Ауыл шаруашылығыТОП

Жаңа құрылғының арқасында түсім артты

Азамат Темірбеков

Сұйық тыңайтқыш себетін заманауи агрегатты  қолдана бастаған шығысқазақстандық диқандар кейінгі жылдары дақыл түсімін еселеп арттырды.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының тиімділігі мен пайдасы көп жағдайда қолданылатын технологияларға байланысты екені белгілі. Бұл жерде, дақылдың дұрыс қоректендірілуі өте маңызды. Яғни, тыңайтқышты қажетті тереңдікке және белгілі мөлшерде себудің маңызы зор.

Осындай тиімділігі мол тыңайтқыш себетін құрылғылардың бірі – «Ликвилайзер». Бұл агрегат бір дегенде 12 метрлік жүйемен топыраққа сұйық тыңайтқыш енгізуге арналған. Мұндай жолмен енгізілген тыңайтқыш дақылдың тамыр жүйесін жақсартып, жабындалған және себілген дәнге зиян келтірмейді. Сол себепті аталмыш агрегат – егіс түсімін жақсартуда таптырмайтын құрал.

Жыл сайын 1500 тоннадан астам минералды тыңайтқыштарды пайдалануды дәстүрге айналдырған «Виситаев Р.Д» шаруа қожалығы былтыр осындай агрегат сатып алған. Мұнда барлық тыңайтқыштар топырақ қабатына агрохимиялық зерттеулер жүргізілген соң ғана енгізіледі. Сол себепті егіс алқаптарына жүргізілген агрохимиялық зерттеулер негізінде ұсыныстар әзірленген.

Шаруашылық өкілдерінің айтуынша, құрғақ гранулалы тыңайтқыштар суда жақсы ерігенімен, қуаңшылық кезінде тиімсіз көрінеді. Осыған орай, өңірімізге ауыл шаруашылығы техникаларын жеткізетін ұйымдармен ақылдаса келген олар осындай агрегат сатып алуды ұйғарған. Нәтижесінде биыл жыл басынан бері 600 тоннадан астам мөлшерде сұйық тыңайтқыштар жеткізілді. Осылайша егіс алқаптарында екінші маусым құрғақ тыңайтқыштармен қатар аталған құрылғыны сәтті пайдаланып келеді.

Өсімдіктердің тамырын сенімді әрі зиянсыз тыңайтуға арналған агрегаттың оң нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырған шаруашылық соңғы уақытта шығын азайып, түсім молайғанын байқады. Атап айтсақ, «Ликвилайзер» құрылғысының арқасында шаруашылықтағы дақыл түсімі 30 пайызға артқан.

Осы айдарда

Back to top button