Қоғам

Жабыққан жандарға үміт сыйлап жүр

Жабыққан жандарға үміт сыйлап жүр


Жабығып жүрген жандарға қол ұшын беріп, қайырымдылық жасап жүрген қыз-келіншектерден құралған «Шығыс шынарларын» бүгінгі күннің батырлары деуге толық негіз бар. Олардың бастамалары өзгелерге үлгі боларлық.

Жақсылық жасауды жетімдер үйінен бастады

Естеріңізде болса, былтыр желтоқсан айының басында қалаға есімі ел аузында кеңінен тарап жүрген психолог Құралай ханым келіп \” Әйелмін мен! Тербетемін әлемді!\” атты семинар өткізіп, өңірдегі 20-65 жас аралығындағы нәзік жандардың басы осы жиында біріккен болатын.

Кейіннен «WhatsApp» әлеуметтік желісінде \”Шығыстың шынарлары\” атты чат ашылып, оқыған-тоқыған, ойлары ұшқыр қаракөз арулар жиналған. Барлығының мақсаттары – өсіп-өркендеу, білім алу, ұрпағына мықты тәрбие берумен қоса шаңырағын шаттыққа бөлеу.

Көп ұзамай әр басқан қадамдары сенімді, ниеттері адал, жан баласына жанашыр әйелдерден сұрыпталған топ қайырымдылық, жақсылық жасауды бастады. Себебі араларында бұған дейін де қайырымдылықпен айналысқандары бар еді.

Ең алғашқы қаржылай көмек жетімдер үйіне, кейіннен мұқтаж жандарға көрсетілді. Алты баласымен аядай ғана, қабырғасы көгерген тар бөлмеде тұрып жатқан, тұрмыс жағдайы төмен, жоқшылықтан әбден кажып көмек сұраған анаға қолдау білдіріп, демеушілік жасады. Шығыстың арулары олардың кеуделерінде алдағы күнге деген үміт отын жаға білді. Әрі бұл игі істерін еш уақытта жария еткен де емес. Бұл жолы да аттарын атаудан бас тартып, тек ханымдар деп атауымызды өтініп сұрады.

Топтың құрылғанына төрт айдай уақыт өткенде, әр таңды ізгі тілектермен қарсы алып, қайырымдылық жолында жүрген арулар көктемде тосын оқиғаға тап болып, кезекті бір көмектерін жасаған болатын.

Өскеменге көктем кеш келеді ғой. Сол көктемнің қара суық ызғарлы кештерінің бірінде әскери қызметтегі Айдос мырза жұмысынан шығып Ахмер кентінің көшелерін басып өтіп, үйіндегі қос кұлыны мен сүйікті жары Айсұлтанға асығып келе жатқан. Кенет көзі жол бойында бүрсеңдеп тұрған, бала көтерген келіншекке түсті. Жандарынан көліктер тоқтамай өтіп жатыр. Айдос жайлап тоқтап ана мен баланы көлігіне отырғызып, қайда баратындарын сұрай бастағаны сол еді, суықтан өңі қашып, сұп-сұр болып кеткен ана баласын кеудесіне қысып:

– Аға, барар жеріміз жоқ, балама көмектесіңізші, – деп жанарын төмен салып, жылап жіберді.

Бұл жай Айдостың басына жай түскендей әсер етті. Дереу әйеліне қоңырау шалып, үйге ана мен баланы әкеле жатқанын айтты.

