ЖАДЫМДА ЖАҢҒЫРҒАН ОЛИМПИАДАЛАР
(Қазақтар Грецияда)
Төрткүл дүние жұртшылығы асыға күткен жазғы Олимпиада ойындары басталды. Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ елінің саңлақтары 5 Жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, 16 алтын, 17 күміс, 19 қола алқаны қоржынға салып, көк туымызды желбіреткен екен. Сөз жоқ, бұл экономикасы дамыған мемлекеттер қол жеткізе алмаған биік нәтиже, тәуелсіздік алған ширек ғасырда 52 медальға ие болу, шынында да, мақтауға тұрарлық.
Тәуелсіздіктің тәтті жемісін мен де таттым. Алты Олимпиада ойындарына, бес бірдей Әлем чемпионаттарына журналист ретінде қатысып, қазақ елі саңлақтарының абыройды асқақтатқан керемет нәтижелерін газет бетінде насихаттап, спорт тақырыбына жиырмаға тарта кітап шығарғанымды мақтан тұтамын. Әлемді шарлап, спорт додаларын тамашалаған кезде есте қалатын, таңдай қақтыратын, езу тартар оқиғалардың куәсі болдым. Оқырмандарға қызықты шығар деген оймен соның бірнешеуін ұсынғанды жөн көріп отырмын.
СИДНЕЙДЕГІ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ
(Сиднейде Әбдісалан аға Бекзаттың финалдық бәсекесін тамашалауда)
…Сидней таңы 1-ші қазанда көңілсіздеу атты. Сән-салтанатымен көзге ұратын көшелердегі ду-думан сөніп бара жатқандай. 17 күн бойы жұмыр жердің жұмбақ елі—Жазғы Олимпиада ойындары өтіп жатқан Австралияның Сидней қаласына жиналған жанкүйерлер спорт додасының аяқталатынына сенбейтін сыңайлы. Қазақ елінен келген біздер көңілдіміз. Төрт жігітіміз бірдей финалға шықты. Жиырма жыл зарықтырған алтынның төбесі шынымен көріне ме? Қазақтың қара домалақ баласы Олимп шыңына көтерілер ме екен?
Қуан, қазақ. Шаттан, алаш. Түркістанның тастүлегі, небәрі 20 жасқа енді толған былғары қолғап шебері Бекзат Саттарханов Жақсылықтың Мәскеу Олимпиадасындағы абыройды асқақтатқан нәтижесін қайталап, Олимпиада чемпионы атанды. Қазақ баласы жиырма жылды артқа салып, Олимп шыңын бағындырды. Қуанышта шек жоқ, көзге жас үйірілді, секіріп жатырмыз, айқайлаған да жарасады екен-ау. Жақсылық ботадай боздап жылап тұр. Аманша Ақбаев, атақты боксшы Әбдісалан Нұрмаханов, Шымкенттен келген Шертай Әмірбеков, Түсіпхан Сайханов, қазақтың батыр ұлы Дәулет Тұрлықанов, «Егеменнің» төрт бірдей журналистері—Рысбек Сәрсенбай, Еркін Қыдыр, мен және жас спорт журналисі Ғалым Сүлейменнің қуаныштан жүректері жарылып кететіндей, мәре-сәре. Сол күні Ермахан – алтын, Болат пен Мұхтархан күмісті сыйға тартты.
Қатты қуанғанымыз соншалық, жанымызға келіп, сәлемдескен қара торы қазақ қызын байқамаппыз. Жанында Австралияда шығатын белді газеттің тілшісі бар.
