ЖАҚСЫ АҒАНЫҢ ШАРАПАТЫ ЕСІМДЕ

Маған есімі елімізге танымал, махаббат тақырыбын жазуда аты аңызға айналған, өте кішіпейіл де, қарапайым, Жарма ауданы, Ақбұзау ауылының тумасы Әз-ағаңмен (Әзілхан Нұршайықов) дидарласудың сәті үш рет бұйырған екен.
1981 жылдың тамыз айы. Онда мен бұрынғы асыл тұқымды «Скотовод» кеңшарында кәсіподақ комитетінің төрағасы едім. Кеңшар директоры, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Күнсіләм Мұсажанов, тағы бірсыпыра басшылар бар бәріміз ауылға бір-екі күнге арнайы шақырумен келген Әз-ағаңды шығарып салу үшін атқа міндік…
«Шоферлер бастауы» басында
Құрметті қонағымызды шөбі шүйгін, суы мол, сай-саласында жеміс-жидегі тұнып тұратын Қандағатай өңірінің әсем көріністі жерінің бірі – негізгі трассадан сәл бұрылыстағы «Шоферлер бұлағы» атанып кеткен, «Жанбас бастауға» алып келдік. Әз-ағаң мен бәйбішесі Халима мінген көлік бұлақ басынан алыстау тоқтады да, ағамыз азаматтарға өте кішіпейілділікпен, қол беріп амандасты.
Кеңшар директоры:
– Әз-аға! – деді мені нұсқап.
– Мынау Мәуітқазы ініңіз, жақында көршілес «Михайловка» кеңшарынан бізге кәсіподақ комитетінің төрағасы болып келді. Өзіміз шақыртып алдық. Мақсатымыз өнер адамдары бір жерде болсын дегендік еді. Ептеп өлең жазады, – деп менің мақтауымды асырып жатыр.
Әз-аға мейірлене қолымды алып:
– Бәрекелді, інім, талабың ұштала берсін. Жалпы өнер сүйетін қауым бір жерге шоғырланып, ауыл адамдарына қызмет еткені өте дұрыс. Естіп жатырмыз, бұл ауылда халық оркестрі құрылыпты, – деп тоқтады.
Әйелдер жағы тоғай маңындағы әдемі гүлдерді тамашалауда.
– Хәлима! – деді Әз-ағаң бір кезде.
– Бері келші. Шіркін, біздің Жарманың көк бетегелі сайымен сылқылдай ағып жататын бұлақтары-ай, десеңші. Кел, мына мөлдір бұлақ суын сімірейікші бір, – деп рақаттана күлді.
– Ә, ішсек, ішейік, туған жерің ғой, – деді Халима жеңгей де білгірлікпен.
Бұлақ басында күтушілер келгендерді рет-ретімен орналастырды. Ауыл басшысы Күнсіләм Мұсажанов:
– Әз-аға! – деді, – Бұл ауыл сіздің өз еліңіз ғой. Қашан келсеңіз де есігіміз ашық, төріміз дайын. Сіз сияқты Баукеңмен тіл табысқан батыр жазушыны қарсы алмағанда, кімді қарсы аламыз?!
Мен: «Әз-әғаң не де болса, мынадай қошеметке жүз грамм коньяк тартып жіберетін шығар», – деп бақылап тұрмын. Жоқ, өйтпеді. «Нәрзан» суынан аздап құйып алды да, бір ұрттады.
Сонымен шығарып салу рәсіміне оның 1980 жылы баспадан шыққан таңдамалы жинағын ала келіп едім, отырыс аяқталар тұста ағамыздан қолтаңба алып қалайын деп, соны ұсындым.
Ол сөзге келместен: «Мәуітқазы ініме, құрмет, тілектестікпен! Әз.Нұршайықов. 21.08.1981. Воронцовка» деп жазып берді де, кітапты қайтарып жатып;
– Бауырым, хабарласып тұр, – деді.
Бұл менің Әз-ағаммен алғашқы жүздесуім еді.
Алматыдан келген үшбу хат
1982 жылы мамыр айында Көкшетаудағы «Шучинск» курортына «жолдаманы жастанып», барып қалмаймын ба!? Сол жерде Қазақстан Жазушылар одағы облысаралық бөлімшесінің бастығы Жайық Бектұров ақсақалмен таныстым. Жетпісті алқымдаған ол ұзақ жыл Сібірде «37-нің» азабын тартса да, әлі де ширақ, кербез, келбетті екен. Оған «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан көлемді материалын апарып беріп едім, қуанып қалды да:
– Бала, сен қай жерденсің? – деді.
– Аға, мен Семейден, Жарма ауданынанмын, – дедім.
– Ә, Әзілханның жерлесі екенсің ғой!?
