«Жан ананың» жанашырлығы
Мейрамтай ИМАНҒАЛИ
Мынау жарқыраған тіршіліктің бастауы – ана. Ана бақытты болса, отбасы да бақытты. Бұл – шындық. Бірақ барлық ана бақытты ма? Көпбалалы аналардың мұңы жоқ деп кім айтты? Аз қамтылған отбасылар қалай күнін көруде? Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек бәріне бірдей жетіп жатыр ма? Облыс орталығы Өскемендегі «Жан ана» қоғамдық бірлестігінің бұл бағытта атқарып жатқан шаруалары өте көп. Құрылғанына көп уақыт болмаса да, бұл қоғамдық бірлестік біраз іс атқарып үлгеріпті.
БӘРІ ДЕ СОЛ ОҚИҒАДАН БАСТАЛДЫ
2019 жылдың ақпан айы, бес қыздың өлімі есіңізде ме? Астананың шетіндегі бір жер үйде өрт шығып, апалы-сіңлілі бес қыз өртеніп, қайтыс болған еді. Бақыт, Алина, Сабина, Элина мен Альбина атты сүйкімді сәбилердің үлкені 12 жаста болса, кішкентайы тоғыз айлық еді.
Осынау қайғылы оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Неге бес бірдей сәби өртеніп кетті? Баяғы сол қу тіршілік… Балалардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмыс істейді екен. Осылайша, бір-ақ күнде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мәселесі су бетіне қалқып шыға келген.
Міне, «Жан ана» қоғамдық бірлестігінің де құрылуы осы оқиғамен тығыз байланысты.
–Бес қыздың тірідей өртеніп кетуі бізге, аналарға қатты әсер етті. Өңіріміздегі көпбалалы аналар бірігіп, әлеуметтік желілерде ортақ чаттар аша бастады. Онда әрбір ана өзін мазалаған, толғандырған сауалдарды ортаға салды. Осы чат арқылы екі жылдай жұмыс істедік. Бізді белсенді ретінде әкімдікте өтетін жиналыстарға жиі шақыратын. Көп нәрсені білдік. Мемлекеттік бағдарламаларды қалай игеру керек? Көпбалалы аналарға қатысты қандай жеңілдіктер бар? Осының барлығын әлеуметтік желідегі топтар арқылы халыққа түсіндіретінбіз. Сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мәселелерін мемлекеттік органдарға жеткізіп, түйінін шешу жолдарын қарастырдық, Содан кейін бір күні осылай ерікті аналар тобы ретінде жүре бермей ресми түрде тіркеліп алайық деген ой келді. Бастамашы аналармен ақылдасып «Жан ана» қоғамдық бірлестігін құруды жөн көрдік. Құжатымыз былтыр сәуір айында қолымызға тиді, – дейді қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Гүлжамал Бершімбекова.
Ендігі жерде аналар өз қаражаттарына Өскемендегі Қазақстан көшесінен екі бөлмелі пәтерді жалға алып, офисқа келіп жұмыс істейтін болды.
–Ең алдымен аналарға қандай да бір кәсіп үйрету керек деп ойладым. Бұл ойымды қасымдағылар да қызу қолдады. Сөйтіп, үйде бос отырған аналарға тігін тігуді үйрете бастадық. Сосын кейбір аналар шаш қиюдың қыр-сырын меңгерді. Кейіннен олар грант ұтып алды. Логопед, логомассажды да оқытатын адам табылды. Екі бөлмелі офисіміз таңнан кешке дейін босамайтын. Кісі көбейіп кетті. Ендігі жерде үлкендеу офис керек болды. Кейіннен Шәкәрім көшесіндегі осынау ғимарат жұмыспен қамту басқармасының балансында екен. Конкурсқа қатысып, осы ғимаратқа ие болдық. Ішіне аналардың көмегімен өзіміз жөндеу жүргізіп, қазіргі күні толыққанды жұмыс істеп жатырмыз. Сенбі, жексенбі күндері бұл жерде адам көп болады, – дейді Гүлжамал.
АЛАҢҒА АЛТЫ ҚАНАТ АҚ ҮЙ ТІКТІ
Қазіргі таңда мұнда аналар тігіншілікті топ-тобымен оқып жатқан көрінеді. Сонымен қатар бұл жерден шаш қиюды, қас әрлеуді де үйренуге болады. Бір атап айтарлығы, барлығы – ақысыз.
Гүлжамал Бершімбекова қоғамдық бірлестіктің облыс көлемінде өтетін барлық шаралардан қалыс қалмайтынын айтты. Былтырғы Наурыз мейрамында әкімдікке қоңырау шалып жүріп алаңнан орын алып, алты қанат киіз үй құрыпты. Мерекеге келген халыққа 250 литр көже мен 2 мыңға жуық бауырсақ таратып, қазақтың бесікке бөлеу, беташар секілді салт-дәстүрлерін көрсеткен. Биылғы Наурызда да белсенділік танытып, бір емес, екі киіз үй тіксек деген ойлары бар.
Айтуынша, спортқа жақын әйелдер «Жан ана» волейбол командасын да құрып алыпты. Волейболшы әйелдер қаладағы №1 мектептің спорт залында әр жексенбі сайын тұрақты жаттығатын көрінеді. Қазір қала бойынша сайысатын команда таппай отырған көрінеді.