-Ағай, құттықтаймыз! Төрт бірдей қазақ баласының Олимпиадада тамаша өнер көрсетіп, әлем жұртшылығын таңдандырғаны мұндағы журналистерді қызықтыруда. Тәуелсіздік алғанына небәрі 9 жыл толған Қазақстанның 3 алтын, төрт күміспен командалық есепте 22-ші орынға тұрақтағаны шынында да, ғаламат көрсеткіш. Менің де қуанышым ерекше, толқып тұрмын. Мен—Жанар Мұқанқызы деген қазақтың қарапайым қызымын. Қытайда туып-өстім, күйеуім құрылыста еңбек етеді, алты жылдан бері Сиднейде тұрып жатырмыз. Бес-алты тілді еркін меңгергендіктен болар, осында волонтер (еріктілер) болуға шақырды,–деді қарындасымыз.
Жанар бұдан кейін Қазақстан туралы сұрай берді, елді бір көру арманы екенін, реті келсе, ата-бабалары кіндік қаны тамған қасиетті жерге қоныс аударғысы келетінін де сездірді. Жанарға қарап едім, көзінде мөлтілдеген жас, кемсеңдеп жылағысы келетіндей. Содан бері, 16 жыл өтті. Елін сағынған Жанар қазір қайда екен?
КӨГІЛДІР ТАУЛАР ҚҰПИЯСЫ
Сиднейден 150 шақырым жердегі жан-жағын эвкалипт ағашы көмкерген, бас-аяғына көз жетпейтін биік тауларды тамашалаушылар қатары бір сәтке сиремейді. Тау іші көгілдір түске малынып тұрады. Себебі, эвкалипт ағашынан шыққан бу оған себеп болса керек.
Міне, осы жерде биік үш құз жартас тұр. Аралары таяқ тастам, бір-бірінен аумайтын жарғауыттарды жалғастырып тұрған тар жолмен өту қиямет. Олимпиада ойындарына жанкүйер болып барған Жақсылық, Әсет, басқа да жігіттер бір-біріне әзіл тастап, қиямет-қайымның қыл көпірінен өтсек қалай болады десе де, жүректері дауаламаса керек, ол ойдан бас тартты.
–Бұрын дәл осы жерді аборигендердің Катумба деген тайпасы мекендеген. Сол тайпаның айдай сұлу апалы-сіңлілі Михни, Винлах, Гуннедз деген қыздары көрші тайпаның ағайынды үш жігітіне ғашық болыпты. Алайда, екі тайпа ұзақ жылдар бір-бірімен жауласып, соғысып жатса керек. Ғашықтар жасырын кездесіп жүреді. Жастардың махаббатын сезіп қалған тайпа басшылары басында айтысады, келіспеген соң тағы қан майдан басталып кетеді. Катумба тайпасында сыйқырымен даңқы шыққан бақсы болыпты. Ол үш қызға аяушылық білдіріп, соғыс аяқталғанша, үш құз жартасқа айналдыра тұрайын деп шешіпті. Бақытсыздық аяқ астынан ғой. Сыйқыршы да адам баласы, абайсызда қылыш тиіп, қыршынынан қиылды. Екі тайпа арасындағы соғыс аяқталды. Үш қызды тірілтетін сыйқыршы жоқ. Ақыры махаббат оты күйдірген үш жігіт күйікке шыдай алмай, опат болыпты.
Енді, міне, көгілдір таулардың үш қыз жартасы мұңға батып, мүлгіп тұр. Жұмыр жердің жұмбақ елі—Австралия тұрғындары, әсіресе, ғашықтар бұл жерде жиі бас қосады екен. Аборигендердің атажұрты, халқы жайында аңыз көп. Мұнда 600-ден астам аборигендер тайпасы өмір сүрген. Олар аң, балық аулап, тропикалық ағаштардың жемісімен қоректенген. Австралияны ашқан ағылшын капитаны – Джеймс Кук. Ағылшындар аборигендерді аяусыз қырған. 1850 жылы оларды қорғау жөніндегі заң қабылданса да, қазір халықтың саны күрт азайған. Сидней Олимпиадасының салтанатты ашылуында абориген қызы Кристи Ану ғажап даусымен ән салған кезде ондаған мың жанкүйерлердің сай-сүйегі сырқырып, көздеріне жас алғанын теледидардан талай адам тамашалағаны белгілі. Айта кету керек, аборигеннің аруы Кэти Приман 400 метр қашықтықта алтын алқаны жеңіп алған кезде Сидней тұрғындары таң атқанша ән салып, би биледі, қара нәсілді чемпион қыздың суреттері 40-50 қабатты тұрғын үйлер мен сәулетті ғимараттарда дүбірлі дода аяқталғанша жарқырап тұрды. «Шіркін, біздің елде де Олимпиада ойындары өтетін күн болар ма екен?» деген ойда қалдық.
