Жалпы өңірлік өнім көлемі 3,5 триллион теңгеге жетеді

Кеше облыстық «Altaı» телеарнасының тікелей эфирінде аймақ басшысы Даниал Ахметов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндап, жұртшылық сауалына жауап берді.
Облыс әкімі алдымен Елбасы Жолдауы мен ұзақмерзімді бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Биыл облыста макроэкономикалық көрсеткіштердің оң серпіні байқалды. Жыл қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 3,5 триллион теңгеге жетеді деп күтілуде. 11 айдың нәтижесінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 108,7, ауыл шаруашылығы 103,6, инвестиция мөлшері 124,6, құрылыс 110,4 пайызға артып отыр, – деді Даниал Ахметов.
Сондай-ақ, Елбасының ең төменгі жалақыны 1,5 есеге арттыру тапсырмасына орай облыстағы 38 мың бюджеттік сала жұмысшыларының еңбекақысы артпақ. Олардың жалақысы орташа алғанда 35 пайызға өседі. Облыста барлығы 39 391 кәсіпорын еңбекақыны көбейтпек, оның ішінде бюджеттен қаржыландырылатындары да бар. Қазірдің өзінде 16 ірі кәсіпорын жалақыны өсіріп қойыпты.
Облыс «Даму» қорымен бірге «Ақ ниет» атты өңірлік жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасын іске қосқан. Ол бойынша 7 жылға 8,5 пайыз мөлшерлемемен несие беріледі. Несие қоры 3,3 миллиард теңгені құрап отыр.
– Қазірдің өзінде облыста «Ақ ниет» бағдарламасы аясында 50 жоба қаржыландырылып отыр, – деді облыс әкімі.
Жалпы, облыста кәсіпкерлікті дамыту үшін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін 15 миллиард теңге бағыттау көзделуде. Ол қаржы несиелерді арзандатуға және кепілдендіруге жұмсалады.
Соңғы үш жылда облыс «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 15,6 миллиард теңгені 793 жобаға бөлген. Нәтижесінде, 1,7 мың жұмыс орны ашылды.
– Елбасы Жолдауында алдағы 5 жылда білім-ғылым, денсаулық салаларына бөлінетін қаржыны Ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына жеткізуді тапсырған. Осыған орай облыста жүйелі жұмыс жүргізілуде. Облыс денсаулық сақтау саласында «қуып жетуші» рөлінен «озушы» рөліне көшпек. Емханаларды әлемдік стандартқа сәйкестендіру үшін түрлі көздерден 18,8 миллиард теңге бөлінген. Келер жылы бұл сома 23,4 миллиард теңгені құрамақ. Нәтижесінде 2019 жылы барлық мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелері заманауи құралдармен 100 пайыз қамтылады, – деді облыс әкімі.
Облыс дәрігерлердің біліктілігін арттыруды да мықтап қол алып отыр. Үш жылда медицина қызметкерлерін үшдеңгейлі оқытуға 2,6 миллиард теңге жұмсалған. Еуропаның озық клиникаларында 153 маман оқытудан өтіп келді. Олар – онкология, қан айналымы жүйесі, травмотология, ана мен бала денсаулығы, хирургия бағыттарының дәрігерлері.
– Енді облыс 2020 жылға қарай тағы 300 дәрігерді шетелде оқытпақ. Келер жылдан бағдарламаны қаржыландыру екі есеге өсіп, жылына 2 миллиард теңгені құрайтын болады, – деді облыс әкімі.
Облыс тұрғындары бір сағат көлемінде тікелей эфирде өз сұрақтарын облыс басшысына қоя алды. Сонымен қатар, азаматтар сауалдарын «Облыс әкімі қоғамдық қабылдау бөлмесінің» 1331 нөмірлі контакт-орталығы, Уотсап, Фейсбук желілері арқылы жөнелтті. Кейбір сұрақтар бейнебайланыс режимінде қойылды.
– Облыстың толықкомплектілі мектептерінде ІТ-сыныптар ашылғаны белгілі. Ал шалғай жатқан ауылдардағы шағын мектептерде осындай сыныптар ашыла ма?
– Қазіргі кезде облыстағы 277 толық комплектілі мектепте ІТ-сыныптар ашылып, жұмыс істеп тұр. Енді алдағы жылдың 1 сәуірінен бастап өңірдегі барлық мектептерде ІТ-сыныптар құрылады. Ол үшін 4 мыңнан астам компьютер сатылып алынып, 575 мұғалім арнайы даярлықтан өтуде.