–Аналардың басты мәселесі – баспана. Былтыр «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша үй алуға тиісті аналар әлі армандаған баспаналарына кірген жоқ. Неге? Өйткені заң өзгерген. «Бақытты отбасы» бағдарламасымен өткендерге әкімдік салған тұрғын үйлерден баспана берілуі керек. Енді «Бақытты отбасы» бойынша әкімдік тұрғын үйді қашан салады, ол белгісіз. Осындай баспанаға қатысты сұрақтар туындағанда қалалық тұрғын-үй қатынастары, құрылыс бөлімі, Отбасы банкінен мамандарды шақырып, арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырамыз. Биылдың өзінде мұндай төрт кездесу өтті. Ана жерге барып, мына жерге барып айқайлағанша аналардың осындай кездесулерде өз мәселесін шешіп алғанын қалаймын.
–Жалпы, аналар өздерінің құқығын жақсы білуі керек. Біздің де негізгі мақсатымыз – көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы аналарына, мүгедек жандарға жан-жақты құқықтық, психологиялық көмек көрсету. Биыл біз қалалық білім бөлімімен, облыстық денсаулық басқармасымен, жұмыспен қамту басқармасымен, ішкі істер басқармасымен, Отбасы банкімен меморандумға отырдық, – дейді Гүлжамал Бершімбекова.
Гүлжамалдың өзі де көпбалалы отбасынан шығыпты. Өзі тоқтықты да, жоқтықты да көргенін айтады. Әкесі ерте қайтыс болып кеткенімен, анасы қиындыққа мойымай алты баланы жалғыз өзі аяққа тұрғызған екен. Барлығын оқытып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Ал Гүлжамалдың өзі үш баланың, екі ұл мен бір қыздың анасы. Екі ұлы студент болса, қызы бесінші сыныпта оқиды.
МАСЫЛДЫҚТАН АРЫЛУ КЕРЕК
Гүлжамал Бершімбекова көпбалалы аналардың мәртебесін көтеру керек деп санайды. Олардың білімін ғана жетілдіріп қоймай, бір кәсіпке баулыған жөн. Қазіргі таңда үйде отырып та үздіксіз білім алуға болады. Шынын айту керек, кейбір аналардың масылдық психологиядан арылмағаны да рас. «Мен баланы мемлекет үшін туып жатырмын» деп міндетситін де аналар кездеседі. Адам өзі әрекет жасап, баланы білімді, тәрбиелі етіп тәрбиелеуге ұмтылуы керек. Бір өкініштісі, қоғамдық бірлестіктің ұйымдастырып отырған тегін үйірмелеріне келуге, баласын әкелуге ерінетін әйелдер де бар екен.
Гүлжамал ұлттық тәрбиеміздің діңгегін нықтау, ұлттық құндылықты көбірек дәріптеу қажеттігін айтады. Үйдегі тәрбие де босаңсып бара жатыр. Әрбір қазақ әйелі жоғалып бара жатқан салт-дәстүрлеріміздің іздеушісі, жоқшысы болуға тиіс.
Осы мақсатта былтыр қоғамдық бірлестік өкілдері қала мектептерінде «Қыз сыны» байқауын өткізуге мұрындық болыпты. Биыл да 8 наурыз қарсаңында келіндер мен енелер сайысын өткізуді жоспарлап отырған көрінеді.
–Әйел аналармен жұмыс істеген өзіме ұнайды. Істеген жұмысымның нәтижесін көрген кезде кейде жылап та аламын. Шынын айту керек, басында әкімдіктегілер біздің жұмыс істей алатындығымызға сын көзбен қарады. «Шуылдақ әйелдердің қолынан не келеді?» дегендей біртүрлі сенбеді. Бірақ «көш жүре түзеледі» емес пе? Қолымыздан келгенше әлеуметтік жағдайы ауыр аналарға қолдау көрсетуге тырысамыз. Былтыр бір мамамызға қайырымдылық концертін өткізіп, баласын емдетуге қаражат жинап бердік. Биыл да қайырымдылық концерт өткізіп, тағы бір анамыздың баласын шетелде емдетуге қол ұшын созсақ дейміз. Мешіттермен де тығыз байланыстамыз. Құрбан айт кезінде міндетті түрде мешіттен хабарласып, тізім беруін сұрайды. Кімнің қалай тұратынын өзім жақсы білемін ғой. Көмектеседі. Жыл сайын 8 наурыз, Балаларды қорғау күнін де атаусыз қалдырмаймыз. Былтыр Самал саябағында Балалар күніне арналған шарамыз керемет өтті. Астана күнінде де қайырымдылық концертін ұйымдастырдық, – дейді ол.
Жақында ғана Түркияда зілзаладан жапа шеккендерге арнап «Жан ана» қоғамдық бірлестігінің аналары ақша жинап, 100-ден астам көрпе-жастық тігіп жіберген екен.
Қазіргі таңда мені мүгедек жандардың мәселесі қатты толғандырады. Ғимарат тапсам, оларға арналған тегін массаж орталығын ашсам деймін. Соған демеуші болса деймін, – дейді Гүлжамал Бершімбекова.
Иә, аналарды қолдайтын осындай қоғамдық бірлестіктер барда қоғамның да алға басатынына сенгіміз келеді.