Қоғам

Жалынды жастар құрметке лайық

Жалынды жастар құрметке лайық


Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да Алаш партиясының 100 жылдығы мен Тәуелсіздік күніне орай қалалық жастар форумы өтті. Онда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы талқыланып, ағымдағы жыл басынан бері қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысқан үздік жастар марапатталды.

Форумға өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастардың да көңіл күйлері көтеріңкі болды. TEDx форматында өткізілген жүздесуге қатысқан облыстағы жұмысшы жастар мен студенттер елімізге танымал журналист, тележүргізуші Майя Бекбаева және «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаевпен кездесті.

Жиынды жерлесіміз Майя Бекбаева ашты. Ол Үржар ауданында туып-өскен екен. Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген. Оқушы кезінде аудандық «Пульс времени» газетіне алғашқы мақалаларын жаза бастаған бойжеткен кейін «Қазақстан» телеарнасында еңбек еткен. Ал қазір «Жетінші арна», «Хабар» телеарналарында тележүргізуші ретінде қызмет етуде. Бүгінде Майя Бекбаева тарихи тұлғалардың өмірінен сыр шертетін «Тайны. Судьбы. Имена» атты авторлық бағдарламасын жүргізеді.

Танымал тележүргізушімен өткен кездесу барысында қатысушылар тарапынан әртүрлі сұрақтар қойылды. Көрермендер тарапынан оның шығармашылығына байланысты жеке қызығушылық танытқандар көп болды.

– Кезінде қазақ халқының тәуелсіздігі жолында күресіп, ұлты үшін небір зұлматты бастан кешірген тарихи тұлғалардың өмірі туралы жазғанда, бір жылап аламын, өйткені мен әр дүниемді жанымның сүзгісінен мұқият өткіземін. Семейде сол Әлихан, Ахмет отырған ескі түрмелерге дейін барып түсірдім, – дейді Майя Бекбаева, – Бір жақсысы, барлығы сақталып қалған. Фильм жобасына дайындықты бастағанда, Сұлтанхан Аққұлұлы, Тұрдықұл Шаңбай, Амантай Исин сияқты тарихшы ғалымдар, алаштанушылар көмек көрсетті. Өзім де алаштану саласына зерттеу жүргізіп, құнды мұраларды халыққа таныстыруға еңбек сіңіріп жүрген ғалымдардың кітаптарын оқыдым. Қорыта айтқанда, алашордалықтардың қайраткерлігінің арқасында ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, жұртшылықтың санасына демократиялық ойлар сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған зиялы топ қалыптасты. Халықтың зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан осы топтың еңбегін кейінгі ұрпақ ұмытпаса екен.

Айта кетейік, «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаевпен де кездесу сәтті өтті. Болашағын мемлекеттік қызметпен байланыстырған студенттер тарапынан түрлі сауалдар қойылды.

Бұдан соң «Мәңгілік Ел» конференц-залында пленарлық отырыс өтті. Онда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы талданып, өңірдегі жастар саясатының даму бағыты жөнінде кеңінен әңгіме қозғалды.

Ағымдағы жыл басынан бері әкімдік пен «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау мақсатында 200 грант бөліпті. Оған жергілікті бюджеттен 50,8 миллион теңге бөлінген. Бұдан бөлек, биыл «Сәтті қадам» бағдарламасының аясында ҰБТ-ға қатысудан бас тартқан 220 жас жұмысқа орналасқан. Басқосу барысында сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтархановтың айтуынша, биыл өңірде 2710 жас маман қысқа мерзімдік курстарға жіберілген. Ал 326 адам әлеуметтік жұмыстарға тартылған. Сонымен қатар ағымдағы жылы 18-29 жас аралығындағы 1475 жас «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс істеген.

– Бүгінде облыс көлемінде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 234 жас маманға қаржылай көмек берілді. Сондай-ақ 215 жасқа тұрғын үй алуға қолдау көрсетілді, – дейді Әнуарбек Мұхтарханов.

Жиында қалалық жастар орталығының директоры Ринад Ахметжанов Өскеменде мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға байланысты атқарылған шаралар жөнінде баяндама жасады. Бұдан соң белсенді жас Таир Айдаркинов «Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудағы жұмысшы жастардың алатын орны» атты баяндамасын оқып, ұсынысын білдірді.

Пленарлық отырыстың соңында «Жастар – Отанға» облыстық байқауына қатысқан белсенділер марапатталды. Байқаудың қорытындысы бойынша «Жас Отан» жастар қанатының үздік белсендісі» аталымына Айдос Әділбеков лайық деп танылса, «Жас Отан» пресс» аталымы бойынша Думан Кенжеғазин марапатталды. Ал «Жас Отанның» үздік жетекшісі» аталымын семейлік Жомарт Рятов жеңіп алса, «Жас Отанның» үздік бөлімшесі» ретінде «Жас Отан» жастар қанатының Өскемен қалалық филиалы марапатталды.

***

Сондай-ақ облыстық драма театрында «Нұрлы болашақ» форумы өтті. Онда мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға үлес қосқан жастар мен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың оқытушылары марапатталды.

Форум «Кербез» би ансамблі бишілерінің орындауындағы «Табиғат мелодиясы» атты хореографиялық қойылыммен ашылды. Бұдан соң «Алаш» қойылымын көрермен назарына ұсынған әртістер ерекше қошеметке ие болды.

Сахна төрінде Шалқар Мұхамғалиев, Нұрбол Шерубаев, «Инкорро» тобы, «Экслюзив» хореографиялық ансамблі, «Іңкәр» вокалдық тобы сияқты өңірімізге танымал өнерпаз ұжымдар ән мен биден шашу шашты.

Форум барысында қала әкімінің орынбасары Ольга Булавкина қатысушыларды құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Қазақ елі егемендікке қол жеткізу үшін қаншама қиын кезеңдерді бастан кешірді. Сол себептен жастар Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғынуы тиіс. Бүгінде еңсесі биік егемен елде өмір сүріп жатқан жас ұрпақ ел игілігі үшін еңбек етуі тиіс, – деді қала әкімінің орынбасары.

Форум соңында Ольга Булавкина «Жылдың үздік оқытушысы» аталымына ие болған С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Жанна Әубәкірованы марапаттады. Бұл күні «Үздік шығармашылық ұжым» аталымына «Экстази» шоу-балет тобы ие болса, «Жылдың жас ғалымы» аталымын Бауыржан Рахадилов иеленді. Сонымен қатар басқа да аталымдарда Әділ Сайлаубек, Қайыржан Басбақпаев, Евгения Хрупина, Әлия Нүкештаева, Алексей Зинченкоға да ерекше сый-құрмет көрсетілді.

– «Үздік жастар ұйымы» аталымы бойынша «Gentelmens’s Racing Club» қоғамдық бірлестігі ие болды. Ал «Жылдың жастар акциясы» аталымына «Қазмырыш» ЖШС-нің жастар кеңесі ұйымдастырған «Рухани жаңғыру» акциясы лайық деп танылды. Биыл «Жас отбасы» аталымын Чавкиндер отбасы жеңіп алды, – дейді Ринад Ахметжанов.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button