ҚоғамТОП

Жағдай толық бақылауда

Аймақта қатты аяз әлі бірнеше күн тұрмақ. Осыған орай облыстағы барлық құзырлы орган күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Жағдай облыс басшылығының тікелей бақылауында. Бұл туралы брифингте облыс әкімінің баспасөз хатшысы Елжан Қайырханов мәлім етті.

Шығыс Қазақстанға аяз келгелі шамамен бір аптадай уақыт болды. Бүгінде облыстың басым бөлігінде сынап бағаны –35-40, ал кей өңірлерде –50 градусты көрсетуде. «Казгидрометтің» мәліметінше, аяздың беті әлі бірнеше күн қайтпады. Тек сенбіден ары қарай күн біртіндеп жылына бастайды. Ал 24-29 ақпан аралығында аймақта қалың қар жауып, боран соғады, деп болжайды мамандар. Бұл күндері ауа температурасы –5 және –10 градус аралығында болмақ.

– Жалпы өңірдегі жағдай тұрақты және облыс әкімінің тікелей бақылауында. Жолдар бойынша ақпарат берсек, қазір республикалық және облыстық маңызы бар жолдар толықтай ашық. Тек таңғы уақытта қар көшкінінің түсінуіне байланысты Өскемен-Рахман қайнары бағытындағы автожол жабылған болатын. Қазір жолды қардан тазалау жұмысы жүргізілуде. Түнгі уақытта республикалық және облыстық маңызы бар жолда дизельді жеңіл автокөлік, жолаушы және жүк көліктерінің жүруіне шектеу қойылған. Сондай-ақ Ұлан ауданының Төменгі Тайынты, Бетқұдық және Марқакөл ауданының Шанағатты, Балықтыбұлақ ауылдарына апаратын жолдар жабық. Шанағатты ауылына жол бүгін ашылады, – деп мәлім етті Е.Қайырханов.

Баспасөз хатшысы сонымен қатар қолайсыз ауа райына байланысты облыстағы білім мекемелері түгел қашықтан оқытуға көшкенін хабарлады.

Оның айтуынша, біраз уақыт бұрын Марқакөл өңіріндегі бірқатар шаруа қожалығында мал азығының тапшылығы сезілген. Кейін бұл мәселені Күршім ауданының әкімдігі жедел түрде шешіп, шаруаларды қажетті мөлшердегі мал азығымен қамтамасыз еткен. Қазір бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ.

Баспасөз мәслихаты барысында өңірдегі су тасқынының алдын алуға бағытталған іс-шаралар туралы да айтылды.

– Облыста су тасқыны кезеңіне дайындық алдын ала жүргізілді. Қауіпті учаскелер анықталып, өзен арналарын, каналдарды тазарту, бөгеттерді күшейту, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу, су өткізу құбырларын ауыстыру жұмыстары атқарылды. Бірақ күн райының күрт құбылуына байланысты бірқатар аудан-қалада төтенше жағдай туындады. Мысал ретінде, желтоқсан айында Риддер қаласында болған оқиғаны келтіруге болады, – деді спикер.

Еске салайық, осыдан біраз бұрын кеншілер шаһарындағы «ЛК ГЭС»-те едәуір мөлшердегі қар мен мұз қоры жиналып, артық суды түсіру әдеттегі 6-12 күннің орнына 34 күнге созылған. Салдарынан осы маңдағы 36 саяжайды су басқан. Бүгінде келтірілген зиян мөлшері анықталған, шығын «ЛК ГЭС компаниясы» ЖШС есебінен өтелетін болады.

– Ақпан айында Өскемен қаласында бір ауланы, Зайсан қаласында үш көшені су алды. Катонқарағай және Күршім аудандарында дер кезінде жүргізілген жұмыстар нәтижесінде еріген қар суы ауылдарға жеткен жоқ. Материалдық шығын жоқ, тұрғындар зардап шекпеді. Облыста су тасқынына қарсы әрекетті пысықтауға бағытталған арнайы оқу-жаттығулар өтті. Жалпы, облыстағы жағдай үнемі бақылауда, – деп түйіндеді облыс әкімінің баспасөз хатшысы.

 

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button