– Соңғы жылдары өңірдегі бірқатар елді мекендер мен көшелердің атаулары ауыстырылып, қазақшаланды. Осы игі үрдіс келесі жылы жалғасын таба ма?
– Облыстағы барлық елді мекендерде 8 мыңнан астам көше бар екен. Біз соңғы екі жылда 314 көшенің атын өзгерттік. Мәселен, Семейдегі Ленин көшесі «Мәңгілік Ел», Полковничий аралы «Бейбітшілік», Өскемендегі Карл Маркс даңғылы «Қазыбек би» атауларын алды. Бір күн бұрын ғана Үкімет қаулысымен Зырян ауданы мен қаласының атауы «Алтай» деп өзгертілді. Бұл бастаманы жергілікті халықтың өзі ұсынды, аудандық мәслихат тұрғындар пікірін 100 пайыз қолдады. Әлбетте, бұл өзгерістер алдағы уақытта да жалғасын табады. Бірақ осы ретте біз Қазақстанның көпұлтты біртұтас ел екенін қаперден шығармауға тиіспіз дегім келеді. Жаңадан салынған көшелерге Брусиловский, Чехов, Менделеев, Толстой, Бах, Брамс сынды ұлы тұлғалардың есімін неге бермеске?! Жас ұрпақ оларды да танып-білуі қажет. Яғни, ономастика мәселесінде біржақты ұстанымда қалуға болмайды.
– Мен Өскемен қаласына қарасты Лесхоз шағын ауданында тұрамын. Айтайын дегенім, автобус аялдамалары үйімізден алыста орналасқан. Қосымша аялдамалар ашуға болама ма екен?
– Жақсы, мен бұл жөнінде қала басшысына тиісті тапсырма беремін. Мәселе оң шешілуі керек. Осы ретте қоса айтарым, біз келер жылы Өскемен мен Семей қалалары үшін Еуропалық даму және қайта құру банкінің несиесі аясында бірсыпыра жаңа автобустар алмақшымыз. Бұл қалаішілік жолаушылар тасымалының сапасын арттырады деп ойлаймын.
– Облыстағы өткір мәселелердің бірі – Күршім ауданына Бұқтырма су қоймасы арқылы қатынау. Осы тұсқа көпір салына ма?
– Өте өзекті сауал. Көпірдің жобасы дайын. Тек оны салатын инвестор іздеп жатырмыз. Инвесторлар бізден кепілдік талап етіп отыр. Осы кепілдік мәселесін қазір Үкіметпен бірге қарастырып жатырмыз. Мәселе оң шешіліп, құрылыстың басталарына сенімім мол.
– Қызым орта мектепте оқиды. Облыста іске асырылып жатқан үштілділік бағдарламасы өз нәтижесін беріп жатыр ма?
– Әрине, нәтижесін беруде. Егер үш жыл бұрын ағылшын тілі мұғалімдерінің тек 4 пайызы ғана жоғары білім деңгейін растаса, қазір бұл көрсеткіш 44 пайызды құрап отыр. 200 оқытушы дайындықтан өтті, олар қазір химия, физика, география сынды пәндерді ағылшын тілінде оқытуға әзір. Ең бастысы – біз мектептердегі қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үйретудің үздік әдістемесін әзірлеп шықтық.
– Мен Өскеменде тұрамын. Биыл ауламызда хоккей қорапшасы салынып, балалар қызығын көруде. Осы ретте қояр сұрағым – қалада жаңадан хоккей және футбол алаңқайлары салына ма?
– Иә, біз осынау бір игі дәстүрді жалғастырып отырмыз. Мен аудан-қала басшыларына алдымен қолда бар спорттық алаңдарды жөндеу туралы тапсырма бердім. Ал облыс орталығында биыл 12 аула абаттандырылып, оларда спорт алаңдары салынды. Қазір Октябрь аралында спорттық саябақ құрылысы жүріп жатыр. Ол жерде үлкен хоккей корты болады.
– Осы жазда Алакөлде демалып қайтқан болатынмын. Жуырда қатты толқындардың жағаны бүлдіріп кеткенін естідім. Жағалау қалпына келтіріле ме?
