Қоғам

Жабық бассейн пайдалануға берілді

Жабық бассейн пайдалануға берілді

Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА бастаған үкіметтік делегация мен Парламент депутаттары Өскеменде пайдалануға берілген тұңғыш заманауи стандарттарға сай жабық бассейннің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Аталмыш спорт ғимараты 5 блокқа бөлінгенін, соның ішіндегі ең негізгі блокта аумағы 1050 шаршы метрді құрайтын алып бассейн бар екенін айта кеткен жөн. Мамандардың айтуынша, мұндай бассейн ел аумағында саусақпен санарлықтай ғана екен. Бассейн суының ең таяз жері – 1,8 метр болса, ең терең тұсы 4 метрден асады. Сонымен қатар, мұнда жаттығу залдары мен киім ауыстыру бөлмелері, гардероб пен асхана да бар. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш нысан заманауи стандарттарға толығымен сәйкестендіріліп жасалыпты. Мұны салтанатты шараға арнайы келіп, жаңа нысанның сапасын өз көзімен көрген спорт ардагерлері де айтты.
– Жаңа бассейннің кереметтігіне көз тоймайды екен. Барлығы да жан-жақты ойластырылып, оң шешімін таба білген. Нысанның құрылысына жауапты адамдар өз жұмыстарын асқан жауапкершілікпен атқарғаны көрініп тұр. Өскелең ұрпаққа спортпен айналысуға, бос уақыттарын тиімді өткізуге тамаша жағдай жасалыныпты. Шіркін, біздің жас кезімізде мұндай нысандар болғанда ғой… Енді бұл аренада ел біріншіліктерін, ал болашақта халықаралық жарыстарды да өткізуге болады. Бұл бассейннен талай чемпиондар шығатынына сенімім мол, – дейді сексенді алқымдаған Леонид Мамеев есімді ақсақал.
Ал 12 жыл бойы су спортын өзіне серік етіп келген Олег Безбородов есімді өскемендік өрен жаңа нысанда өзі сияқты жас спортшыларға барлық жағдай жасалғанын айтып, енді жаттығуларын осында өткізетінін жеткізді.
Расымен, спортшыларды айтпағанда, жаңа бассейнге жарыс тамашалауға келген жанкүйер қауымның да қажеттіліктері толықтай ескерілген екен. Ыңғайлы көрермен орындары, бассейндегі бәсекеден суытпай хабар беріп отыратын үлкен табло мен ас мәзірінің алуан түрлілігімен ерекшеленетін асхана осы сөзіміздің дәлелі болады.
Ал облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбай мұндай бассейн бірінші кезекте елімізде, облысымызда олимпиадалық резерв дайындау үшін аса маңызды екенін тілге тиек етті.
– АҚШ сияқты алпауыт мемлекеттер әсіресе, осы су спорты түрлерінен мықты келеді. Мұның себебі де айқын, су спортынан Олипиада ойындарында ондаған комплект жүлде сарапқа салынатыны белгілі. Нәтижесінде, бір ғана спортшының өзі бәленбай алтын, күміс, қола жеңіп алып, елін өрге сүйреп, үздіктер қатарына қосып жатады. Облыс орталығында осындай заманауи жабық бассейн салудың себебі де осы. Бұл жерден сол халықаралық бәсекелерде топ жаратын саңлақтарымызды шығаруға ниеттіміз. Әрине, бұл бір күндік шаруа емес. Алдымен суда жүзудің қыр-сырын білетін мамандарды тартуымыз керек, – деген басқарма басшысы қазіргі кезде бұл бағытта тиісті шаруалар атқарылып, бірқатар отандық, тіпті, шетелдік жаттықтырушылармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты. Ол сонымен қатар, жаңа бассейнді күтіп ұстауға, таза сумен, электр энергиясымен қамтамасыз етуге жылына 70 миллион теңге көлеміндегі қаражат жұмсалатынын атап өтті. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, осындай типтегі өзге спорт нысандарының жылдық шығыны екі-үш есеге артық болады екен.
Жаңа бассейнді салудағы ең басты мақсат – мұнда келетін балақайлардан болашақ чемпиондарды даярлап шығару екенін спорт нысанының салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ та ерекше атап көрсетті.
– Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан халқының кем дегенде 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысуы қажет екенін айтып келеді. Сондықтан осы бағытқа қашан да зор мән беретін боламыз. Халқымыз салауатты өмір салтын ұстануы үшін елді мекендерде спорттық кешендер, стадиондар мен ареналар көптеп салынуы тиіс. Соңғы жылдары облысымызда мұндай спорттық нысандардың бірнешеуі пайдалануға берілді. Мәселен, қазіргі кезде өскемендіктер Жекпе-жек сарайы, Жеңіл атлетикалық манеж, шағын футбол алаңдары сияқты бірқатар жаңа нысандардың қызығын көруде. Дәл осындай жұмыс өзге қалалар мен аудандарда да жүргізіліп келеді. Әрине, мұның бәрі «Қазцинк», «Қазақмыс» сияқты ірі кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігі арқасында мүмкін болуда десек қателеспеспіз. Дегенмен, елінің гүлденуі үшін қашан да қолдау көрсетуге әзір тұратын жомарт жерлестерімізді де ұмытпаған жөн. Облысымызда «Туған жерге – тағзым» акциясы қолға алынғалы бері, бес жыл ішінде шығысқазақстандық кәсіпкерлерден туған мекенін түлету мақсатына 23 миллиард теңге көлеміндегі қаражат бөлінгенін ерекше атап өткім келеді. Ал осы соманың қомақты бөлігі ауылдық елді мекендерде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған. Сондықтан халқымыздың, ең бастысы, өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануы үшін бар жағдайды жасайтын боламыз. Барлықтарыңызды осынау бассейннің ашылуымен тағы бір мәрте құттықтап қоюға рұқсат етіңіздер, – деген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ сөзінің дәлелі ретінде дәл осы маңайда 200 орынға шақталған спорт интернатының құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Өз сөзінде аймақ басшысы осындай заманауи бассейннің құрылысын кешіктірмей, межелеген мерзімде аяқтаған мердігер компания «Элхон» ЖШС-нің бастығы Ұлықбек Тұмашиновқа алғысын білдірді.
Ал салтанатты шарада сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА облысымызда бой көтеріп жатқан спорттық нысандардың көптігіне көңілі толатынын жеткізді.
– Еліміздің Шығысынан шыққан спорт саңлақтары аз емес екенін білетінбіз. Енді осындай зәулім кешендер салынғаннан кейін олардың саны еселеп артатынына сенімім мол. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысы бұқаралық спортты дамыту жағынан еліміз бойынша алдыңғы қатарда келетінін айтқым келеді. Болашақ чемпиондар даярлап шығаруға мүмкіндік беретін осындай кешендерді салуға атсалысқан азаматтарға үлкен алғысымды айтқым келеді, – деді Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін Премьер-Министрдің орынбасары бастаған ресми делегация жаңа нысанның ішін аралап көріп, жас суда жүзушілердің сайыстарын тамашалады.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button