Қоғам

Жалғыз қайың

«Жіңішке сымға тартқан әні қандай,

Балауыз балбыраған тәні қандай.

Ақыл, ой, мінез, көрік түгел келіп,

Толықсып толып тұрған сәні қандай…»

Сұлтанмахмұт Торайғыров Қамар бейнесін осылай тамсана суреттеген еді. «Қамар сұлу» романын жазуға оны баянсыз махаббат итермелегенін және де атақты туындыны ақбас Алтайдың баурайында қоныс тепкен Шыңғыстай ауылындағы жалғыз қайыңның түбінде отырып жазған дейді көпті көрген көнекөз қариялар. Ауыл шетіндегі сол бір қайың өткеннің куәсі іспетті.

Белгілі қаламгер Сұлтанмахмұт та романның кейіпкері Ахмет сияқты байдың қызына ғашық болыпты. Махаббатының баянсыз, үмітсіз болғаны ақынның кейбір өлең жолдарынан да байқалады:

«Бәрі де қолдың қысқасы –

Бір күнді мойынға алмауым.

Тағдырдың шебер ұстасы,

Көрдім мен жоқ қып қарғауын», – деген шумақтардан ақынның шарасыздығын аңғарамыз.

Ал енді шежіреге үңілейік… Социалистік Еңбек Ері, соғыс ардагері, атақты атбегі марқұм Бошай Кітапбайұлының «Тоғыз таңбалы Найман» атты шежіресінің 1-ші кітабындағы ақынның ғашығы туралы деректерге сүйендік.

Қаратай еліндегі Әбдікерім болыстың Бағила, Бағдат атты екі қызы болыпты. Бағиланы бала кезінде атасы Ережеп қажы Шыңғыстай болысына қарасты Шүй бойындағы Уақ Бұқабай деген ірі саудагердің баласы Ақсолтанға бермек болып құдаласып қойған екен. Өзі сұлу, өзі әнші Бағила Сұлтанмахмұт Алтайға келгенде он жетіге шыққан кезі. Қыздың ақыл-ойы мен көркі ақынның жүрегін бірден жаулаған. Бозбала ғашықтығын жасырмаған да. Сол тұстағы ғашықтық өлеңдері түгелдей Бағилаға арналған. Бағиланың да Сұлтанмахмұттан көңілі болған дейді. Алайда қатал тағдыр бір болуға жазбаған еді… Қыздың ұзатыларда қоштасу ретінде әрі ақынға арнап айтқаны күні бүгінге дейін ел аузында жүр. Елін, жерін сағынып ішқұсамен күн кешкен Бағила екінші баласына босана алмай, дүниеден қайтыпты.

Міне, осылай өз басынан кешкен оқиға «Қамар сұлу» романының тууына түрткі болған екен. Ғашығынан қол үзген Сұлтанмахмұт Шыңғыстай ауылына кіреберісте өсіп тұрған жалғыз қайыңның түбіне жиі келіп, ішінде беріш болып қатқан мұң-шерін тарқататын. Сол заманның ащы шындығын суреттеген шығарманың жазылуына осы қайың куә деседі жергілікті жұрт.

«Ол кезден бері қаншама уақыт өтті. Қайың ендігі қурап қалар еді», деп сенбейтіндер де бар. Алайда қайыңның өмір сүру ұзақтығы 100-150 жыл екенін ескерсек, бәрі де мүмкін…

«Тоғыз таңбалы Найман» шежіресіндегі мына бір қызықты деректі де ескермей кете алмадық. Әбдікерім болыстың екінші қызы Бағдат та көрікті болыпты. Бозбала кезінде жерлес ғалым Сәрсен Аманжолов бойжеткенге сезімін білдіріпті. Бірақ Бағдат Петербург университетінің заң факультетін бітірген адвокат Ғазиз Қалбановқа деген уағдасынан қайта алмапты.

Сара Жомарт

Осы айдарда

Back to top button