Жан шуағын сыйлап жүр
Сәбиолда Мәкейді Зайсан ауданының тұрғындары ерекше құрметтейді. Бір кездері екі салада абыроймен еңбек етіп, аудандық кино торабын, сосын «Энергосбыт» мекемесіне жетекшілік еткен Сәбең 1983 жылы қатты науқастанып, қол-аяғы тартылып қалады.
Алайда, рухы күшті азамат бұл қиындыққа мойымай, сырқатпен күреседі, күнде жаттығу жасап, дене мүшелерін қозғалта бастайды. Рухы күшті, ауыртпалыққа сыр бермеген азамат аудандағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамын құрып, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуді борышы санап, 1998 жылы Зайсан ауданы мүгедектерінің ерікті қоғамын құрады. Ал 2001 жылдан бастап Сәбиолда құрған қоғам заңды түрде тіркеліп, қанатын кең жайып, бірнеше бағытта жұмыстар атқара бастайды.
–Қазір тоғыз ауылдық бөлімше және Зайсан қаласы бойынша 1463 мүмкіндігі шектеулі ересек адам, 300 бала біздің қоғамда тіркелген. Мүгедектер құқығын қорғауда, салауатты өмір салтын қалыптастыруда, спорттық, мәдени-көпшілік шараларды өткізуде, оларды бүгінгі ел дамуының талаптарына сай бейімдеуде біздің қоғам бағдарлы жұмыстар жүргізіп отыр. Ең алдымен аудан әкімдігінің басшыларына алғыс айтуға тиіспіз. Мен қазіргі аудан басшысы Темірбек Қасымжановты есптегенде алтыншы әкіммен қызмет істеппін. Айта кету керек, ауданды басқарған азаматтардың барлығы, аудандық мәслихаттың депутаттары бізге жан-жақты көмек көрсетіп отыр. Аудандық кітапхана ғимараты ішінен 96 шаршы метр офисті бізге бөліп берді. Онда арнайы компьютер сыныбы бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар осында жиналып, шахмат, дойбы ойнайды, кітап оқиды. Біз белгілі азаматтармен кездесу өткіземіз, басқа да спорт шараларын өткізіп тұрамыз,–дейді Сәбиолда Мәкей.
2009-2011 жылдар арасында мүгедектер қоғамы облыстық Первомай оқу-өндірістік комбинаты мен «Зубр» әлеуметтік-корпоративтік қоры арқылы «Мүмкіндігі шектеулі ақыл-есі кем балалар мен 18 жастан асқан адамдардың арнайы әлеуметтік қызметпен қамтылмай қалған тобына арнайы әлеуметтік көмек» жобасы бойынша балаларға қолдау көрсетіпті. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғам өмірінен тыс қалмауы, олардың болашаққа деген сенімдерін нығайту мақсатында психологтар, мұғалімдер ізденіспен жұмыс істеп жатқанын айта кеткен орынды болар. 2012 жылдан бастап облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының тапсырысы бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік қызмет көрсетіліп келеді. Жаңа жыл, балаларды қорғау күні, Наурыз, басқа да айтулы мерекелерді балалармен бірге өткізу дәстүрге айналған. Соңғы 16 жылдан бері мүгедек жандар арасында спортакиада тұрақты өткізілуде. Барлық мерекелік іс-шараларда қатысушыларға ақшалай, заттай сыйлықтар тапсырылады. Аталмыш спорт жарыстары бұрындары демеушілердің қаржысына ұйымдастырылса, соңғы төрт жылдан бері аудан әкімдігі қаржы тауып, мүмкіндігі шектеулі жандардың спорт жарысының мәнді өтуіне жағдай жасады.
Сәбиолда Мәкейдің іскерлігі, тыным таппайтын еңбекқорлығына еріксіз сүйсінесіз. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында күміс көмей әншілер, дәулескер күйшілер, басқа да өнер шеберлері аз емес. Бұдан сегіз жыл бұрын қоғам басшысының бастамасымен «Бозторғай» ансамблі құрылып, өз өнерлерімен тыңдармандарын сүйсіндірген тарландар ауданның барлық елді мекендерін аралап, қызықты концерт қойды. Олар республикалық, облыстық байқауларға да қатысып, жүлделі орындарды иеленуде.
Қоғам басшысы аудандық ішкі саясат, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері қызметкерлеріне алғысын айта келіп, соңғы үш жылдан бері әлеуметтік қызмет көрсететін «Нұр-Мәкей» жобасы жайында жылы лебіз білдірді. Аталмыш жоба аясында 18 жастан асқан адамдарға және тірек-қимыл аппараты бұзылған 30 балаға сегіз түрлі қызмет көрсетіліпті. Балаларды ертемен орталыққа жинап әкеліп, түстен кейін тарату ұйымдастырылған. Түскі ас келісімшарт негізінде жеке кәсіпкер Жұмабек Нұршаның қаржысына әзірленеді. «Аружан» жобасы аясында Зайсан ауданына қарасты Қарабұлақ, Қаратал, Айнабұлақ, Дайыр, Біржан ауылдарындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік қызмет көрсетілді. Екі жоба аясында балалар Астананы тамашалап, Алакөл және Зайсандағы Бәйтерек сауықтыру орталығында демалған. Жақында Алакөлдегі «Үржарайым» сауықтыру орталығында бір топ бала демалысқа аттанбақ.
-Жақында тағы бір елеулі әлеуметтік шара ұйымдастырылды. Ауданның тумасы, облыстық жастар орталығының жетекшісі Арай Есімбекова Зайсанда жастар форумын өткізіп, оған қатысушыларды бізге алып келіп, балалармен кездесу өткізді. 100 мың теңгені сыйға тартып, тәтті тортпен балаларға құрмет көрсетті. Ал балалар ағалары мен апайларына алғысын айтты, – дейді Сәбиолда Мәкей ризашылығын жасыра алмай.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға жан шуағын сыйлаған Сәбеңе келешекте те сәттілік пен табыс тілейміз.
Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.