АФИНАДАҒЫ ҚАЗАҚ АУЫЛЫ
(Афинадағы қазақ ауылында)
Арада төрт жылды салып, Грекияның астанасы Афинада Олимпиада ойындарының алауы тұтанды. Алайда, құдайлар елінде Қазақстанның құрамасы ала-құла өнер көрсетті, командалық есепте алғашқы қырыққа әрең іліндік. Жалғыз алтынды қазақ елінің абыройын асқақтатқан Бахтияр Артаев сыйлады. Арда туған ұлымыз Баркер кубогын да қанжығаға байлады.
Бұл Олимпиаданың ерекшелігі, елден барған спортшыларды қолдап, рухын жанатын, намыс отын тұтататын, өзге елден келгендерге қазақтың қонақжайлылығын, салт-дәстүрін паш ететін «Қазақ ауылының» Афинаның төрінде орналасауы болды. Оның салтанатты ашылуына Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ арнайы қатысып, қазақстандық делегация мен қонақтар алдында сөз сөйлеп, Қазақстанның қол жеткен табыстары туралы айтып берді. Мұхтархан, Асхат, Әлиямен жеке-жеке әңгімелесті. Қазақ елінің спортшыларын бастап келген шеф-де-миссион, біртуар азаматымыз Дәулет Болатұлына Олимпиадада табысты өнер көрсетуіне сәттілік тіледі.
«Қазақ ауылына» біз де бардық. Қатар орналасқан екі киіз үй әсем безендірілген. Бұл жерге келген қонақтар қазақтың ұлттық тағамы – қазы-қарта, қымыз, шұбаттан дәм татып, тамсануда. Арқалы ақын Жүрсін Ерман мен жұбайы Бақытжамалды осы жерден жолықтырып, мәре-сәре болып қалдық. Дәл сол күні қазақ эстрадасының жұлдыздары күйші Асылбек Еңсепов, қобызшы Әсел Нүркенова, әншілер Марат Тұрлықанов, Нағима Есқалиева, Медеу Арынбаев, бір топ бишілер келіпті. Олар ертеңінде өз өнерлерін ортаға салды. Кешкілік «Қазақ ауылына» ел намысын қорғап жатқан бір топ спортшылар келді. Элинндер еліндегі өнерпаздар мен саңлақтар кездесуінен әсерленіп қайттық. Айта кету керек, 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында да «Қазақ ауылы» өз есігін қонақтарға айқара ашты. Бірақ тұманды Альбион елінде киіз үй болған жоқ, ол офистен орын алды. Ал биыл Рио-де-Жанейрода қалай болар екен?
АҚЖОЛТАЙ АЙТҚАНДАРДЫҢ БІРІ – ФИНЛЯНДИЯ ПРЕЗИДЕНТІ
…2006 жылдың 8-ші ақпаны. Туриндегі Линготта Оваль Олимпиада қалашығында Қазақстанның туы ресми түрде Италия аспанында қалықтады. Әнұран әуелеген кезде оң қолымызды жүрек тұсына қойып бірге шырқадық. Басқа елден келген, қатарда тұрған делегация өкілдері бізге таңырқай қарайды. Қазақ елінің құрамасын бастап келген спорт басшылары Дәулет Тұрлықанов, Серік Төкеев, қызығы көп қысқы спорттың көрігін қыздырған саңлақтар, аккредитациядан өткен бір топ журналист ерекше қуаныштамыз. Жанымызда тұрған өз ағамыз өзбектер разы болғандарын жасыра алмай, «шіркін, қазақтар Шәмшінің гимні керемет ғой, құтты болсын» деп сыбырлап жатыр.
