Қоғам

«Жалында» Астана төрінде өнер көрсетеді

«Жалында» Астана төрінде өнер көрсетеді


Жуықта өскемендік «Жалында» би тобы Астанада өткен халықаралық «Вива Астана» байқауынан жүлдемен оралды. «Шуақты» қазақ биімен астаналық талғампаз көрермендерді таңғалдырған бүлдіршіндеріміз Латвия, Ресей, Қырғызстан елдерінен келген бишілердің арасынан суырылып шығып, 1-орын алды.

Алматы, Астана, Түркияның Ескішехир, Араб Әмірліктерінің Дубай қалаларында өткен халықаралық өнер додаларында үнемі жүлдегер атанып жүрген «Жалында» би тобы әу баста Зайсан қаласында құрылған екен. Мың бұралған биші бүлдіршіндерді жастайынан өнерге баулып, баптап жүрген Гүлжиян Әкрамханова:-Зайсандағы саз мектебінде жұмыс істеп жүргенде-ақ ұлттық би ансамблін құруды армандайтынмын,-дейді. Сөйтіп, Ломоносов мектебінде жиырма шақты баланың басын қосып, би үйірмесін ашқан екен. Өскемендегі мәдени-ағарту училищесін би ұжымының жетекшісі мамандығы бойынша бітірген ұстаз бүгінде «Жалында», «Жалын» би топтарындағы сексеннен астам баланы ұлттық фольклор нәрімен сусындатып, әсіресе қазақ билерінің қыр-сырын үйретіп келеді.

Бүгінде О.Бөкей атындағы №44 мектеп пен Оқушылардың шығармашылық сарайында дайындалатын балғын бишілеріміздің жетістіктері аз емес. Алдымен Алматыда өткен «Алғашқы қадам» республикалық байқауында 1-орын иеленіп, Астанаға жолдама алған. Нәтижесінде Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Марат Омаров, Құрманғазы консерваториясының профессоры Айтжан Тоқтаған, Хореографтар Одағының мүшесі, профессор Айгүл Күлбекова, Диана Ағзамова төрелік еткен халықаралық бишілер сайысында да суырылып, 1-орынға шықты. Атап өту керек, дәл осы халықаралық өнер додасында «Жалында» тобының 8-9 жастағы бишілері 2-орын алса, эксперимент ретінде құрылған 3-5 жастағы балдырғандар тобы жүлделі 3-орынды иеленді. Сөйтіп, Шығыстың намысын қорғап барған өнер ұжымының әр жастағы бүлдіршіндері жүлделі 1,2,3-орындарды қанжығаларына байлап, олжамен оралды. Өнер ұжымының тәлімгері Арман Әкрамханов дайындаған «Жалында» және «Royal Family» тобының қыздары да бүгінгі ырғақ хореографиясы бойынша өнер көрсетіп, дипломант атанды. Бишілеріміз жоғары шеберлігі үшін арнайы дипломдармен марапатталып, «Балапан жұлдыз» телевизиялық байқауының іріктеу турына шақырту алды. Жыл сайын өтетін осындай байқаулардың бірінде «Мен қазақпын» биімен ерекше көзге түскен Әлішер Нұржанов Астанадағы өнер академиясына оқуға қабылданыпты.

– Биге қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Ұжымдық биге қатысу тиянақтылыққа, еңбекқорлыққа үйретеді, білімді де талап етеді. Мысалы, би терминдері французша айтылады. Сурет, математика, тарихты жақсы меңгерумен қатар әр ұлттың биін билеу үшін сол ұлттың салт-дәстүрін жақсы білуіміз керек. Астанада еліміздің түкпір-түкпірінен келген көптеген достар таптық. Әдемі де жас қаланың зәулім ғимараттарын тамашаладық. Әсіресе, Астана-Бәйтерек монументі, «Қазақ елі» ескерткіші, «Атамекен» этно-мемориалдық кешені, Планетарий, «Хан-шатыр», Океанариум мен Есіл жағалауы қатты ұнады, – дейді әсем шаһардан шабыттанып қайтқан өнерпаз бүлдіршіндер.

Шілденің шіліңгір ыстығына, жазғы демалысқа қарамастан бишілеріміз 10-шілдеде Елордамыздағы өзінің ерекше сәулетімен әлемдегі ең үздік оқушылар сарайы қатарынан саналатын ғимараттың концерт залында өтетін «Алые паруса» фестиваліне қызу дайындық үстінде. Бұл жолы жерлестеріміз әйгілі өнер қайраткерлерін таланттарымен тәнті етсе, Венгрия, Испания, Польша, Болгария, Ресей, Эстония, Сербия, Түркия елдерінде өтетін халықаралық байқауларға жолдама алуға мүмкіндіктері зор.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button