Қоғам

Жамал апай – 114 әннің авторы

Жамал апай – 114 әннің авторы


Аягөзде асыл адам тұрады. Белгілі педагог Жамал Кәрімова – елімізге танымал жан. Сонау Таңсық ауылында тұрып, республикалық «Ақ жаулық» газетін шығарған Жамал апай бір кездері «Әдебиетпен сабақтастырылған музыка» атты пәнді енгізгені үшін «Жаңашыл ұстаз» атанған.

Ол пән әлі күнге дейін өзектілігін жойған емес. Ал апайымыз биыл 80 жасқа толып отыр. Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, Аягөз ауданының құрметті азаматы, қазақ әдебиеті мен қазақ тілінен ұзақ жыл сабақ берген ол кісі жанынан ән шығарып, сөзін де жазады. Бүгінгі күнге дейін 114 әнді сөзімен шығарған белгілі педагог Жамал Кәрімованың есімі аудан, облысқа ғана емес, республикаға жақсы таныс. Ал Жамал апай қолына домбырасын алып ән салғанда, жұрт ұйып тыңдайды.

«Қолымда шабыт атты асыл қазық,
Отырмын жырдың кенін батыл қазып.
Ісімді көңілімнің күзетшісі,
Жүректің журналына жатыр жазып»,-деп жырлаған асыл адам – «Мен – даланың қызымын», «Арманда кеткен ғұмыр» және бірнеше дидактикалық кітаптардың авторы.

Мұғалім – ізгілік егуші,
Адамдық дәндерін теруші.
Бойынан тек қана нұр тарап,
Сәулесін басқаға беруші»,-деген ардагер, ұстаз өзінің жүріп өткен жолымен де, жасаған еңбегімен де сәулесін өзгелерге таратып жүр.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button