Облыс әкімі: бағыт-бағдарТОП

Жаңа Бұқтырма жазғы туризмнің «Меккесіне» айналмақ

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Алтай ауданына жұмыс сапарымен барып, есеп беру кездесуін өткізді. Жергілікті жұрт облыс әкіміне толғандырған сұрақтарын қойды.

Алқалы жиын Шығыстағы туризмнің туын тіктеп отырған Жаңа Бұқтырма кентінде өтті. Бұл жөнінде өңір басшысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды: «Бүгін Жаңа Бұқтырма кентінде есеп беру кездесуін өткіздім. Кездесу жоғары деңгейде өтті, тұрғындар маңызды сұрақтарын қойып, пікір алмастық. Аудан халқы үшін маңызды мәселенің бірі Серебрянка бейорганикалық өнімдер шығару зауытының тағдыры. Бұл кәсіпорын көп ұзамай іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазір заңды рәсімдер аяқталуға жақын, бірінші кезеңде 50, содан кейін 100 және одан да көп жұмыс орнын құруға мүмкіндік туады. Қала тұрғындары бұл оқиғаны біраз уақыт күтті. Мәселе оң шешімін табады».

Сонымен қатар облыс әкімі кездесуде жазғы туризмді жаңа сипатта дамытуға бекініп отырған Жаңа Бұқтырма кентіне қатысты болашақ жоба-жоспарлар туралы айтты. Оның сөзіне қарағанда, мұнда жағалау мен кентті абаттандыру, туристерге тартымды да жайлы жағдай жасау үшін ауқымды жоба қолға алынады. Мұндай ауқымды абаттандыру жұмыстары кентке жаңа келбет беріп, дамуына тың серпін қоспақ. Ал ол жұмыстарды басқа емес, жергілікті тұрғындар атқармақ. Сөйтіп, жұмыспен қамту мәселесі де бір жағынан шешіле бермек. Абаттандыру жүргізілетін аумақта орналасқан учаскелерді ретке келтіру үшін олардың меншік иелеріне бағалау жұмысын жүргізетін тәуелсіз комиссияны тарта отырып ол телімдерді нарықтық бағамен сатып алу немесе айырбастау керек.

Биыл Жаңа Бұқтырмада құрылыс жұмысы да қызатын түрі бар. Жер кепкен соң мемлекеттік тілде оқытатын 300 орындық мектеп құрылысы басталады, бұған қоса аурухана ғимаратын қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленген.

Есептік кездесу барысында аймақ басшысы Жаңа Бұқтырмаға қоныс аударғысы келетін медицина қызметкерлеріне мемлекеттен көтерме ақы мен баспана берілетінін де тілге тиек етті. Құрылысы жыр болған Осинов асуына да тоқталды.

«Осинов асуын айналып өтетін жолға келетін болсақ, 11 сәуірде бірінші учаскеге арналған конкурстық рәсімдер аяқталып, құрылыс басталады. Қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде жоба түзетіліп, мамыр айында жолдың екінші учаскесіне конкурс жарияланады. Аймақ үшін бұл маңызды жолды біз міндетті түрде аяқтайтын боламыз», – деп нақтылады облыс әкімі.

Жиынға қатысушылар тарапынан ескірген жылу желілерін жөндесе деген тілек айтылды. Аймақ басшысы бұл мәселені бейінді ведомствоға жүктей отырып жағдайды егжей-тегжейлі зерделеп, алдағы жылыту маусымына кент сақадай сай болу үшін не істеу керектігін анықтауды тапсырды.

Сара Жомарт

 

Осы айдарда

Back to top button