– Тап солай. Биыл ол ағамыздың 60 жылдығы, күтіп жүрміз, – деймін мен елпілдеп. Жәкең бетіме барлай қарады да:
– Жоқ, ол Семейге 60 жылдыққа бармайды. Олар Тұрсынбек Кәкішев, Мұзафар Әлімбаев үшеуі дос қой. Мен білсем, олар бара алмайды, – деп тағы қайталады.
Мына хабардан кейін алып ұшқан көңілім су сепкендей басылып қалды. Айтқанындай, Әз-ағаң 1982 жылы елге келмеді.
Сонымен жылдар өтіп жатты. Арада екі-үш жыл өткенде Алматыға баратын Абзал Тәшеков деген құдасынан хат жазып, ішіне ағамыздың 60 жылдығына арналған өлеңімді қосып жібердім.
Бір күні жергілікті поштаға барсам, маған Алматыдан бандероль келіпті. Ашсам, Әз-ағаңның «Өмір өрнектері» деген кітабы, ішінде қолтаңба және арнайы хат бар екен. Қолтаңбада былай делініпті: «Қымбатты Мәуітқазыға, ағалық құрмет, тілектестік белгісі үшін! Әз.Нұршайықов. 26.03.1988 ж.».
Ал хаттың мазмұны мынау: «Қымбатты Мәуітқазы інім! Сіздің жазған хатыңызды, арнаған өлеңіңізді алғанмын. Өлеңіңізде «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабына жоғары баға беріп, «жастарға өте қажет дүние, бағалы мүлік» деп атаған екенсіз. Кітабым жастарға жараса, оған мен өте қуаныштымын. Бірақ ауырып-сырқап жүріп, сізге жауап жаза алдым ба, жоқ па, білмеймін (қазір де осында емделіп жатырмын)… Жұрт маған «Махаббат, қызық мол жылдар», «Өмір өрнектері» кітабын сұрап, қайта-қайта хат жазады. Бірақ қайта шығару «Госкомиздаттың» қолында ғой. Сол хабарды оқығаннан кейін сіз есіме түстіңіз де, хабарыңызды білейін деп, хат жазып отырмын. Үй іші, келін тегіс аман ба? Тегіс сәлем айтыңыз. Шығарған жаңа өлеңдеріңіз бар ма? Ең жақсысын іріктеп, маған жіберіңіз. Мен «Жұлдыз» журналына ұсынайын. Абай ауданында өткен Шәкерімнің тойына шақырып еді, ауырып қалғандықтан бара алмадым. Жалпы, Семейге бармағаныма бірсыпыра уақыт боп қалған екен. Тегі, дәм тартпай жатқан болар. Тегіс аман-сау болуыңызға тілектеспін. Құрметпен Әз.Нұршайықов. 23.08.1988. Аурухана. Алматы.
Әкесіне сөгіс бергізген пионер
Сонымен Әз-ағаңмен екінші кездесудің реті 1992 жылы тамыз айында түсті. Сол жылы «Қалбатау асыл тұқымды мал зауытының» 60 жылдығы тойланатын болды. Әз-ағаң сол тойдың құрметті қонағы ретінде шақырылды. Ол кісіге той алдында аудандық «Рауан» газеті қызметкерлері арнайы жолығып, біраз сауал қойған едік. Соны келтірейін.
– Әз-аға, өзіңізді журналиспін деп есептейсіз бе, әлде, жазушымын деп санайсыз ба? Қай қасиетім басым деп ойлайсыз?
– Алдымен ақындықтан бастасам да, жұртқа журналист ретінде танылғанымды ешқашан да ұмытпаймын.
– Алғашқы мақалаңыз қашан, қайда шықты?
– Алғашқы мақалам 14 жасымда, Жарма аудандық «Социалистік еңбек» газетінде басылды. Ол «Серешілер тобы» деп аталған еді. Өз колхозымда күн сайын «сере» жеп, мас болып жүретін механизаторларды сынадым. Астына «Пионер, Әзілхан» деп қол қойғам. Мақала аудандық партия комитетінде талқыланып, колхоз бастығына сөгіс берді. Бастық өз әкем еді.
– Өміріңіздегі ұмытылмас кезеңдеріңіз қандай?
– 1945 жылдың 9 мамыры. Жеңіс күні. 1943 жылы сәуірде майданда СОКП мүшелігіне өтіп, окопта отырып, партия билетін алдым. Ал 1945 жылы әскерден босаған соң Алматыда қалып, университетке оқуға түстім. 1947 жылы маусымда үйлендім. 1956 жылы күзде «Алыстағы ауданда» деген очерктер жинағым шықты. Өз өмірімде осындай ұмытылмас төрт-бес кезең бар еді…
Кеңшардың 60 жылдығы жазушының 70 жылдық мерейтойымен қатар келіп, аудан, кеңшар жұртшылығы екі тойды кең алқапты Көкпекті өзенінің бойыңда дүрілдетіп өткізді. Тойда Әз-ағаң отбасымен, профессор, ғылым докторы Тұрсынбек Кәкішев, облыс басшылары Кешірім Бозтаев бастаған қадірменді қонақтар болды. Тойды кеңшардың жаңадан келген жас басшысы Дүйсенғазы Мусин тамаша ұйымдастыра білді. Ақындар айтысы өтті. Салтанатты жиында маған да құттықтау сөз берілді.
