Қоғам

Жалыннан аман қалған

Жалыннан аман қалған


Тұп-тура бір ай бұрын ағаштан түйін түйген шебер Юрий Костанянцтың музей үйі қызыл жалынға оранды. Өрт 500 квадрат метрден астам аумақты шарпыған. Былайша айтқанда, екі қабатты өнер үйінің үстіңгі қабаты түгелдей жанды. Музей қызметкерлері алау оттың ішінен бұйымдардың біразын алып шыққан. Қызметкерлер материалдық шығын сомасы 40 миллион теңге көлемінде деп көрсеткен болатын. Бұл облыста жеке адам құрған және жанынан көркемөнер шеберханасы ашылған алғашқы музей-үй еді.

Жуырда облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорықта аталмыш музей-үйдегі ағаш бұйымдар қойылған көрме өтті.

Көрмеге хандық дәуірдегі қазақ батырларының, әлемге әйгілі әміршілердің, Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлерінің мүсіндері қойылыпты. Жә, оларды қойшы, батыр ғой. Соғыс өртінен аман-есен шыққанда, бейбіт күндегі мынау тілсіз жаудан сау шығу қиын болып па? Тұлпарлар мен көліктерді қойшы.
Жүйрік емес пе. Жалаңдаған жалынның жылан тіліне жал-құйрығын да шалдырмай кеткен шығар… Әуел баста осылай дегенімізбен де, басымызға «десе де олар хас батырлардың өзі емес, небары ағаштан қашалған мүсіні ғой» деген бір оқыс ой келгенде, тұла бойымыздан жыбырлаған мың сан жәндік жорғалап өте шыққандай болды.

«Иә, бұлар небары ағаштан ойылған мүсін ғой. Мейлі батырдың, мейлі желтабан жүйріктің мүсіні болсын, ағаш қой. Бұларды жалынның ортасынан алып шыққан әлгі ғажайып қасиеттері емес, өздерін әдемілеп тұрып қашаған шебер қолдар емес пе? Бір емес, екінші мәрте өмірге келтірген жоқ па шебер адамдар?!»

– Өкінішке қарай, осы көрменің өтуіне тілсіз жау себеп болды. Көрмеге аман қалған 60-тан астам туынды қойылды. Бұлар – Юрий Костанянцтің өзінің және музей-үйдегі Виталий Стахович, Андрей Отческий, Алексей Прокошкин, Евгений Усанов, Лариса Солдатова, Юрий Денисов сынды шеберлердің еңбектері. Әрбір туынды алуан түрлі жанр мен техникада жасалған. Біз көрмені әріптестерімізге қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырдық. Бұйымдардың кейбірі қалпына келтіріліп, жөнделуі үшін музей-үйге қайтадан жіберіледі, – деді облыстық мұражай-қорықтың директоры Медет Нұрғалиев.

Юрий Костанянцтың өзі бұл өрт жаңа бір шығармашылық кезеңнің бастамасы болатындығын айтады.

– Өрт салдарынан туындылардың көбі зақымданды. Десе де, болашақта барлығы жақсы болатынына сенімдіміз. Музейді қалпына келтіріп, өнер театры қылып жасақтасақ дейміз. Келер жылға жоспар құрып та қойдық, – деді шебер.

Толқын Сағидолдина

Осы айдарда

Back to top button