Жалақыны кешіктірген кәсіпорындар жауапқа тартылады
Өкінішке қарай, қоғамда өзінің маңдай тер, табанақысымен тапқан ақшасын ала алмай жүрген жандар қаншама?! Оның үстіне, қазір екінің бірінде несие бар. Оны уақытында төлеп отырмаса, үстіне өсімақы қосылады, не болмаса кепілге қойған мүлкінен айырылады. Мемлекеттік органдар жалақы қарызын жою бағытында көп шаруа тындырып-ақ жатыр. Осы ретте біз облыс прокуратурасы мен еңбек инспекциясынан атқарып жатқан жұмыстар барысы туралы сұрап білдік.
Үш кезеңді алдын алу шаралары нәтиже берді
Облыс прокуратурасы бізге жалақы берешектерінің көлемін азайту жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәлімет ұсынды.
Айталық, өткен жылдың ортасынан бастап облыстағы прокуратура органдары «Жалақы – уақытында» жобасын жүзеге асыруда және ол үшін прокурорлар үздік әдістерді қолданып келеді.
– Уәкілетті органдармен ынтымақтастық стратегиясы әзірленіп, әрбір органның міндеттері белгіленген, – дейді облыс прокурорының орынбасары Нұрлан Бижанов.
Осы «Жалақы – уақытында» жобасында негізге жалақыны төлемеу фактісіне ықпал ету емес, үш кезеңді профлактика алыныпты.
Біріншіден, прокурорлар берешектерді есептеп, есепшоттар мен мүлікке тыйым салу, прокурорлық ықпал ету актілері орындалмаған кезде, мүлікті сату түрінде кешенді шаралар колданады.Мысалы, прокурорлық ықпал ету актілері бойынша қабылданған шаралар аясында қаланың бір кәсіпорнының есепшоттары мен мүліктеріне тыйым салынып, 140 миллион теңге мөлшерінде жалақы берешегі өндіріліп, жағдайдың ушығуына және 778 жұмысшының наразылық акциясына жол берілмеді.
Екіншіден, прокурорлар тұрақты түрде міндетті зейнетақы және әлеуметтік аударымдар туралы мәліметтерді талдап, жалақы берешектері бар кәсіпорындар тізімін қалыптастырады. Мәселен, жұмыс істеп тұрған және банкрот деп тану рәсімін енгізу туралы арыз берген 7 кәсіпорын берешек сомаларын 556 миллион теңгеден 53 миллион теңгеге дейін азайтқан.11 банкрот-кәсіпорын 192 миллион теңге, 1 кәсіпорын 35 миллион теңге берешегін толық өтеген.
Үшіншіден, прокурорлар жалақы берешектері бар кәсіпорындар басшыларымен әңгіме жүргізеді, ұзақ уақыт төленбеген, жасырын берешектерді анықтау үшін адамдар тартады.
– Жүргізілген талдау мен мониторинг нәтижесі бойынша 77 кәсіпорында жасырын берешек бар екені анықталды, нәтижесінде 23 кәсіпорын 1218 жұмысшыға 403 миллион теңгенің берешегін төледі, – дейді Нұрлан Бижанов.
Адам көптеп жиналатын жерлерде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында еңбек құқықтарын қорғау әдістерін түсіндіретінхабарландырулар, баннерлер, бейнероликтер орналастырылған.
Азаматтардың облыс прокуратурасына берген арыздарын қараған кезде аталған мәселеге ерекше назар аударылады екен.Мысалы, Е. атты азамат облыс прокуратурасына кен-байыту кәсіпорнының басшылығы 2016 жылдың тамызы мен желтоқсаны аралығында кәсіби ауруына төлемдер төлемегені туралы арызданған. Облыс прокуратурасының тапсырмасы бойынша Өскемен қалалық прокуратурасы еңбек инспекциясымен бірлесіп, кәсіпорында тексеру жүргізген. Нәтижесінде арыз иесінің уәжі расталған.Бұдан басқа, кәсіпорында жұмыс істеу барысында денсаулықтарына зиян келтірілген бұрынғы 195 жұмысшыға 24 миллион теңге өтемақы төленбегені анықталды.Осыған байланысты кала прокуратурасы уәкілетті органға заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізді, нәтижесінде жұмысшыларға және арыз иесіне берешек толық төленді.
– Прокуратура органдары жалақының уақтылы төленбеуі туралы әрбір жасырын арыз бойынша шаралар қабылдайды.Бірінші кезекте жұмысшыларға уақтылы жалақыларын алу кұқықтары бар екені түсіндіріліп, еңбек ұжымымен кездесулер ұйымдастырылады. Кейін кәсіпорын басшысымен берешектердің жинақталуына жол бермеу жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізіледі, – дейді облыс прокурорының орынбасары.