Бір қызығы, Туриндегі Қысқы Ақ Олимпиаданың өтуіне елдің оңтүстік жағы, оның ішінде ел астанасы Рим тұрғындары қарсы болыпты. Айтатын уәждері, қаржы дағдарысы кезінде миллиардтарды оңды-солды шашудың не қажеті бар дегенге саяды. Шынында да, Римді фотосуретші Владислав Филиппов екеуіміз күні бойы аралаған кезде көшелер мен ғимараттарда Олимпиада ойындарын жарнамалайтын бірде-бір билбордтарды көре алмадық, сауда дүкендерінде арнайы шығарылған бойтұмарлар жоққа тән.
22-ші ақпанда Праджелато План спорт кешенінде шаңғымен еркін жүгіруден әйелдер мен еркектер арасында спринттік жарыс басталды. Біз Олимпиада чемпионы В.Смирновпен әңгімелесіп отырғанбыз. Бір уақытта жанымызда отырған жігіттер дабырласып, орындарынан тұрып кетті. Бұл келген Финляндияның Президенті Тарью Халонен екен, жанында төрт-бес көмекшісі мен оққағары бар. Ол бізбен орысша амандасты. Соңынан білдік, Тарью ханым кезінде Ресейде екі-үш жыл тұрып, білім алыпты, орысшасы тәп-тәуір.
–Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫ жақсы білемін, елдеріңіз дамып келеді, спортшыларыңызға табыс тілеймін!-деді Президент Тарью Халонен. Бұдан кейін сіздерге тілеулес боламын, деген ханымға ризашылығымызды білдірдік.
Елден аттанарда Қазақстанның жалаушасы мен төсбелгілерді көбірек алғанбыз. Соның бірін қонаққа сыйладық. Ал Финляндия сияқты дамыған елдің Президенті сыпайылық танытып, бізге кәдесыйын ұсынды.
ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ҚҰЛАҒЫ
…2008 жылдың тамызы. Бейжіңдегі Жазғы Олимпиада кезінде жүздеген мың туристерге мыңға тарта мейрамханалар қызмет көрсетті. Бейжіңде орыс, өзбек, араб, басқа да халықтардың мейрамханалары тәулік бойы жұмыс істеп тұрды. Қашанда асықпайтын, «піс, дорбама түс» деген қағидаға сүйенген қазақтардың іргеде тұрған, 17 миллион халқы бар ірі мегафолисте мейрамхана, сауда үйлерін салуға құлшыныс танытпағаны бізді таңдандыра қойған жоқ.
Қазақстаннан келген делегация өкілдері жаңадан бой көтерген 33 қабатты «Ю-ианг» қонақүйіне орналастық. Қатар-қатар орналасқан бес мейрамхананың ішіндегі бізге жақыны қатты ұнады, бағасы су тегін деуге келеді, 8-10 юаньға тойып шығамыз. Бір күні алматылық кәсіпкер Әсет Дәулетов, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров үшеуіміз мейрамханаға келіп, ауқаттанып алайық деген оймен түшпара жегіміз келді. Қытайдың көжесіне жылан еті, тасбақа, құс етімен бірге, түсімізге енбейтін бақа-шаянның қосылатынына хабардармыз. Жырақта жүрген соң елдің тағамын сағынады екенсің. Түшпара жегіміз келіп, тапсырыс берейік десек, официант қыз бізді түсінбейді. Ымдасақ да ұғындыра алмаған соң амалым құрып, жымиып отырған Жақсылыққа қарағаным сол еді, көзім бірден мыж-мыж болған, түшпарадан аумайтын құлағына түсті. Қуанғаным соншалық, Жақсылықтың құлағын ұстап көрсетіп едім, официант қыз түсіндім дегендей жымиып, әп-сәтте түшпараны әкеліп берді. Бұдай кейін тұшпараны жеу қиындық туғызбады, жанымызда үнемі Жақсылық жүрді.
