Жалықпаған туған жерін жырлаудан

Марқакөл ауылында өнегелі де мерекелі, дүбірлі бір жиын болып өтті. Бұл белгілі өнерпаз, ақын-сазгер Нәбиолда Кемешовтің 70 жасқа толған мерейтойы, соған орай ұйымдастырылған шығармашылық кеші болатын.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл айтулы шараны аудан әкімі Д.Қажанов та қолдаған болатын. Нәбиолданың үлкен ұлы, Марқакөл балалар музыка мектебінің директоры Рүстембек Кемешов пен оның жары №1 Марқакөл орта мектебінің директоры Лаура Кемешованың ұйымдастыру жұмысының нәтижесінде бұл әзірлік көздеген уақытта межеге жеткен-ді.
Ақын, сазгер, Мәдениет қайраткері Күршім ауданының Құрметті азаматы Нәбиолда Салихұлының мерейтойлық мерекесі Марқакөл аудандық кітапханасында оның 7-ші кітабының тұсаукесерімен басталды. Бұл мерекеге Нәбеңмен бірге қызмет істеген, көпшілігі оның тәлімін алып, тәрбиесін көрген кітапханашылар тыңғылықты әзірлік жасап, кездесудің жоғары деңгейде өткеніне куә болдық.
Нәбеңнің кезінде бірге қызмет істеген әріптестері, құрбы-құрдастары, тәлімін алған кейінгі буын өкілдері және туған-туыстары өздерінің шын көңілден шыққан тілектерін арнап, ықыластарын білдірді. Ара-арасында жергілікті өнерпаздар Нәбеңнің әр тұстарда жазылған жырларын оқып, әндерін орындап отырды. Әсіресе, осы кешке әдейілеп келіп жүрекжарды тілегін арнаған Қалжыр орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләйла Жұмекенованың сөзі жиналған қауымға ерекше әсер етті. Сонымен бірге Ләйла Кәкенқызының өзімен ерте келген төрт шәкірті Н.Кемешовтің өлеңдерін жатқа оқып, түрлі туындыларынан өнеге боларлық мысалдар келтіріп, тыңдаған жанды ризалыққа бөледі.Нәбеңнің немересі Сабыржан атасына еліктеп, жиналған жұртқа бата берді. Тағы бір немересі Айбар би билеп, Ділназ бен Еркеназ аталарының шығармаларын келістіре орындап шықты. Бұл үрдістен Нәбеңнің жары, ардагер ұстаз Мәрия Әбілқожақызы да сырт қалған жоқ.
Арнайы келіп тілек білдірген аудан әкімінің бірінші орынбасары М.Қалеловтің, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Б.Өлмесековтің, аудандық кітапхананың директоры Г.Смайылованың, Марқакөл ауылдық кітапханасының директоры Г.Ақсартованың, ардагер ұстаз К.Сарипова мен кеш иесінің досы Қ.Аманжоловтың айтқан жан тебірентерліктей тілектері мен естеліктері жұртқа қатты әсер етті. Нәбеңнің сыйлас інісі, көптеген өнер сайыстарында қатар жүріп, бірге өнер көрсеткен бауыры ақын Х.Зәкәрияның арнап оқыған жыры да көрерменнің көңілінен шықты.
Сахналық нөмірлердің арасында Нәбеңмен әріптес, тізгіндес болған, өмірден мезгілсіз өтіп кеткен өнерпаздар, сыйлас құрбылар еске алынып, барлығының аттары құрметпен аталып өтті.
Думанды кеш Марқакөл аудандық Мәдениет үйінде жалғасты. «Өмірім – өнер дастаны» деген атпен даярланған мазмұнды концерт «Кіндік қаным тамған жер», «Сахна – дастан», «Марқакөл, саған ғашықпын» атты үш бөлімнен құралып, екі сағатқа созылды. Аудандық Мәдениет үйінің, Марқакөл ауылдық Мәдениет үйінің, Марқакөл балалар музыка мектебінің, №1 Марқакөл орта мектебінің өнерпаздары бұл кеште бар өнерлерін салып, тыңдаған жұртты тамашаға кенелтті. Н.Кемешовтің көпке танымал «Ақбұлақ», «Марқакөлім», «Күршімім қандай тамаша!», «Күршім мен Марқа – ағайын», «Марқаның сұлу қыздары» әндерінен басқа бұл жолы жаңадан жазылған бірнеше туынды мен автордың өзінің орындауында шырқалатын «Ескі көз», «Берекеге шақырам!» атты шығармалары да өзгеше серпінмен әуеледі.
Кеш қызығы мәресіне жеткен шақта сөз алған аудан әкімі Д.Қажанов мұндай кездесулердің ауыл тұрғындарына рухани ләззат сыйлап, өз орталарынан шыққан өнерпазбен тағы бір мәрте қауыштырып отыруымен қатар, желкілдеп өсіп келе жатқан кейінгі буын – жас ұрпаққа да оң тәрбие, өнегелі тәлім беретін пайдалы іс-шара болып табылатынын атап айтты. Бұдан соң Дулат Зайсанбекұлы ата салтымен өнерпаз ағасының иығына шапан жауып, шын көңілімен қошемет көрсетті. Ал, Нәбиолда Салихұлы өзін қолдап, құрметтеп жатқан ел-жұртына, ұжымдар мен жеке адамдарға жүрекжарды алғысын арнады.
Х.Қайроллаұлы,
Күршім ауданы.