Барлығы, облыс прокуратура органдары жалақы бойынша берешектерді төлемегені үшін 55 прокурорлық ықпал ету актісін енгізген, жауапқа 96 тұлға, әкімшілік жауапқа 46 тұлға тартылып, мемлекет пайдасына 7 миллион теңге өндірілген.Мысалы, 345 жұмысшыға жалақы бойынша 68,7 миллион теңге берешегі бар кәсіпорын әкімшілік жауапқа тартылған соң берешекті толық өтеген. Сондай-ақ, тағы бір кәсіпорын 350 жұмысшыға жалақы бойынша 120 миллион теңге берешектерін өтеді.
Бір жарым миллиард теңгеден астам қарыз анықталыпты
Облыстың мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы да еңбекақы берешегін өтеу және оған жол бермеу жұмыстарын жалғастырып отыр.
Облыс әкімімен және облыс прокурорымен бекітілген еңбекақы берешегі пайда болуын алдыналу алгоритмі негізінде кәсіпорындарда еңбекақыны уақытында әрі толығымен төлеу бойынша мониторинг жүргізіледі, берешекті өтеу мәселелері кәсіпорындар басшыларының шақырылуымен дағдарысқа қарсы штабтың және әлеуметтік әріптестік бойынша үшжақты комиссияның отырыстарында қаралады. Өткен жылы облыстық үшжақты комиссияның 8 отырысы және облыстық дағдарысқа қарсы штабтың 10 отырысы өткен.
Былтыр мемлекеттік еңбек инспекторлары 1243 тексеру өткізіп, 5541 жұмысшы алдындағы 1 миллиард 602 миллион теңге ағымдағы еңбекақы берешегін анықтады. Еңбек заңнамасын бұзғаны үшін 816 нұсқама беріліп, 90,9 миллион теңгенің 640 айыппұлы салыныпты.
Сонымен қатар, облыс прокуратурасының «Жалақы –уақытында» жобасы аясында басқарма еңбекақыны уақтылы төлеу бойынша күнделікті мониторинг жүргізуде.
– Бір ай бұрын еңбекақы берешегіне жол берген жұмыс берушілер шақырылған облыстық дағдарысқа қарсы штабтың отырысы өтті. Тиісті органдар мен жұмыс берушілерге берешектерді қысқа мерзімде жою жөнінде тапсырма берілді.
Алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 254 тексеру өткізді. Еңбек заңнамасының бұзушылықтары үшін 157 нұсқама беріліп, 15,4 миллион теңгенің 106 айыппұлы салынды, – дейді басқарма басшысы Бақытбек Қизатов.
Вставка 1: Егер Сіздің еңбек құқықтарыңыз бұзылса, Сіз облыс прокуратурасының азаматтардың еңбек құқығын қорғау бойынша қоғамдық кабылдауына арыздана аласыз. Өскемен қ., Пермитин көшесі, 21, сенім тел: 8 (7232) 24-54-82, 8 (7232)-26-09-89.
Вставка 2: Сіз өз құқықтарыңызды корғау үшін Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясының басқармасына арыз беруге құқылысыз. Өскемен қ., К.Либкнехт көшесі, 19, 7 қабат, тел: 8 (7232) 25-65-02.
Вставка 3: Атқарылған жұмыс нәтижесінде 7 сәуірге қарай «Востокмашзавод» АҚ 655 жұмысшыға және «Әділ» АҚ 197 жұмысшыға еңбекақы берешегін толығымен өтеді.
Маман кеңесі
Рауия Жағанова, облыстық адвокаттар алқасының қалалық заң консультациясының адвокаты:
– Егер қызметкерге еңбекақы есептеліп, бірақ төленбеген болса, мұндай істер Азаматтық іс жүргізу кодексінің 140-бабының 6-тармағына сәйкес қаралады. Жұмысшыға бухгалтериядан жұмыс орны бойынша еңбекақы есептелген, бірақ төленбеген сомасы туралы анықтама алуы, өз мекенжайы бойынша сотқа арыз жазуы, жеке куәлігінің, СТН, үй кітабының, еңбек шартының көшірмелері мен бухгалтериядан аталмыш анықтаманың түпнұсқасын алуы қажет. Сотқа мұндай арыз бергені үшін өтініш берушіден баж салығы алынбайды. Іс арыз түскен уақыттан бастап үш күн ішінде тараптардың шақырылуынсыз қаралады.
Ержан Әбіш