БИГ-БЕН! ВИНЗОР ҚАМАЛЫ
Тұманды Альбион елінде Қазақстан құрамасы ғаламат өнер көрсетіп, жалпы командалық есепте 12-ші орынды иеленгені белгілі. Алайда ауыр атлеттер жеңіп алған 4 алтынға қызғаныш білдіріп, арты дау-дамайға ұласқан спорттағы зымиян саясаттың құпиясын көзі қарақты жанкүйерлердің сезіп отырғаны түсінікті шығар. Лондондағы Олимпиада ойындары кезінде туристер мен журналистер атақты Биг-Бен, Винзор қамалын аралады, ағылшындардың тарихи ескерткіштер мен жәдігерлерді қорғауына қызығушылық танытты.
Биг-Беннің Лондонның символына айналғанына бір жарым ғасырдан асты. Биік сағат мұнарасы 1858 жылы іске қосылыпты. Циферблат диаметрі 7 метрге жететін төрт сағаты, мұнараның ұшар басындағы салмағы 13,5 тонналық қоңырау үні бүкіл әлемге жар салып тұр. Негізінде Биг-Бен жеке ғимарат емес. Ол Вестминстер сарайы сәулет кешенінің бір бөлігі ғана. Аумағы бірнеше гектар жерді алып жатқан, 1200 бөлмесі бар алып ғимаратта Ұлыбританияның Парламенті қоныс тепкен. Бір ғажабы мемлекеттік кеңес пен Парламент мәжілістері 1265 жылдан бері осы жерде өтіп келеді. Лордтар және қауымдар Палатасында 646 депутат бар.
Лондоннан 30 шақырым жердегі Винзор қамалын аралағанда еріксіз таңғалдық. Себебі, мұның алдында Франция мен Италиядағы көне қамалдарды аралаған кезде мұндай ірі, ғажап кешендерді көрмегенбіз. Винзор қамалының еңсесі биік, аумағы мыңдаған акрды алып жатыр. Жан-жағын орман мен Темза өзені қоршаған қамалда кезінде Генрих ІІІ-ші сауық-сайран салып, қыран құс мен ителгімен аң аулауға, қабан ұстауға әуес болыпты. 900 жыл бойы мемлекетті басқарған монархтар қамалда өз ізін қалдырып кеткен. Винзор қамалының мың жылдық тарихы бар. Ұлыбританияны 61 жыл бойы билеп тұрған Елизавета ІІ ханшайымы Лондондағы Букингем сарайында қонақтарды қабылдап, қызмет етсе, демалыс күндері Винзор қамалына келіп, демалуды ұнатады екен. Бұдан 20 жыл бұрын қамалда өрт шығып, талай құнды жәдігерлер мен суреттер шығын болған. Ол ол ма, алып ғимараттың бестен бірі жойылып кеткен. Оны жөндеуге және қалпына келтіруге бес жыл, қыруар қаржы жұмсалған көрінеді. Винзор қамалындағы тарихи суреттер мен көне жәдігерлер Ұлыбританияның мың жылдық тарихынан сыр шерткендей.
Тәуелсіздік алғанына небәрі ширек ғасыр болған қазақ елі де мемлекеттің абыройын асқақтататын, Астанадағы Бәйтерек, Берел мен Есіктегі табылған Алтын адам, құнды жәдігерлерді қадірлеп, бағалай білсе, оң болар еді.
Оңдасын Елубай
Өскемен.
Суреттер автордікі.