Ынтымақ ТОЛҚЫН
Өскеменде «Алтай аймағындағы рухани ағартушылық мәселелері: тарих және қазіргі кезең» атты аймақтық конференция өтті. Облыстың дін мәселелерін зерттеу орталығы ұйымдастырған шарада өңірдегі діни ахуал, атқарылып жатқан жұмыс барысы баяндалды.
Еліміздің тәуелсіздік алған жылдары қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі – ұлтаралық келісім мен тұрақтылық болды. Ел мен жердің дамуының басты тірегі де осы – татулық мен бейбітшілік. Мемлекет басшысы да халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды екенін алға тартып, әкімдіктер мен құзырлы органдарға дін саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырған. Осы мақсатта ұйымдастырылған конференцияға дін саласының мамандары, теологтар мен тарих пәнінің мұғалімдері және студенттер қатысты. Аймақтық жиынның басты мақсаты – рухани әріптестікті арттырып, конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайту мен жастар арасында ұлттық және рухани құндылықтарды насихаттау. Жиында Алтай өңірінен шыққан рухани ағартушылардың өмірі мен еңбектері туралы айтылып, жастар еліктейтін құндылықтар да сөз болды.
– Жалпы, қай кезеңде болмасын руханият тақырыбы өте өзекті. Өйткені ұлттың ұлт болып қалыптасуы, елдіктің нығаюы руханиятқа тікелей байланысты. Өздеріңіз білетіндей 13 наурызда Ақордада өткен кеңесте Президент діни мәселелерді жақсартуды тапсырған. Соған байланысты біздің өңірде де ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр, – дейді облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Ернат Қыдырмоллаұлы.
Өңірдегі діни ахуалды тұрақты ұстау мен нығайту мақсатында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар қолға алынса, оның негізгі бағыттары ақпараттық түсіндіру, интернет кеңістігінде радикалды және деструктивті діни контенттің таралуына қарсы іс-қимыл мен осындай ұйымдардан зардап шеккендерге теологиялық, психологиялық көмек көрсету. Осы мақсатта былтыр құрамында 197 адам бар 12 ақпараттық түсіндіру тобы құрылған. Нәтижесінде 200 мың тұрғынды қамтыған әртүрлі форматтағы үш мыңнан астам шара өткізілген.
Аймақтық конференцияда «Жаңа Қазақстандағы діни ахуал қандай?» деген сауал да көтерілді. Бұл сұраққа Дін істері комитеті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үйлестіру басқармасының басшысы Ердәулет Кенжеханов жауап берді.
– Біз дін саласындағы уәкілетті орган болғандықтан елдегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жергілікті басқарушы органдармен бірлесіп жүйелі жұмыс істейміз. Жалпы, елімізде 3894 діни бірлестік ресми тіркелген. Конфессияаралық және этносаралық татулықты сақтау – біздің міндет. Жалпы, технологияның дамуы дін саласындағы өзіндік қауіп-қатерді қалыптастырып отыр. Осыған орай министрлік кешенді талдау жүргізуді жандандыра түсті, – деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, министрліктің талдамалы интернет карта ақпараттық жүйесі бар. Бұл жүйе интернет желісіндегі радикалды идеологияларды тарату көздерінің ауқымы мен олардың пайдаланушыға ықпалын зерделеуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік желілердегі қауіпті контенттерді анықтау жұмыстарын жүйелендіру арқылы 51 мыңнан астам заңға қайшы материалдар бұғатталған. Сонымен қатар интернет желісін сапалы әрі пайдалы материалдармен толықтыру қолға алынған. Бүгінгі нәтиже 2021 жылмен салыстырғанда 63%-ға жоғары. Биыл тағы үш әлеуметтік зерттеу жүргізу көзделген. Зерттеу нәтижелеріне жүгінсек, қазір өңірдегі діни ахуал тұрақты.
Министрліктің мәліметінше, кейінгі бес жылда елімізде дін саласында екі мыңнан астам маман даярланған. Мамандардың біліктілігін арттыру курстары да тұрақты жүргізіліп келеді. Ал мамандарды тұрақтандыру мақсатында сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі де күн тәртібіне қойылған.