Әз-ағаң бірінші сыныпты осы «Скотоводта» оқыған екен. Өзімнің арнау-өлеңімде оны да келтіре кеттім.
Сол жерін естігенде ол мәз болып күлді.
Ол өлең:
… Сонау бір жылдар,
Әзаға, бар ма есіңде,
Түсер-ау еске, жеркепе үйдің пеші де.
Ежіктеп оқып, әліппеден ең алғаш,
Келгені тілдің ата, апа деген есімге.
Бабында тұрған кім екен сірә, өзіңдей?
«Ақиқат аңыз», «Тоғыз толғау» сөзіңдей.
Майталман Мұхтар, Бауыржан батыр секілді,
Көреміз сізді солардың оң көзіндей.
Қолтықтан жебеп, Мұхтар ағаң кең маңдай,
Қасыңда Сәбит, ортасында Мәлік тұрғандай…
Балалық, жастық, шақтарың өтті зымырап,
Жолдарың жатыр ұрпаққа болар ғибрат.
«Махаббат, қызық мол жылдар» атты еңбегің,
Кәусардай таза біз үшін тәтті бір бұлақ.
Бұлақтың суы суалмай өтер мәңгіге,
Кетер-ау жылжып, ғасырдан асып әріге.
Шықсаң да, аға,70-тің асқар шыңына.
Күтеді халқың тағы бір асыл дүние…
Иә, Әз-ағаң жұрт сенімін ақтап, өмірлік жары Халима жеңгемізге арнап, 2005 жылы «Мәңгілік махаббат жыры» кітабын шығарды. Бұл ұлы жазушының үлкен ерлік еңбегі еді.
Білмеппін, сол кездесу соңғы екенін
2003 жылы қоңыр күзде Семей қаласының байырғы оқу орны М.Әуезов атындағы педколледждің ғасыр тойы болып, оған Қазақстанның әр түкпірінен арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Бұлардың қатарында осы техникумның түлегі Әзілхан ағамыз да бар еді.
Әз-ағаң «Семей» қонақ үйінде деп естіген соң, сәлемдесуге сонда тарттым. 318 бөлмеге орналасыпты. Әдеппен есік қағып едім, әлден уақытта ағамыздың «кіріңіз!» – деген биязы, қоңырқай үні шықты.
Кіре бере қолымды ұсынып: «Әз-аға, көріспегелі бір талай уақыт өтті, ұмытып қалған боларсыз? – дедім күдігімді жасырмай.
– Ой, Мәукенсің ғой, ұмытқам жоқ. Бәрі, бәрі есімде. Ана жылғы мерейтойда оқыған өлеңің сақтаулы. Ол бір ойдағыдай той болды ғой, – дегені.
«Япырм-ай, есте сақтау қабілеті не деген мықты еді» – деп таңырқап: «Иә, иә онда жастау шағымыз, бұл күнде шау тартып, шалдыққа бет түзедік қой» – дедім әзілдеп.
«Әй, дегенмен, осы шалдыққа дұрыс жеткен де жақсылық-ау өзі. Жасай бер! Үй ішің мен келінге сәлем айт!» – деп шығуға ыңғайланды.
– Аға, бүгін бір немерем беске толушы еді. Мына бір кітабыңызға қолтаңба қойсаңыз, – деп әдейі ала келген «Автопортрет» деген кітабын ұсындым.
Ол баламның атын сұрап алды да, былай деп жазды:
«Қуаныш қалқам! Сені туған күніңмен құттықтаймын! Бақытты, үлкен азамат бол! Атаң Ә.Нұршайықов. 27.09.2003 ж.».
Сосын кітапты қолыма ұстатып: «Көп жасасын немерең. Сәлем айт, мұртты шалым!» – деді күліп.
Сол сәтте менің ойыма:
– Иә, Әз-аға, шал болдық,
Шалдыққа жетіп, дәл болдық.
Едірейтіп мұрт қойдық,
Ежірейе қараса,
«Бұл несі?» деп таң болдық,
Жалын атқан кешегі,
Жиырма беске жете алмай,
Бүгін міне, зар болдық.
Сіз мақтаған шалдықтың,
Малдас құрып төріне,
Шалқая келіп, ал қондық! – деген өлең орала кетті.
Амал не, қарбалас сәтте бұл шумақтар Әз-ағаңа айтылмай, өзіммен бірге қала берді.
Ол көлікке отырып, жылжи бергенде көкірегімді:
«Жақсы адамның шарапаты керемет екен-ау!?» деген бір жып-жылы сезім-ой тербеп тұрғаны есімде…
Мәуітқазы Зүкенов, ардагер журналист.
Өскемен қаласы.