Қоғам

Жағдай толық бақылауға алынды

Жағдай толық бақылауға алынды


Толассыз жауған жаңбырдың және еріген қардың салдарынан тасқын жүріп, көптеген елді мекендердің тұрғындарына қауіп төндіргені барша жұртқа мәлім.Бүгінде залал мөлшері анықталып, ауылдарға қаншалықты деңгейде қатер төнгені мұқият сараптамадан өтті. Өңірде қалыптасқан ахуалдан бізді аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің бас маманы Д.Әділбеков құлағдар еткен еді.

– Әжептәуір қолайсыздықтар туындатқанымен, – дейді Данияр Талғатұлы, – бұл күндері жұрт үрейленетіндей қатерлі жайттар орын алған жоқ. Абай ауылдық округіне қарасты Бурабай ауылының маңында, Күршім-Маралды бағытындағы облыстық маңызы бар жолдың 39-шы километрінде 25 метрге жуық қиыршық тас жолды тасқын шайып кеткен болатын. Сол жерде «ОблШығысЖол» коммуналдық кәсіпорнының 14 жұмысшысы бір грейдер, бір тиегіш, екі жүк көлігі, бір УАЗ көлігі, бір ГАЗ-66 автомобилі сияқты техникаларды пайдалана отырып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде Абай, Маралды ауылдық округтерімен қарым-қатынас үзілген жоқ. Бурабайда 37 үйдің ауласын су басып, үйге кіріп кету қаупі туындады, дегенмен тез арада 2 МТЗ тракторын пайдалана отырып, барынша тиімді жұмыс істеген атқарушы органның 20 қызметкері бұл қауіптің алдын алып үлгерді. Қазір мұнда тасқын судан келер қатер жоқ.

Маралды ауылында он үйге осындай қауіп төнген еді. Дереу жұмылдырылған 50 адам екі МТЗ тракторын, бір УАЗ автокөлігін пайдалана отырып, қатердің бетін дер кезінде қайтарды. Үшбұлақ ауылында да осындай жағдай туындап, ДТ-75 тракторының көмегімен жабыла күш біріктірген 20 тұрғынның арқасында онда да судың тұрғын үйлерге кіруіне жол берілген жоқ.

Құйған ауылдық округіне қарасты Қайыңды ауылында он үйдің ауласын су басты. Ол арада «Күршім» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бір тиегіш тракторы, оған қосымша жергілікті халықтың бір ДТ-75 тракторы жұмыс істеп, 20 азамат тізе қоса қимылдады. Соның нәтижесінде қатердің жолы кесілді.

Марқакөл ауылында екі үйдің ауласына енген судың беті қайтты. Онда «Теректі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бір тиегіш тракторы, екі КамАЗ автокөлігі тынымсыз жұмыс атқаруда. Қазіргі уақытта су деңгейі төмендеп, қауіп сейілді. Осындағы Орта Теректі өзеніне салынған су қоймасындағы судың көлемі 12 наурыз күні 800 мың текше метрді құрады. Ал оның сыйымдылығы – 1, 05 млн. текше метр. Бұл су қоймасы «Қазақ су шаруашылығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының теңгерімінде.

Күршім ауылдық округінің Топтерек ауылына баратын жолдағы көпірдің кіреберісіндегі жолдың 4 метр жерін су шайып кетті. Оны қалпына келтіру үшін «Күршім» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының, Күршім №9 суда құтқару бөлімінің техникалары жұмылдырылуда. Сондай-ақ бұл шараға аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, жергілікті атқарушы органның және полиция қызметінің адамдары да жұмылдырылуда. Ал айналма жол салуға тоқтаусыз келіп жатқан тасқын су мүмкіндік бермей отыр.

Аудан бойынша барлығы 63 үйдің ауласына су кірген, дегенмен, тұрғындар тірлігіне айтарлықтай қауіп төне қойған жоқ. Бүгінгі таңда барлық жағдай аудан әкімдігінің, ауылдық округтер әкімдерінің, Күршім аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, сондай-ақ полицияның қатаң да тұрақты бақылауында.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Қоғам

Жағдай толық бақылауға алынды

Жағдай толық бақылауға алынды

Шілденің 8-і күні Аягөз қалалық аудандық ішкі істер бөліміне Ақтоғай стансасынан 40 шақырым жерде орналасқан «KAZMinerals тобы Ақтоғай тау-кен байыту кешенінің мердігер-құрылысшылары тұрып жатқан уақытша вахталық кентінің аумағындағы асханада түскі ас кезінде мердігер ұйымдар жұмысшылары арасында төбелес болғаны туралы ақпарат келіп түсті.
Белгілі болғандай, төбелес Қытай Халық Республикасының азаматтары саналатын жұмысшылардың тарапынан түскі астың сапасы мен мөлшеріне қанағаттанбауынан туындаған.
Тамақтың мөлшерін көбейту туралы талапқа аспазшылар кәсіпорындағы әрбір жұмысшыға ас қатаң белгіленген мөлшерде берілетінін түсіндіріп айтқан. Сол себепті қосымша тамақ салып бере алмайтынын жеткізген. Мұны естіген қытайлық жұмысшылар дауыстарын көтеріп, наразылық білдіруге көшкен. Тіпті, өздерінің ҚХР-дан келген құрылыс басшысының сөзіне құлақ аспай, бұлқан-талқан болған. Осы кезде қытай тарапынан жұмысқа алынған күзет қызметінің өкілдері наразы азаматтарды сабырға шақырып, сыртқа шығарған. Алайда, ашуға мінген олар күзетшілерге қарсы күш қолданып, мұның соңы жаппай төбелеске ұласқан көрінеді.
Қақтығыстың салдарынан бірнеше адам жарақат алған. Зардап шеккендердің қатарында ҚХР-дың да, Қазақстанның да азаматтары бар. Әртүрлі деңгейдегі дене жарақатын алған жұмысшылардың бәріне медициналық көмек көрсетілді.
Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшыларымен төбелес тоқтады. Қосымша полиция жасағы жеткізілді. Нәтижесінде жағдай тұрақтанып, толық бақылауға алынды.
Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, шұғыл-тергеу тобы құрылды. Тиісті тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар тамақтандыру орнында қызмет көрсету сапасы тексеруге алынды.
Қақтығыс туындаған жерге облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бастаған құзырлы органдардың басшылары шұғыл жетті. Тиісті мемлекеттік органдар мен құрылымдардың өкілдерінен құрылған штабтың шұғыл отырысы ұйымдастырылды. Штаб мүшелері кәсіпорын ұжымының арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Соның арқасында жағдай реттеліп, жұмысшылар өздерінің қалыпты тірлігіне көшті. Аймақ басшысының өкімімен арнайы комиссия құрылып, төтенше оқиға мұқият зерттелетін болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button