Бұл кезде Айсұлтан «Шығыстың шынарларына» күйеуінің үй-күйсіз жүрген ана мен баланы шаңырағына алып келе жатқанын, көңілі алаңдаулы екендігін айтады. Айсұлтан келе жатқан сәби ғой деп ойласа да, бір жағынан көпті көрген жандардың «абай болғайсың» деген сөздерінен мазасы да қашқан еді.
Көп ұзамай отағасы қонақтарды үйге алып келді. Айсұлтан болған жайды сұрастыра бастады, бала 1 жас 4 айлық екен, Алланың құдіретін қараңыз, маңдайы кең, көзі мөлдіреп, томпиып отырған сәбидің есімі де Айсұлтан болып шықты. Үнсіз отырған жас ана сөйлей бастады. Шешесімен сөзге келіп, үйінен біржола кетіп қалғанын, үйлерінде жейтін тамақ жоқтығын, үш күн бойы от жағылмағанын айтып, ертеңге дейін түнеп шығуларына рұқсат сұрайды.

Анасы мен қызын қайта табыстырды

Бұл аралықта топтағы «Шығыстың шынарлары» да бей жай қалмайды. Мейрамгүл, Раушан секілді ханымдар өзара ақылдасып, «танымайтын ана мен баланы ол үйде қалдыра алмайтындықтарын, бірақ басқа жолмен шешіп, қалай болғанда да бұл қызды шешесімен табыстырып, үйіне жеткізуіміз керек» деген тоқтамға келіп, енді қыздың шешесінің нөмірін іздейді.

Алайда қыздың шешесі бұл қыз апасында тәрбиеленгенін, кезбе жүрісіне көңілі толмайтынын, қызы үшін ел-жұртқа қарабет болғанын, өздері зорға күн көріп отырғанда даладан бала тауып әкелгендігін, өзі қолында ауру бала бағып отырғандығын жайып салып, бірақ үйден қумағандығын айтып ақталады.

– Қызымды үйге сыйдырсам да, даладан әкелген баласына жағдай жоқ, балалар үйіне өткізіп, өзі келсін үйге, – деп телефонның тұтқасын қоя салады.
Болған жағдай топта талқыға түседі. Дәл осы сәтте топтың анасы атанған Нұрия ханым:

– Қыздарым, Нұрила (арнайы шоттағы қаржыға жауапты), шотта қанша ақша бар? Түнімен көмір сататын жерлер болса бір-екі қап көмір жеткізсек. Кім киім-кешек, азық-түлік, тағы қандай көмек бере алады? Қанеки, қыздар қазір ана мен баланы үйіне жеткізіп, табыстырып келейік, кім барады?– дейді өзінің нық сөйлейтін, жағымды даусымен.

Ханымдар ұсынысты бірауыздан қолдап, өре түрегеліп, таксимен Нүрия ханымның үйіне азық-түлік, балаға киім-кешектер жетіп жатты. Барлығы ақылдаса келе, ана мен баланы үйіне жеткізіп, барлық мән-жайды дұрыс түсінбекке түн жарымда жинала бастады. Қ.Қайсенов кентінде тұратын Мейрамгүл ханым мен топтың ақын қызы Әсем Нүрия ханымды алып барлығы Айсұлтанның үйін бетке алады. Сағат түнгі он болып қалған. Тіпті сонау Ұланның Саратовка ауылынан көлігіне отынын, көмірін сықита толтырып топтың аяулы анасы, басынан небір қайғылы күндер өтсе де мойымаған Сәуле ханым да жолдасымен Ахмер кентіне қарай жолға шығады.

Ана мен баланы үйіне табыстауға шыққан екі көлік Ахмердің шетінде кездесіп, жас ананың жол сілтеуі бойынша әлгі суық үйге жетеді. Көлік үйдің іргесіне тоқтағаннан ананың реңі қашып, кішкентай Айсұлтан қыңқылдай бастайды.

– Үйдің іші мүлдем қараңғы екен. Кішкентай сәби жылап, мазасы кетіп, бәріміз ұялы телефонның шамын жағып, «анасы бері келіңіз, біз Айсұлтанды алып келдік, сөйлесейік» деп сөзге шақырдық. Үйдің іші аңырап, ауыздан бу шығып тұр. Бір кезде жас ананың бауыры келіп, шамды жақты, – дейді топ мүшесі Мейрамгүл ханым.

