Жалға берілген жерлердің жағдайы – жіті қадағалауда
Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусиннің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте аймақтағы ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мәселесі сөз болды. Онлайн режимде өткен кеңес жұмысына бірқатар облыстық басқарма басшылары мен аудан-қала әкімдері, олардың орынбасарлары қатысып отырды.
Жиында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсукова шетелдіктерге жалға берілген ауыл шаруашылық жерлері жайында мәлімет берді. Оның айтуынша, бүгінде өзге елдердің азаматтарына уақытша пайдалануға берілген жер телімдерінің ең көп мөлшері Бесқарағай ауданында тіркелуде.
– Аудандық әкімдіктің мәліметі бойынша Бесқарағайда ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлерді жалға алып отырған бір шетелдік компания бар. Ол – қытайлық «Long xin» («Лун Син») жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Халықаралық сауда компаниясы деген мәртебеге ие серіктестік облыс көлемінде төрт жер телімін жалға алып отыр. Олардың жалпы аумағы 14 754 гектарды (егістік жерлер – 8 778, оның ішіндегі 990 гектары – суармалы, 5 943 гектары – жайылым) құрауда. Аталмыш жерлер шетелдіктерге аудандық әкімдік арқылы 2015 жылы қазіргі заңнама аясында берілген болатын, – деді басқарма басшысы.
Өз кезегінде облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын қадағалау басқармасының басшысы Серікжан Жақаев соңғы тексерістердің нәтижесі бойынша Бесқарағай ауданында бірқатар заңбұзушылық тіркелгенін хабарлады. Атап айтқанда, жоғарыда аты аталған «Long xin» серіктестігінің өздеріне сеніп тапсырылған жерлерді тиімсіз пайдалану фактісі анықталған.
– Тексерістер барысында жалға алушылар екі учаскедегі жерді мақсатсыз пайдаланғаны белгілі болды. Нақтырақ айтсақ, жайылымға берілген 4 186 гектар жер жыртылған. Сонымен қатар, мемлекет иелігіндегі 88 гектар жерді заңсыз иелену дерегі анықталған. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 164-1 бабы негізінде материалдар Бесқарағай ауданының әкімдігіне жолданды. Жалпы алғанда, «Long xin» серіктестігіне қатысты тоғыз әкімшілік іс қозғалып, бір миллион 379 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Бүгінде аталмыш айыппұл толығымен өтелді. Сондай-ақ, үш айдың ішінде анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде ұйғарымдама жолданды, – деді Серікжан Жақаев.
Сонымен қатар, жиында облысымыздың Ұлан және Зырян аудандарында да шетелдік азаматтарға жалға берілген жер телімдері бар екені белгілі болды. Дегенмен, аталмыш жалға алаушыларға (екеуі де Ресей Федерациясының азаматы) қатысты ешқандай заңбұзушылық тіркелмепті.
Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын қадағалау басқармасының басшысы Серікжан Жақаевтың мәліметінше, үстіміздегі жылы еліміздің Жер ресурстарын басқару комитеті жүргізген кешенді тексерістер барысында Үржар ауданында бірқатар жер телімінің қажетті конкурстарсыз берілгені де анықталыпты. Дәлірек айтсақ, «Бәтуа», «Мәнфағат» және «Ырғын» ЖШС-тері ешқандай конкурс өткізбей-ақ, жалпы аумағы 87 432 гектар жерге ие болған көрінеді. 2015 жылы облыстық басқарма жүргізген тексеру жұмыстары кезінде аталмыш серіктестіктерге берілген жер телімдері ұзақ уақыт пайдаланылмай жатқаны анықталған.
Бұл мәселеге селекторлық кеңес барысында облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин ерекше тоқталды.
– Мемлекет тарапынан егін егіп, мал өсіремін деушілерге бар жағдай жасалуда. Ел бюджетінен кәсіпкерлерді қолдау мақсатына қомақты мөлшерде субсидия төленіп келеді. Міне, осындай көмекке қарамастан аудандарда әлі де пайдаланылмай жатқан жерлер жетерлік. Сол себепті бұдан былай аудандар мен қалалардағы жер мәселелері жөніндегі комиссиялар аталмыш жайтқа жіті мән беруі керек деп санаймын. Заң бәріне ортақ, ешкімге жеңілдік жасалмауы тиіс. Ал енді шетелдіктерге жалға берілген жерлерге қатысты мәселеге келетін болсақ, бұл тұрғыда анықталған заңбұзушылықтың бәрі жойылған, айыппұл төленіп, істер жабылған. Сондықтан бәзбіреулердің сөзіне еріп, қауесет таратып, елді дүрліктірудің еш негізі жоқ. Қазір жоғарыда айтылғандай шетелдік жалға алушылар тек Бесқарағай, Ұлан және Зырян аудандарында ғана бар. Өзге өңірлерде ондай шетелдік жер пайдаланушылар жоқ. Ал бар болса, бұл жөнінде бізге уақтылы хабарламай, деректі жасырып қалуға тырысқан жергілікті жердегі билік өкілдері жауап беретін болады, – деген облыс әкімінің орынбасары, сонымен қатар, жерді мақсатты немесе тиімсіз пайдаланған шетелдіктерге енді ешқандай кешірім болмайтынын ескертті. Сондай-ақ, кеңесте Дүйсенғазы Мусин қаралған мәселелерге қатысты басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар беріп, жақын арада атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша облыс әкіміне есеп беретінін мәлімдеді.
Нұржан Кенжеұлы