Жаңа демалыс аймағы салынады
Ержан Әбіш
Өңірде ауқымды жоба қолға алынып отыр. Келер көктемде Жаңа Бұқтырма кентінің маңындағы су қоймасы жағалауына үлкен демалыс аймағы салына бастайды. Бұл жөнінде осы кентке іссапармен барған облыс әкімі Даниал Ахметов мәлім етті.
Алғашқы кезекте стадионнан жағалауға дейін орталық аллея салу көзделген. Мұнда серуендеу аумақтары, велосипед және жүгіру жолдары және басқа да нысандар салынады. Кентте ірі сауда орталығы ашылып, бірқатар қоғамдық тамақтану орны жаңартылады. Тұрғындар мен туристер үшін ойын-сауық орталықтары ұйымдастырылады. Сонымен қатар үлкен жағажай ашылады.
– Жаңа Бұқтырманың жағрафиялық жағдайы ыңғайлы, Алтай мен Өскемен қалаларының арасында орналасқан. Логистика жағынан еш мәселе болмайды, мұнымен қоса Осинов асуын айналып өтетін жол құрылысы келер жылы аяқталады. Күз бен қыста жаңа демалыс аумағының жобалық құжаттары келісуден өтуі керек, мамыр айында іске кірісеміз, – деді Даниал Ахметов.
Өңір басшылығы кент тұрғындарының әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру жөніндегі қызықты ұсыныстарын тыңдауға дайын.
Атап өтерлігі, кенттегі аурухананы күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінетін болды.