Жамбылды Мұхаммед пайғамбармен теңестірді деп жала жапқан

1937 жылдың аяғына қарай Зайсан ауданы бойынша жалған айыппен жеті азамат сотталады.
Олар:
1. Тайтүгелов Жақыпқали, 1878 жылы туған. (10 жылға).
2. Молдонбаев Ыдырыш, 1875 жылы туған. (Ату жазасы).
3. Күсемисов Ағымбай, 1880 жылы туған. (10 жылға).
4. Саматаев Матчан. (10 жылға).
5. Байжұманов Садық, 1886 жылы туған. (10 жылға).
6. Ащманов Мұқаш, 1867 жылы туған. (Ату жазасы).
7. Жұмабаев Күден, 1875 жылы туған. (Ату жазасы).
Айыптаушылар жазалағандардың басшысы ретінде Мектепбай Оралбаевты айыптайды.
Анкета
Мектепбай Оралбаев Бесқарағай ауданында №7 ауылда 1901 жылы дүниеге келді. 1929 жылдан ВКП (б) мүшесі. 1930-1935 жылдары Зайсан ауданында мемлекеттік мекемелерді басқарған. Сотталар алдында Ақсуат ауданының атқару комитетінің төрағасы болған. Әйелі Жамал Түсіпбаева, ұлдары Кәрім 13, Ахат жеті жаста.
Жеті азамат үштіктің өкімімен 1937 жылы 29 желтоқсанда сотталады. Оларға Мектепбай Оралбаевтың тапсырмасымен Зайсаннан Қытайға 40 жылқы, жеті түйе, 500 қой айдатылды және 90 сиырымен үлкен қора өртелді деген айып тағылады. Оған қоса 1932 жылы көптеген колхоз мүшелері Қытайға өтіп кеткенін қосады. 1936 жылы Мектепбай Оралбаев Ақсуат ауданына атқару комитетінің төрағасы болып ауысады. Сол жылы осы ауданға Ұлан ауданында бірінші хатшы болып жұмыс істеген Шериаздан Фахрутдинов келеді. Айта кетерім, Ұланда жұмыс атқарғандардың бәрі алаш қайраткерлерінің бірі Райымжан Мәрсековпен байланысы бар екенін «дәлелдеп» отыр. Осы жерде Мектепбай Оралбаевқа тағы бір айып тағылды. Өкімет колхозға деп 1200 бас сиыр береді. Сол сиырларды қыстан аман алып қалу үшін жеке шаруалардың үйлеріне таратылады. Бұл өкіметтің саясатына қарсы әрекет ретінде көрсетіледі. Мектепбай Оралбаев 1938 жылы 11 наурызда ату жазасына кесіледі.
1938 жылы 15 қаңтарда Мектепбай Оралбаев қамауда жатқанда НКВД-нің тұзағы Фахрутдиновқа түседі.
Анкета
Фахрутдинов Шериаздан Бабаевич 1903 жылы тамызда Көкпекті ауданында туған. Ұлты қазақ, әйелі Зайда, сотталғанға дейін төрт ұлы, екі қызы болған және әке-шешесі тірі. Ақырғы жұмыс орны Ақсуат ауданында бірінші хатшы. Фахрутдиновпен бірге бес адам сотталады:
1. Байтіленов Нұрманбет, 1903 жылы туған.
2. Батыханов Айтмуханбет, 1906 жылы туған.
3. Нүрпейісов Нұрғазы, 1906 жылы туған.
4. Кененбаев Кәдірбек, 1910 жылы туған.
5. Қасқырбаев Бастами, 1904 жылы туған.
Олардың ішінде Фахрутдинов, Нүрпейісов, Кененбаевтың есімдері ерекше аталады. Бұл үшеуіне Ұлан ауданындағы атқару комитетінің хатшысы Мергенбаевпен және Катонқарағайдағы Бұтабаевпен қатысы бар деп айып тағылады. 1938 жылы отырғандардың бағы бар екен. 1938 жылы 15 қыркүйекте И.Сталиннен барлық облыстың бірінші хатшыларына алты пунктен тұратын телеграмма түседі.
«Пункт 3 особые тройки рассматривают дела в отношении лиц, арестованых только до 1 августа 1938 года и заканьчивают в течении двух месяцев.
Пункт 4 дела на всех лиц указанных национальных контрреволюционных контигентов, арестованых после 1 августа 1938 года направлять для рассмотрение в соответствующие судебные органы по подсудности (военные трибуналы, местные, областные суды, военную колегию Верховного Суда), а также на особое совещание при НКВД СССР».
Осы телеграмманың арқасында айыптаушылар алтауының айыбын ұзақ дәлелдейді. 1938 жылы қамалған азаматтардың соты тек 1940 жылы 5 қарашада болып, Байтіленов Нұрманбетпен Қасқырбаев Бастамиді ақтайды. Фахрутдинов пен Батыханов 25, Кененбаев 20, Нүрпейісов 15 жылға сотталады. Бұл істер төртеуінің жоғарғы сотқа хат жазуларының аркасында 1941 жылы 9 қыркүйекте қайта қаралады. Фахрутдинов, Кененбаев пен Нүрпейісовтің жаза мерзімдері сегіз жылға қысқартылады. Батыхановқа ауданда прокурор болып жұмыс істеп жүргенде 26 істі жауып тастады деп жазасын өзгеріссіз қалдырады.
Сіздерге НКВД-нің қызметкерлерінің сол кезде Ақсуат ауданыңда шығатын «Социалистік Қарқын» газетінің редакторы болған Кененбаев Кәдірбекке таққан айыбының біреуін таныстырайын.
Еш өзгеріссіз:
В газете № 113 от 20 мая 1938 года в стихах под заголовком «Джамбулу», где Джамбул сравнивается с Магометом. Сравнивая всенародного акына Джамбула с пророком Магометом, этим самым Кененбаев ставит их на равное положение, тогда как Джамбул является всенародным акыном, а Магомет бывший поработитель народа и проповедник религиозных мракобесий. Следовательно сравнение Джамбула с Магометом является явным унижением роли Джамбула…
Мақаламды Файзолла Сатыбалдыұлының лагерьде жүрген Әлшаринге жазған хатынан екі үзіндімен аяқтайын:
Жүрсеңде сауысқаннан сақтық етіп,
Тұзаққа ілінерсің бір күн ақыр.
Бір құдай пана болып құтқармаса,
Аңдып тұр қас-қабақтан пәлең жақын.
Лагерде көңілін көтеріп жүрсін деген болу керек:
Жасымай бұл сапарда жайнап жүрсең,
Кездесер кезеңіне ойнап күлсең.
Тең құрбы замандастар сонда емес пе,
Не жүйрік топтан озған мың бір дүл-дүл.
Алдияр Әубәкіров