– Әрине, толқын бұзған жерлер жөнделеді. Біз екі жылда Алакөлді абаттандыруға 5,2 миллиард теңге бөлдік. Іргедегі Қабанбай ауылында бірегей тарихи мұражай ашылды. Ендігі жылы көл жағасына тағы 3 миллиард теңге қаржы құйылады. Арнайы жоба бар, қаржы бөлінген. Жағаны толқыннан қорғайтын қорғаныс нысандары салынады. Сонымен қатар, заманға сай қызмет көрсететін үлкен қонақ үй құрылысын жүргізу көзделуде.
– Шемонайха қаласындағы Үлбі өзені үстінен өтетін көпір 1964 жылы салынған, әбден ескірді. Сол көпір жөнделе ме, әлде жаңасы салына ма?
– Жаңа көпір салынады. Қазіргісі заманауи талаптарға сай емес. Алдағы уақытта осы жобаға қаржы бөлінуі тиіс.
– Мен Семейдегі медициналық оқу орнының студентімін. Қазір облысымызда дәрігерлер шетелдерге біліктілігін арттыру үшін курстарға жіберілуде. Ал мен секілді медициналық оқу орындарының жоғары курс студенттері осы бағдарлама аясында шетелге бара ала ма?
– Өкінішке қарай, жоқ. Біз тек қызмет етіп жүрген кәсіби дәрігерлерді жөнелтеміз. Жалпы, біздің медицина жүйесі талапқа сай емес. Сол себепті салаға бөлінетін қаржыны екі есе ұлғайтып отырмыз. Жаңа құрал-жабдықтар алдық. Алайда, мамандардың білімі мен біліктілігі төмен, осы мәселеге жіті назар аударып отырмыз.
– Тұрақтандыру қорындағы азық-түліктердің түрі көбейе ме?
– Қазіргі кезде облыстағы тұрақтандыру қоры қоймаларында 4,5 мың тонна азық-түлік бар. Олар Өскемен мен Семейдегі 606 арнайы орындарда саудалануда. Міне, сол өнімдердің сапасы мен құнын қоғам өкілдері мен депутаттар тұрақты бақылауда ұстауы тиіс.
-Даниал Кенжетайұлы, «Ивушка» базарын аралағаныңызда азық-түлік бағасы бақылауда болады деген едіңіз. Бұл тұрғыда не істелініп жатыр?
-Өңір бойынша тұрғындарға ең қажет деген 19 тауар аталымының бағасын назарда ұстап отырмыз. Тұрақтандыру қорында 4,5 мың тоннадан астам азық-түлік қоры бар. Сондықтан шектен тыс өсім болмайды. Бірақ біз кез келген тауар бағасы өзіндік құнынан арзан болмайтынын түсінуіміз керек. Біз Елбасы тапсырмасы бойынша коммуналдық қызметтердің ақысын азайтамыз. Жаңа жылдан бастап электр қуатының, жылу мен су жеткізу тарифтері шамамен 5-10 пайызға төмендейді. Ал Үржар, Тарбағатай, Аягөз аудандарына көмір жеткізу бағасы 14 пайызға түсті.
-Аягөз ауданындағы тасқын кезінде облыс басшылығының қолдауын сезіне алдық. Биылдың өзінде Аягөзде екі мектеп пен бір инсульт орталығы қолданысқа берілді. Келер жылы біздің ауданда қандай өзгерістер болады?
– Аягөздің болашағы зор. «Ақтоғай» кәсіпорнының өндірістік қуаты артқан сайын ауданның тіршілігі жақсара түсетін болады. Жобаға 394 млрд. теңге салынып отыр. Бұл – қомақты инвестиция. Алдағы уақытта жылына 11 мың тонна ет өңдейтін комбинат саламыз. Келер жылға инфрақұрылымды жақсарту үшін 475 млн. теңге бөлдік. Қаладағы су мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді. Ол жұмыс та жалғасады. Бұйырса, 2019 жылы Аягөзде 60 пәтерлік тағы бір үй қолданысқа берілмек.
-Мен – семейлік жас отбасының отағасымын. Пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Біздің қалада «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана беріле ме?
-Бұл бағдарлама бәрімізге ортақ. Семейдің іргесіндегі Қарағайлы тұрғын ауданынан 842 пәтерді мемлекеттік бағдарлама арқылы ұсынбақпыз. Жалпы облыс бойынша 2000 пәтер аталмыш бағдарлама аясында беріледі. Әзірге 364 жерлесіміз банк алдында өзінің төлем қабілетін растай алды. Сондықтан тұрғындарды бағдарламаға белсенді атсалысуға шақырамыз. Бұл үлкен мүмкіндік.
