марапатталған болатын.
Десе де өңірдегі мәдениет саласын цифрландыру деңгейін мұнымен өлшеуге болмайды. Әлі де алатын асулар, бағындыратын биіктер көп.
Өкінішке қарай, өңірдің музей, кітапхана, театр басшылары цифрландыру саласында әлі батыл қадамдарға бара алмай отырғанын мойындауымыз керек. Тіпті ғаламтордағы веб-сайттарын уақытымен жаңартпайтын да мәдени ошақтар бар екені шындық.
Рас, мәдениет ордаларында түрлі шаралар өткізіліп жатады. Бірақ шара өткізумен ғана шектелуге болмайды. Облыстық мәртебесі болғаннан соң сол шара қарапайым ауыл тұрғынына қолжетімді болуы тиіс.
Мейрам Екпін