Қоғам

Жалған актіге қол қойғандар жазаға тартылады

Жалған актіге қол қойғандар жазаға тартылады


Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Глубокое ауданындағы Зимовье ауылында орналасқан, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына қарасты 180 адамға шақталған Зимовьев психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі интернат үйінде кезекті рет болып, ғимаратты салу барысында жол берілген кемшіліктер мен олқылықтарды анықтауға байланысты арнайы құрылған жұмыс тобының есебін тыңдады.
Бұл жөнінде облыс әкіміне облыстық мәслихаттың хатшысы, аталмыш жұмыс тобының жетекшісі Владимир Головатюк баяндады.

Естеріңізге салсақ, құрылысы 2011 жылы басталып, алғашқы жауапсыз мердігер «Құмаров және К» ЖШС-нің кесірінен сақалды құрылысқа айналған мекемені былтыр екінші мердігер – «Оптима Строй УК» ЖШС аяқтаған еді. Жобаның жалпы құны 956 миллион теңгені құраған болатын. Алайда, кемшіліктер мұнымен бітпеген екен. Мәселен, құрылыс жұмыстарының сапасыз жүргізілгені аз болғандай, нысан құрылысына қатысты кейбір шешімдердің тым асығыс қабылданғандығы жағдайды оңалтудың орнына керісінше ушықтырып жіберген.

Владимир Головатюктің мәлімдеуінше, үш сатыдан тұратын суды тазарту бөлігі толық аяқталмаған. Бұл мекеменің толық негізде жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді. Тиісті мамандардың араласуымен жағдай енді ғана оңалып келеді. Енді қазылған траншеяларға жалғамалы тұрбаларды төсеп, бетонмен бетін жауып, сорғы құрылғысын орнату қажет. Бұл тек бірінші кезеңнің мәселелері ғана. Екінші кезеңге келсек, ғимаратта суды бұру жүйесі қарастырылмаған. Нәтижесінде ғимарат ауласына жиналған жерасты суы жертөлеге ағуда. Мұның себебі, кезінде ғимараттың бас корпусы белгіленген орнына салынбағандығынан, тауға жақын тұрғандығынан дейді мамандар. Осындай кемшіліктер бола тұра нысан пайдалануға беріліп, қабылдап алу актісіне қол қойылып кеткен.

Ал үшінші кезеңде қазандықты ауыстыру мәселесі тұр. Қазіргі электрлі қазандық өте көп шығын әкелуде. Мысалы, қыста бір айға ғана ғимаратты жылытуға үш жарым млн. теңге кетсе де, айтарлықтай жылу болмайды. Сондықтан, келесі жылы қатты отынмен жылытылатын қазандық қойғанда шығын үш есеге дейін қысқармақ.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мәди Отарбаевтың айтуынша, кемшіліктерді толық жойып, мекеме толық жұмыс істеуі үшін «Парыз» қорынан қосымша 28 млн. теңге қаржы бөлінетін болады.

Нысанның жекелеген бөліктерін аралап, тағы бір мәрте көріп шыққан аймақ басшысы орын алған кемшіліктерді көре тұра көз жұма қараған, сөйтіп нысанды қабылдау жөніндегі мемлекеттік актіге қол қойып жіберген тиісті лауазымды тұлғаларды анықтап, нақты жазаға тартуды тапсырды.
– Біз бүгін тағы бір мәрте бәрін аралып, көріп, соңғы байламға келіп отырмыз. Бұдан шығатын қорытынды мемлекеттік комиссия актісін кері қайтарамыз. Комиссия құрамында болғандар жауапкершіліктен құтылмайды. Жалған актіге қол қойғандар және бізді жыл көлемінде алдап келгендер тиісті жазасын алады әрі ол барынша қатаң болады. Биыл қажетті жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп, суды тазарту және суды бұру жұмыстарын аяқтайтын боламыз, келесі жылы қазандықты ауыстыру қолға алынады. Мұның бәріне жергілікті әкімдік тұрақты бақылау жасауы тиіс, – деді Даниал АХМЕТОВ.

Облыс әкімі, сонымен бірге, Владимир Головатюкке жалған акті жасаған мемлекеттік комиссия құрамында болған шенеуніктерді жазаға тарту бойынша құжаттар жобасын әзірлеуді, 1 қазанға дейін мұндағы жұмыстарды аяқтауды, ал облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мәди Отарбаевқа, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысы Елена Старенковаға және Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғонысовқа кемшіліктер толығымен жойылғанша үздіксіз қадағалауды тапсырды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button