ИнфрақұрылымТОП

Жаңа инвестор жаңғырту жобасын қолға алады

Риддер жылу электр орталығын энергетика саласында мол тәжірибесі бар инвестор сатып алды, команданы ЖЭО жұмысымен жақсы таныс білікті маман Құралбек Әбдірахманов басқарады.

Компания Қарағанды мен Астанада жұмыс істейді. Бүгінде мәміле сомасы – коммерциялық құпия. Әзірге жаңа инвестордың жұмысқа кірісіп кеткені және қазір Риддер ЖЭО-да жүргені белгілі.

Облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаевтың айтуынша, меншік иесі компанияларды электр энергиясын өндіретін турбиналарды жөндеуге шақырған. Көмір беру трактісін жөндеу жалғасуда, жабыстыру жұмыстары аяқталып, іске қосу-реттеу процесі басталды. Станцияға көмірді әдеттегі тәсілмен беру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Ержан Нұрбаев атап өткендей, инвестор Риддерде кокс, яғни қортқы көмір өндіретін зауыт салуды жоспарлауда. Бұл өнім елімізде ғана емес, бүкіл әлемде үлкен сұранысқа ие. Оны өндіру кезінде қазандық агрегаттарын жағу үшін қолданылатын газ бөлінеді. Сондай-ақ қортқы көмір өндірісінде су жоғары температурада 95 градусқа дейін қыздырылады, оны жылу желісінде қолдануға болады. Жаңа меншік иелері «Казцинк» кәсіпорнымен де іскерлік әріптестік орнатуға ниетті, олар металлургиялық зауыт үшін кокс өндіруге әзір, ал артығы Қытайға экспортталатын болады. Қортқы көмір шығаратын зауыт құрылысының тағы бір артықшылығы – экологиялық тазалық, күл үйіндісіне қажеттілік жоқ, өйткені қортқы көмір өндірісінде күл шықпайды деуге болады.

Айта кетейік, инвесторлық компания барлық қажетті төлемдерді жүргізіп, керек жабдықтарды сатып алып, атқарылған жұмыстардың ақысын төлей бастады. Алдағы жылыту маусымын штаттық режимде өткізу көзделуде. Ал жазда орталыққа толыққанды жаңғырту жүргізіліп, зауыт құрылысы басталады.

– Жаңа меншік иесінің алдағы жоспары айқын әрі мұндай жұмыстарды жүргізуде тәжірибесі де мол, – дейді Ержан Нұрбаев.

Сондай-ақ инвестор жаңартылған коммуналдық кәсіпорынның болашақ мамандары үшін, жұмысшы тапшылығы туындамас үшін тұрғын үй сатып алуға дайын. Естеріңізге салсақ, алдыңғы иелері жұмыс күшінен айырылып қалған, 2022 жылдың қараша айындағы апаттық жағдай кезінде қажетті 270 еңбеккердің орнына ЖЭО-да небары 100 шақты адам жұмыс істеді.

Жақын арада инвестор журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізеді және өздерінің жұмыс жоспарларын, жылу орталығын жаңғырту жобасын түсіндіру үшін халықпен кездеседі.

Didar ақпарат

Осы айдарда

Back to top button