– Күйеуім өмірден кайтты, қолда психикалық ауытқуы бар ауру қызым бар. Ұлым жұмыстан күнде екі мың теңге ақша әкеледі, ол күнделікті нанымыздан аспайды, ал мына қыздың жүрісі мынау, ел-жұртқа қарайтын бет жоқ. Даладан тапқан баласы әлсіз, ауру. Оған дәрі-дәрмек әперетін шамамыз жоқ, бізбен арпалысып, жаға жыртысуға дейін барады, – деген анасы өткен күндері есіне түсіп, кісілердің көзінше қызына қатты-қатты ауыр сөздер айтады.
Қызы да «Мен бұл үйде тұрмаймын, күнде ұрсысып отыратын шамам жоқ, кетем, – деп ашуланып, баланы жұлқылап киіндіре бастайды.

Ханымдар ендігі жерде анасы мен қызына кезек-кезек басу айтуға кірісті.

Мейрамгүл ханым «Сіз, қалай десеңіз де мұндағы үлкен Анасыз, қызыңыз қателесіпті, менің де немерелерім бар, қай қазақ баласын үйден қуды, ақылға келіңіз» десе, Нүрия ханым «Қарағым, үйіңнен безіп қайда бармақшысың? Ешқайда да бармайсың, біз қолымыздан келгенше, көмек аямаймыз, ертең тағы келеміз, сен одан да мына үйді мұнтаздай етіп жарқыратып, қабырғаларды әктеп қой, үйдің тазалығы сенің мойныңда» деді.

Ханымдар осылай әуреге түсіп жатқанда Сәуленің жолдасы әкелген отын, көмірін түсіріп, үйге дүрілдетіп от жағып, үйдің іші жылынып, сәби Айсұлтан екі беті алмадай қызарып, тәтті ұйқыға кетті.

– Қойшы, бұл түнде қаншама жылы сөздер айтылып жатты, әлден уақытта барып ананың қатып қалған жүрегінен үміт оты жарқ еткендей болды. Әбден қиындықты бастан кешкен ана ботадай боздап жылап жіберді, барлығымыз көз жасына ерік бердік. Қызы мен анасы бірін-бірі құшақтап жылап отырды. Алып барған біраз қаражат пен киім-кешек, азық-түліктерді табыстап, ертең тағы келетінімізді, қызына берген тапсырманы орындап қоюын, ертең Сәуле көрпе-жастық, матрас, біз төсек-шкаф әкелетінімізді, егер құлшыныстарын білдірсе ел қатарлы өмір сүріп кетулеріне көмектесетінімізді айтып, уақыт түнгі үштен асқанда үйімізге жиналдық. Анасы мен қызы алғыстарын жаудырып жатты. Бір отбасына үміт отын жаға білгенімізге қуанып үйімізге тарадық. Дәл осы түні «Шығыс шынарлары» жұмылған жұдырықтай үлкен күш екенін ұқтым, – дейді топ мүшесі Нүрила.

Отбасының мұнан кейінгі жағдайы да ханымдар тобының бақылауында болып, олар үшін арнайы шотқа қаражат салынып, үйге қажетті жиһаздар алынды. Топтағы Гүлнәр ханым кішкентай Айсұлтанды Күленов кентіндегі меншік балабақшаға орналастырып, алғашқы айларын төлеп берсе, өз жатақханасы бар тағы бір Гүлнәр есімді ханым ана мен баланы тіркеуге отырғызып, керекті құжаттарын жинап берді. Баланың анасына да балабақшадан жұмыс табылды. Тіпті жас ананың бауырын да жұмысқа орналастырып, алғысқа бөленді.

Бұл оқиғадағы анасы мен қызының жіберген қателіктері өзгелерге сабақ болса, құба-құп дейміз. Ал «Шығыс шынарлары» қолдауға зәру жандарға әрқашан рухани жағынан да, материалдық тұрғыдан да көмек-қолдарын созып келеді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button