Қоғам

Жаңа әлеуметтік кодекстің жобасын таныстырды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов іссапармен Риддер қаласына келді. Түрлі кездесулер барысында ол Президент Жолдауында айтылған тапсырмалардың іске асу барысы және жаңа әлеуметтік кодекстің жобасы туралы айтты.

Атап айтсақ, вице-министр қалалық мәслихат депутаттарымен, мемлекеттік органдар басшыларымен, ардагерлер және жастар ұйымдары жетекшілерімен, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен, көпбалалы аналармен, мүмкіндігі шектеулі жандармен, әлеуметтік қызметкерлермен, еңбек ұжымдарымен кездесті.

Кеншілер шаһарында Ақмәди Сарбасов «Қазцинк» ЖШС-нің «Қазцинкмаш» өндірістік кешенінде болып, кәсіпорын жұмысымен танысты, еңбек ұжымымен кездесті. Бұдан кейін қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде көпбалалы аналармен, мүгедек адамдармен, әлеуметтік қызметкерлермен тілдесті.

Жүздесулер барысында ол әлеуметтік кодексте бекітілетін азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларын күшейту туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

– Әлеуметтік кодекс әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде мемлекет тарапынан көмекті қамтамасыз ете отырып, азаматтарды өмір бойы сүйемелдейтін болады. Бұл ретте азаматтардың жекелеген осал санаттарын қолдаудан отбасын нығайту мен дамыту үшін базалық жағдайлар жасауға көшу жүзеге асатын болады, – деді ол.

Сонымен қатар вице-министр Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында әлеуметтік кодекс жобасында отбасының цифрлық картасы арқылы проактивті форматта әлеуметтік мемлекеттік кепілдіктер беру арқылы отбасылардың әлеуметтік тәуекелдер жүйесін қалыптастыру көзделгенін хабарлады.

– Сондай-ақ жұмыс күшінің кәсіби дағдыларын күшейтуді, икемді жұмыспен қамтудың барлық түрлерін заңнамалық бекіту мен реттеуді, технологиялар мен білім трансферті үшін білікті кадрларды тартуды, ішкі көші-қонды реттеуді, жұмыспен қамту орталықтарын мансаптық орталықтарға айналдыруды және қызметтерді ауқымды цифрландыруды көздейтін жұмыспен қамту саласында жаңа саясат құрылады, – деді Ақмәди Сарбасов.

Ол Президент тапсырмаларын орындау үшін әлеуметтік кодекс жобасында балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейтуге ерекше назар аударылғанын айтты.

– Атап айтқанда, бала күтімі бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді төлеу мерзімі бір жарым жылға дейін ұзартылады, сондай-ақ марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері де ұлғаяды, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, әлеуметтік кодекс жобасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейту, ауқымды цифрландыру және адами факторды төмендету есебінен халыққа әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту көзделген.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button