ЖАҚАШЕВТАР ОТБАСЫ ОЗА ШАПТЫ
Отбасы күніне орай, «Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-де қызмет алушылар мен олардың сүйікті де белсенді ата-аналарының арасында «Берекелі шаңырақ» атты отбасылық сайысы өтті. Ойын-сауық бағдарламасының мақсаты: салауатты өмір салтын насихаттау, ата-аналармен тығыз байланыс орнату, отбасыларды спортқа баулу, ата-ана мен баланың арасындағы бірлік пен татулық қасиеттерін нығайту, әр отбасының құндылықтары және дәстүрімен таныс болу.
Іс-шара тақырыпқа сай әдемі безендірілген орталық ауласында орналасқан сахнада өтті. Сайысқа алты отбасы қатысты. Олар: Болатбек, Жакашевтар мен Жасұлановтар отбасы, Мустафиндер, Сламжановтар және Қасеновтар отбасы.
Қатысушылар жеңіс мәресіне жету үшін: «Сұрасаң – менің тегім…», «Өнерліге өріс кең!», «Мақал-мәтел сайысы», «Ас – адамның арқауы», «Өнерлі ғой – он саусақ», «Шынықсаң – шымыр боласың!» деп аталған алты кезеңнің шарттарын орындады.
Сайыскерлердің реттік саны жеребе тарту арқылы анықталып, орталық директоры Салтанат Селиханова барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайысқа Үржар аудандық сотының төрайымы Ш.Оспанова, аудандық мәдениет саласының ардагері, М.Кебіспаева, аудандық «Уақыт тынысы» газетінің ардагері, З.Бұланова, жеке кәсіпкер, орталықтың тұрақты демеушісі М.Оразғалиева, Үржар ауданының «Құрметті азаматы», балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Р.Джанкушукова сынды елге танымал адамдар төрелік етті.
Сайыс өте тартысты өтті. Қатысушы ата-аналар мен балалар әр кезеңде өздерінің жан-жақтылығымен, алғырлығымен, әдемі киімдерімен, өрелі өнерімен, білікті білімдерімен, ұйымшылдықтарымен көрерменді таңғалдырып отырды.
Қазылардың бағалау парағы бойынша, «Өнегелі отбасы» номинациясы Болатбек отбасына, «Белсенді отбасы» номинациясы Қасеновтар отбасына, ІІІ орын Жасұлановтар отбасына, ІІ орын Мұстафиндер отбасына, І орын Сламжановтар отбасына берілсе, Бас жүлде Жақашевтар отбасына берілді.
Номинанттар мен жүлдегерлерге мадақтама мен сыйлықты іс-шараға арнайы келген демеушілер табыс етті. Әр қатысушы командаға лента тағылып, гүл шоқтары мен естелік сурет табыс етілді.
Әр бөлім қызметкерлері арнайы тігілген қазақ үйде «Ең әдемі дәм дастарқаны» номинациясы бойынша фуршет әзірледі. Ең әдемі, ерекше дайындалған дәм дастарқанына орталық директоры Салтанат Қаймолдақызы мадақтама мен ақшалай сыйлық табыс етті. Бұл сайыс бойынша бірінші орын – «Жас өркен» тобына, екінші орын – «Балдәурен» тобына, сондай-ақ үшінші орын «Асхана қызметкерлері» тобына бұйырды.
«Берекелі шаңырақ» отбасылық сайысының қатысушылар үшін де, көрермендер үшін де пайдасы өте зор болды. Себебі сайыс өте мағыналы, тәрбиелік маңызы зор, әсерлі өтті. Ата- аналар өздерінің бесаспап екендерін көрсетті.
Сайысқа қатысқан барлық отбасыға және ұйымдастыруға атсалысқан қызметкерлерге алғысымызды білдіреміз.
Гүлжихан Айтбаева, балалар орталығының дефектологы