Білім

Жан-жақты қолдау көрсетілді

 2019 жыл Елбасының тапсырмасына сай Жастар жылы болып жарияланған-ды. Осыған орай облыстағы жастар саясаты саласындағы жұмыстар биыл ерекше қарқын алды. Басымдық әлеуметтік лифтілер құруға, жұмыспен қамтуға, білім беруге, денсаулық сақтауға берілді.

Өңірде жоғары білімнің қолжетімділігі мен әлеуетін арттыру мақсатында «Білікті маман» жобасы жүзеге асып жатыр. Осы жылы аталған жоба бойынша облыс әкімі грантына 400 талапкер ие болды. Бүгінде жеті университетте жергілікті бюджет есебінен 1046 студент білім алуда. Облыстың тағы 120 студенті көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға бөлінген грантты иеленді.

– Биыл мектеп түлектерінің 64% оқу гранттарына ие болды. Сондай-ақ олардың шетелге кетуі айтарлықтай төмендеді. Осы жылы 585 түлек шетел университеттеріне оқуға кетті, бұл көрсеткіш 2016 жылы – 1800, 2017 жылы – 890, былтыр – 636 болған, – дейді ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит.

Колледждерді жаңғыртуды көздейтін «Жас маман» жобасы бойынша да ауқымды жұмыс жүрді. Облыстан жобаға 10 колледж қатысып отыр.

«Кәсіп және мен» жобасы аясында облыстың 14 колледжіне 32 жаңа кабинет сатып алынды. Семей электротехникалық колледжі мен Өскемен жоғары политехникалық колледжінде ІТ-орталықтар құрылды, оларға 2020-2021 жылдары 3 миллиард теңге қарастырылған. Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінде «Kazminerals» компаниясымен бірлесе, құзыреттілік орталығы ашылды, кәсіпорын жабдықтарды алуға 300 миллион теңге бөлді.

Колледждерді жаңарту нәтижесінде Татарстанда өткен «Worldskills Kazan 2019» Әлем чемпионатында Семей электротехникалық колледжінің студенттері А.Бетцольд пен И.Райысов «Өз елінің үздік өкілдері» медалін, А.Әскерханов 3-орынды иеленді.

– Өңірлік «Менің мектебім» жобасы биыл шағын мектептерге бағытталды. 371 шағынжинақты мектепте IT-сыныптар орнатылды. Бұл мектептердің 573 мұғалімі курстардан өтті. Оқушылардың жалпы сомасы 10 миллион теңгені құрайтын 10 стартап-жобасы іске асырылды. Ал келер жылы жалпы сомасы 13 миллион теңге грантқа ие болған оқушылардың тағы 15 IT-жобасы іске асырылмақ, – деді басқарма жетекшісі.

Жастар жылында Тұңғыш Президенттің Бес әлеуметтік бастамасына орай Семей мен Өскеменде 800 орындық үш студенттер жатақханасы ашылды. Колледждерге арналған 1200 орындық төрт жатақхананың жобасы аяқталды, тағы үш жоба бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестік мәселесі пысықталуда.

Биыл жастарды жұмыспен қамтитын «Еңбек», «Жастар іс-тәжірибесі», «Бизнестің жол картасы», «Дипломмен – ауылға» бағдарламалары қарқынды жалғасты. Мәселен, нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша қолдау шараларымен 10 мыңнан астам жас қамтылды.

Сараптап айтсақ, тұрақты жұмысқа алты мың адам орналасты. Жастар іс-тәжірибесіне 1400, әлеуметтік жұмыс орындарына 283, қоғамдық жұмыстарға 1600, қысқа мерзімді курстарға 1600  адам жіберілді.

«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 1722 адам оқытылды, бұл оларға «Еңбек» бағдарламасы және «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша грант алуға мүмкіндік берді. Өңірде «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 1074 адам оқуды аяқтады, оның ішінде 833 адам бизнес жобаларын қорғады.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 15 жас кәсіпкерге 34 миллион теңгенің гранты берілді. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 430 жас маман 90 миллион теңге көтермеақы алды. 281 адам үй сатып алу және салу үшін 969 миллион теңге бюджеттік несие алды.

Бұдан бөлек, «Абай әлемі» жобасы аясында Жастар жылында М.Қарт, Б.Игілік, А.Мещеряков, Қ.Дүргінбай сияқты жас ақын-жазушылар шығармалары енген төрт кітап жарық көрді. «100 жаңа есім» республикалық жобасына Шығыс Қазақстаннан 274 адам қатысты, олардың 90 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. 35 жасқа дейінгі 170 адам Президенттік жастар кадр резервіне қатысып, үшеуі байқаудың 4-ші кезеңіне өтті.

Биыл облыста Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранты шеңберінде «JasA!», «Qorgau», «Менторлықты дамыту» республикалық жобалары жүзеге асты.

«JasA!» бойынша Семей мен Өскеменде, Абай ауданында елді мекендерді дамыту бастамаларына бағытталған жастардың 13 жобасы 610 мың теңгеге қаржыландырылады. «Qorgau» жобасы бойынша қала-аудандардың жастар ресурстық орталықтарында 19 заңгер жұмыс істейді. Бүгінде 900-ден астам адам тегін заң кеңесін алды. «Менторлықты дамыту» жобасы бойынша облыстың 20 менторы Нұр-Сұлтанда оқып, облыс жастарына кәсіби-тұлғалық өсу бойынша тәлім берді.

Ауыл жастарына бағытталған өңірлік жобалар да іске асырылды. Мысалы, «Жігерлі жастар – ауылға» жобасы аясында «Рухани жаңғыру – жастар жолы» керуенімен 1100 ауыл жасы қамтылды. Керуен аясында шалғай 15 ауылға сарапшылар, теологтар, психологтар, дәрігерлер барып, жастардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері туралы ақпарат берді, жастардың бір бөлігі дәрігерлер мен психологтар көмегін алды.

«Еңбек жастары» жобасы бойынша 15 ауданның мамандары үшін семинарлар өтті. NEET жастар арасында әлеуметтік зерттеу жүргізіліп, қорытындысы облыстық дөңгелек үстелде талқыланды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button