Аймақтар аухалы

Жаңа ауданның жағдайы қалай?

Ерлан БАПАНОВ, Тарбағатай

Тарбағатай жеке аудан  болып қайта құрылғалы бұл өңірдің даму динамикасы жаңа бір деңгейге көтерілгендей. Барлық салада тың серпінмен ілгерілеу байқалады. Арайлы Ақжар ауылы аудан орталығы болғалы бері көптеген кадрлар мемлекеттік қызметтегі басшылыққа да, жас мамандар қатарын толықтырып та келіп жатыр. Жұрт арасында аудан орталығында баспана бағасы біршама қымбаттай түсті деген де пікірлер бар. Бұл заңды да. Сұраныс бар жерде баға да өсе түспек.

Осы тұста кейінгі жылдары аудан орталығының ажарын аша түскен “Бір қабатты Шығыс”  бағдарламасы бойынша салынған  тұрғын үйлер екендігін атай кеткен жөн. Әсіресе әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасылар,  мүмкіндігі шектеулі жандардың бірсыпырасы үйлі болып, қуанып қалғаны рас.

Жуырда аудан әкімдігінде баспана кезегінде тұрған азаматтарға  үйлерді үлестіріп беру бойынша комиссия отырысы  өткен. Комиссия мүшелерінің айтуынша, бағдарлама  арқылы биыл Ақжар ауылында салынған сегіз баспана ауданға қызмет бабымен  келген  мемлекеттік қызметшілер мен  мамандарға берілетін болды. Ал алты баспана көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына беріледі.  Яғни  үш отбасы көпбалалы болса, үш отбасы аз қамтылғандар санатында. Тұрғын үйі апаттық жағдайда деп танылған, көпбалалы және  аз қамтылған санатындағы 24 азамат жаңа баспанаға  өтініш берген.  Алайда  өтініш берген көпбалалы отбасылардың басым көпшілігі  үлкен қалалардағы тұрғын үй кезегіне қайта өтініш беріп,  алғашқы баспана кезегінен бас тартқан.   Ал баспанасы апаттық жағдайдағы өтініш  берген бірнеше отбасы  ескі үйдің орнына жаңа  баспана құрылысын бастап немесе күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп,  үйлерін қалпына қайта келтіруге шешім қабылдаған.

  • Мен үшінші жыл қатарынан тұрғын үй комиссиясындамын. Комиссия құрамында екі көпбалалы ана да бар. Кейінгі екі жылда кезекке тұрғандарға 48 үй берілген, оған биылғы 14 үйді қосса 62 үй болады екен. Осының нәтижесінде жаңа бір «Толағай» мөлтек ауданы пайда болды. Бұл да елдің еңсесін көтеретін, сенімді нығайтатын ілкімді шаруалар, – дейді Ақжар ауылының тұрғыны, ұстаз Өмірхан Қанағатов.

Тарбағатай ауданы әкімдігінің дерегінше, 2022 жылы жаңадан бір дәрігер, үш фельдшер, екі медбике және екі акушер мамандары жұмысқа орналасқан (2021 жылы – екі дәрігер, екі фельдшер, бес медбике).

Жалпы, дәрігерлерді, басқа да мемлекеттік қызмет, білім, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы секілді салада жұмысқа тұрған жас кадрларды баспанамен қамту қажеттілігі бар. Бұл тұрғыда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының мүмкіншілігі жан-жақты қарастырылатын болады.

Ауданның рухани-ағартушылық, қоғамдық идеологиясын жандандыра түсемін деген мақсатпен келген азаматтардың бірі – Ермек Құрманғалитегі. Ақжар өңірін гүлдендіруге алыста жүріп алақайлау аздық етеді, осындай сындарлы сәтте туған өлкеге келуді азаматтық парызы санап, Өскемендегі жайлы жұмысынан ауысып ауылға келген. Бүгінде аудандық ішкі саясат бөліміне жетекшілік етіп, қызметіне бел шеше кіріскен.

  • Шынын айтқанда, қайнап жатқан сайлау науқанына топ ете түсіп, жан-жағыма қарайлауға да мұрша болмай қалды.  Мені жаңа қызметіммен құттықтап, әлеуметтік желіде жарыса жар салған барлық алыс-жақын достарыма, құшақ жая қарсы алған жерлестеріме ризашылығым шексіз. Ендігі міндет – сол сенім биігінен көрініп халыққа адал қызмет ету. Еңбектеген баладан еңкейген қариямызға дейін мемлекетіміздің саясатын, ұлттық идеологиямызды  дұрыс жеткізу, соны жүзеге асырудың тетіктерін ойластыру.  Ауданымыздың аты бұрыннан бар болғанымен заты жаңадан құрылып жатқаны белгілі. Сондықтан кадр тапшылығы, өз ісін жетік білетін кәсіби білікті мамандардың жетіспеушілігі айқын сезіледі екен. Өзім басшылық ететін  бөлімге де мамандар  іздеп шарқ ұрып жүрген жайым бар. Әсіресе бухгалтерлер, іс жүргізуші, СММ мамандары, жастар орталығының мамандары тапшы. Сондықтан  дипломын сандықтың түбіне сақтап қойып ауылда  жұмыссыз жүрген, бойында жалыны,  көзінде оты бар жастарды іздеп табуға тырысудамыз. Басқаны білмедім,  дәл біздің Тарбағатай ауданындағы мемлекеттік қызметшілердің  жұмысы қауырт. Барлығы да мемлекеттің жүктеген маңызды тапсырмаларын,  өздеріне берілген  міндеттерді уақтылы орындаумен айналысуда.  Тіпті  бір-біріне қарауға да мұршасы жоқ.  Жұмыстар әр салада қызу жүріп жатыр, бұл әрине, қуантады. Тағы бір айта кетерлік мәселе, қалада жылы үйге, жайлы жұмысқа үйреніп қалған мамандарды қызметтік баспана берілмесе  ауылға жұмысқа шақыру, ынталандыру қиын. Қазір ауылға қайта келген мен сияқты мамандардың арасында әке-шешесінің үйі дайын тұрған ешкім жоқ. Сондықтан пәтер жалдап  үйден-үйге көшіп жүрген мамандардан нәтижелі жұмыс күту аңғалдық болар. Облыс әкімінің бастамасымен бірнеше жыл жалғасып үй салуға негіз болған «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасының маңызы зор деп санаймын. Әлбетте, бірінші кезекте әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылар, екіншіден жас кадрларға баспаналарды көптеп салған дұрыс. Жаңа ауданға жаңа үйлер қашанда қажет-ақ, – дейді Ермек Құрманғалитегі.

Расымен, түбегейлі тозбаса да, біршама жылдар тұралап қалған ауданның инфрақұрылымы аз уақыттың ішінде жақсарып келеді. Ауылдардың арасына асфальт төселіп, шалғай елді мекендердің көшелері самаладай жарқырап, әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жүргізіліп, игілікті істер арта түскен. Ауданға әр салада кадрлар легі көш түзейтінін ескерсек, тұрғын үй құрылысы да алдағы уақытта жаңа бір қарқынмен жүргізіле бастайтындығы даусыз.

 

 

Осы айдарда

Back to top button