Қоғам

Жаңа маусымды «Қазақтар» ашады

Өнерсүйер қауымның театрдың әр маусымын асыға күтіп жүретіні белгілі.  Осы орайда Шығыс Қазақстан облыстық   қазақ  драма театры өзінің 23-ші  маусымын қыркүйектің 17-сінде «Қазақтар» тарихи драмасымен ашатынын оқырмандарымызға сүйіншілей хабарлағымыз келеді.

Иә, театрдың жаңа маусымы «Қазақтар» тарихи драмасымен ашылады.  Бұл қойылым көзі қарақты көрермендерге жақсы таныс.   Тұсауы Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының сахнасында Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында  кесілген болатын. Тарихи драмалық қойылымның авторлары  –   жерлес жазушы, мемлекеттік сыйлықтың және халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Қалихан Ысқақ пен  драматург Шахимардан Құсайынов.   Ал қоюшы режиссері  –  Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, актер, режиссер  Тұңғышбай Жаманқұлов.

Жалпы, «Қазақтар» кең тынысты драма. Қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуы мен  тарихтағы хандық дәуірдің алар орнын терең ашып көрсететін бұл қойылымды режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов  жазушы-драматург Қалихан Ысқаққа  тапсырыспен жазғызыпты.  Бұл пьеса Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Алматыдағы М.Әуезов театрында сахналаған да екен. Кейін бұл шығарма Қостанай облыстық драма театрының сахнасында да қойылды. Ал өткен жылы бұл шығарманың тұсауы Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының сахнасында кесілді.

–  Бұл қойылымның өзінің тарихын білуге, тамырын тануға ұмтылған жастарға үлкен тағылым беретіні сөзсіз.     Қойылымның көтерер жүгі салмақты, тақырыбы ауқымды, әрі бүгінгі ұрпаққа аса қажет, –  дейді театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шолпан Лақаева.  Ендеше Шығыс Қазақстан облыстық қазақ театрының жаңа маусымын ашқалы отырған шығарманы сіз де көруге асығыңыз, құрметті оқырман!

Қойылым алдында жаңа маусымның ашылуына орай, көріністер көрсетіледі!

Осы айдарда

Back to top button