Жаңа Қазақстанда жастарға мүмкіндік беру керек – Сағындық Қасымханов
Өскемен қаласындағы №7 мектепте орналасқан №96, 100 сайлау учаскелерінде қала тұрғындары өз таңдауын жасап, дауыс беріп жатыр. Таңнан бері сайлауға келген жұрттың арасында жас та, кәрі де бар.
Аталған сайлау учаскесі өкілдерінің айтуынша 80 жастан асқан үш қария өздері келіп дауыс беріп, таңдауын жасап кеткен. Дауыс берушілер арасында орта буын өкілдері аса белсенді көрінеді. Бұл мектепте орналасқан №100 сайлау учаскесі бойынша 2037 адам дауыс беру керек болса, соның 230 адамы таңғы сағат 7.00-ден бері дауыс беріп үлгерген. Ал №96 сайлау учаскесінің сайлаушылары да саяси додадан қалыс қалмаған.
– Біздің №96 сайлау усаскесі бойынша 1734 адам дауыс беру керек болған. Қазіргі уақытта соның 201-і өз таңдауын жасады. Олардың арасында 80 жастан асқан үш қария бар. Жалпы осы ауданда 80 жастан асқан 30-дан аса адам бар екен. Олардың көбі келе алмайтын болғандықтан үйден дауыс береді. Жалпы сайлаушылар белсенділік танытып, саяси науқан жақсы жүріп жатыр деуге болады, – дейді №96-шы сайлау учаскесіне жауапты Ботакөз Биткенбаева.
Иә, сайлауға келушілердің арасында орта буын өкілдері көбірек көзге шалынады. Алайда аяңдай басып келіп жатқан ақсақалдар да жоқ емес. Біз дауыс берушілердің де пікірін білген едік.
– Сайлау өтеді де кетеді. Біз де таңдауымызды жасадық. Алайда атойлап саяси додаға түскендер жеңіске жеткеннен кейін уәдесін орындап, халықтың үніне құлақ асса екен. Мен өз басым мынау айтылып жүрген Жаңа Қазақстан құрылса, жастарға мүмкіндік берілсе екен деп ойлаймын. Жастар жеңіске жетіп, елімізге өзгеріс әкелсе екен, – дейді қала тұрғыны Сағындық Қасымханов.
Қызырбек Дүргінбайұлы