Жағдай толық бақылауға алынды
Толассыз жауған жаңбырдың және еріген қардың салдарынан тасқын жүріп, көптеген елді мекендердің тұрғындарына қауіп төндіргені барша жұртқа мәлім.Бүгінде залал мөлшері анықталып, ауылдарға қаншалықты деңгейде қатер төнгені мұқият сараптамадан өтті. Өңірде қалыптасқан ахуалдан бізді аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің бас маманы Д.Әділбеков құлағдар еткен еді.
– Әжептәуір қолайсыздықтар туындатқанымен, – дейді Данияр Талғатұлы, – бұл күндері жұрт үрейленетіндей қатерлі жайттар орын алған жоқ. Абай ауылдық округіне қарасты Бурабай ауылының маңында, Күршім-Маралды бағытындағы облыстық маңызы бар жолдың 39-шы километрінде 25 метрге жуық қиыршық тас жолды тасқын шайып кеткен болатын. Сол жерде «ОблШығысЖол» коммуналдық кәсіпорнының 14 жұмысшысы бір грейдер, бір тиегіш, екі жүк көлігі, бір УАЗ көлігі, бір ГАЗ-66 автомобилі сияқты техникаларды пайдалана отырып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде Абай, Маралды ауылдық округтерімен қарым-қатынас үзілген жоқ. Бурабайда 37 үйдің ауласын су басып, үйге кіріп кету қаупі туындады, дегенмен тез арада 2 МТЗ тракторын пайдалана отырып, барынша тиімді жұмыс істеген атқарушы органның 20 қызметкері бұл қауіптің алдын алып үлгерді. Қазір мұнда тасқын судан келер қатер жоқ.
Маралды ауылында он үйге осындай қауіп төнген еді. Дереу жұмылдырылған 50 адам екі МТЗ тракторын, бір УАЗ автокөлігін пайдалана отырып, қатердің бетін дер кезінде қайтарды. Үшбұлақ ауылында да осындай жағдай туындап, ДТ-75 тракторының көмегімен жабыла күш біріктірген 20 тұрғынның арқасында онда да судың тұрғын үйлерге кіруіне жол берілген жоқ.
Құйған ауылдық округіне қарасты Қайыңды ауылында он үйдің ауласын су басты. Ол арада «Күршім» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бір тиегіш тракторы, оған қосымша жергілікті халықтың бір ДТ-75 тракторы жұмыс істеп, 20 азамат тізе қоса қимылдады. Соның нәтижесінде қатердің жолы кесілді.
Марқакөл ауылында екі үйдің ауласына енген судың беті қайтты. Онда «Теректі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бір тиегіш тракторы, екі КамАЗ автокөлігі тынымсыз жұмыс атқаруда. Қазіргі уақытта су деңгейі төмендеп, қауіп сейілді. Осындағы Орта Теректі өзеніне салынған су қоймасындағы судың көлемі 12 наурыз күні 800 мың текше метрді құрады. Ал оның сыйымдылығы – 1, 05 млн. текше метр. Бұл су қоймасы «Қазақ су шаруашылығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының теңгерімінде.
Күршім ауылдық округінің Топтерек ауылына баратын жолдағы көпірдің кіреберісіндегі жолдың 4 метр жерін су шайып кетті. Оны қалпына келтіру үшін «Күршім» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының, Күршім №9 суда құтқару бөлімінің техникалары жұмылдырылуда. Сондай-ақ бұл шараға аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, жергілікті атқарушы органның және полиция қызметінің адамдары да жұмылдырылуда. Ал айналма жол салуға тоқтаусыз келіп жатқан тасқын су мүмкіндік бермей отыр.
Аудан бойынша барлығы 63 үйдің ауласына су кірген, дегенмен, тұрғындар тірлігіне айтарлықтай қауіп төне қойған жоқ. Бүгінгі таңда барлық жағдай аудан әкімдігінің, ауылдық округтер әкімдерінің, Күршім аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, сондай-ақ полицияның қатаң да тұрақты бақылауында.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.