-Шығыстың климаты қытымыр ғой. Соған біздің жауапты қызметтер қаншалықты дайын?
-Жылу электр стансасына 240 мың тонна көмір қажет болатын, қажеттілік 154 пайызға орындалды. Бюджеттік мекемелерге 120 мың тонна көмір қажет болатын, 100 пайыз қамтыдық. Жеке секторға да жеткілікті мөлшерде көмір босатылған.
-Мен – биыл мектеп бітіретін түлектің анасымын. Баламды Ресей мен Қазақстанның қайсысынан оқытсақ деген сауал мазалап жүр. Биыл облыс бюджетінен қосымша гранттар бөліпсіздер. Оған ие болудың шарттары қандай?
-Мен жастардың Оксфорд, Кембридж, Ломоносов, Еуразия университеттері сияқты әлемдік деңгейдегі оқу орындарында оқығанын қалар едім. Ал егер шетелдік деп таңдаған ошақтың білім сапасы жергілікті университеттермен бәсекелесе алмайтын болса, сыртқа сандалудың қажеті шамалы. Осы себепті біз қосымша грант бөліп едік, бірден нәтиже берді. Былтыр облыстан 860 түлек шетке кетсе, биыл бұл сан 660-қа кеміді. Грант бөліп қана қоймай университеттерді жақсылап жабдықтадық. Елбасы тапсырмасы бойынша жатақханалар салып жатырмыз. Мемлекет бөлген 20 мың грант бар. Біз қосымша жүздеген грант бөлдік. Оған қол жеткізу үшін өзгелерден қалмай ҰБТ тапсыру ғана қажет.
-Өскеменге ота жасайтын робот әкелгенін естіп жатырмыз. Семейге әкелу ойда бар ма?
-Өкінішке қарай, Семейге роботтандырылған ота жүйесін қоймаймыз. Семей онсыз да еліміздің медициналық орталығы. Ежелден солай. Үш жылдың ішінде қаладағы медициналық мекемелерді әлемнің үздік қондырғыларымен жабдықтау үшін 3,4 млрд. теңге жұмсадық. Еуразия экономикалық одағында теңдесі жоқ гибридті ота қондырғысын алдық. Өткенде ғана офтольмологиялық орталықтың мүмкіндіктерін көріп қайттым. Семей үнемі назарымда, жиі барып тұрамын. Екі күннен кейін тағы да сіздерге жолым түспекші.
-Семейде салынып жатқан радиологиялық орталық қашан ел игілігіне беріледі?
-Бұл – өте күрделі мәселе. О баста нысан құрылысында үлкен қателік кеткен. Сол үшін қаншама комиссия тексерді! Ақыры құрылысты тоқтатуға тура келді. Енді кеткен қателіктерді түзетіп, жобаны өзгерту керек. Сұйық радиологиялық қалдық сақтайтын бөлімшені қайта жарақтаймыз. Яғни, нысан алдағы екі жылдың ішінде қолданысқа беріледі. Мұны айту маған да оңай емес. Бірақ шындық осылай. Ал кеткен қателікке жауаптылар қатаң түрде жауапқа тартылды.
– Елбасы Жолдауында балама энергетиканы дамыту мәселесі кезекті рет айтылды. Бұл бойынша облыста қандай жобалар жүзеге асады?
-Бұл тұрғыда біздің өңірдің әлеуеті орасан. Еліміздегі судан алынатын энергияның 70 пайызы бізде өндіріледі. Енді оған Алтай ауданындағы Тұрғысын су электр стансасы қосылады. Сондай-ақ, Жарма ауданында күн және жел электр стансалары салынып жатыр. Сонда келер жылы кемінде үш балама энергия нысаны бой көтермек.
Бір сағатқа арналған тікелей эфирге әлеуметтік желі мен облыс әкімдігінің қоғамдық қабылдау орталығы арқылы ондаған сауалдар келіп түскен болатын. Уақыт тапшылығына байланысты эфирде қойылып үлгермеген сауалдардың жауабы жазбаша беріледі. Оны облыс әкімдігінің akimvko.gov.kz және 1331.kz сайттарынан оқуға болады.
Ержан Әбіш,
Есімжан Нақтыбайұлы