Жабайы туризм айылын жимай тұр

Бұқтырма су қоймасының жағалауында жабайы туризм айылын жимай тұр. Мұнда миллиардтап кіріс кіргенімен, одан түсетін салық мөлшері сараңның садақасындай ғана.
1991 жылдан бері Бұқтырма су қоймасының жағалауынан 4612 жер телімі пайдалануға берілген екен. Бұл еркіндік туризмнің дамуына оң ықпалын тигізіп, демалыс базалары жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған. Жаз бойы бұл аумақтан ресейлік туристердің де қарасы үзілмейді. Зырян аудандық туризм бөлімі берген мәліметке сенсек, биылдың өзінде Бұқтырманың бойынан 400 мың адам сая тауыпты. Олардан түскен табыс көлемі 9-12 млрд. теңге шамасында. Мұнша қаржыдан жоқ дегенде 360 млн. теңге салық түсуі керек еді. Соның тек 31 млн. теңгесі ғана төленген. Мемлекет мұндай бассыздыққа бұдан әрі көз жұмып қарамайтынын аңғартып отыр.
-Бұқтырма маңындағы демалыс базаларының қаржы айналымы қанша екенін біз жақсы білеміз. Бір жылда 12 млрд. теңгеге дейін кіріс түседі. Ал бюджетке түсетін салық мөлшері 20-30 млн. теңгеден аспайды. Бұлай болмайды. Биыл ауызша ескерттік. Келесі жылы да заңсыз жұмыс істеп отырған жер иелеріне кемшілікті жоюға мұрсат береміз. Ал 2019 жылы жаппай түгендеу жүргізіліп, талапқа сай келмейтін нысандар түгел сүріледі, – дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.
2019 жылы Өскемен – Зырян – Рахман қайнары бағытындағы жол қысқармақ. Яғни, Осинов асуының ирегін айналып өтетін төте жол құрылысы бітеді. 12 шақырымдық жаңа асу бұрынғы орақша орағытқан бөліктен әлдеқайда қауіпсіз болады деп күтілуде. Жол азабы жойылса, мұнда келетін туристердің нөпірі қазіргіден де көп болатын түрі бар.
-Асуды сыртынан айналып өтетін 12 шақырымдық жолдың өзіне 10,9 млрд. теңге шығындаймыз. Бір сөзбен айтқанда, Бұқтырманың бойында демалыс базасын ұстап отырған кәсіпкерлерге бұрын-соңды болмаған жағдай жасалмақ. Олар да осыны түсініп, салықтан жалтармай, адал жұмыс істеуі тиіс, – дейді облыс әкімі.
Жағалаудың 35 шақырымына 14120 нысан салыныпты. Осы құрылыстың тек 4120-ы ғана тіркелген. Қалғанының сайда саны, құмда ізі жоқ. Жүздеген миллион салықтан қазынаға сарқыны ғана түсуінің себебі осында жатса керек. Қазірдің өзінде аумақтағы 710 жер телімінің заңсыз берілгені анықталыпты. Кейбірінің қаңырап бос жатқанына үш жылдан асса, кейбір телімдердің иесі белгісіз. Ешкімнің рұқсатынсыз, өздігінен иемденіп алған телімдер де баршылық. Қауіпсіздік шараларына пысқырып та қарамай, табиғат қорғау заңдарын белден басып, судың ернеуіне еміне орналасқан үйлер де жеткілікті. Жаппай түгендеу жүргенде, осы заңсыздықтың бәрі ретке келуі тиіс.
Аудандық туризм бөлімінің басшысы Вячеслав Князев жағалауда 123 демалыс базасының ресми тіркелгенін айтады. Солардың тек 53-і ғана туризм саласында әріптестік орнату жөніндегі меморандумға қол қойған. Қалғандары да осы ізбен жүрмесе, 2019 жылға қарай жұмыстары тоқтатылуы мүмкін. Бұған дейін Үржар ауданындағы Алакөл жағалауы мен Ұлан ауданындағы Сібе көлдерінде де осыған ұқсас жағдайлар анықталып, әупіріммен реттелген болатын. Алакөл жағасында да тәртіпке бағынғысы келмеген ондаған нысанның жұмысы тоқтатылған еді. Ендігі кезек Бұқтырма жағалауына жетті.
Облыс әкімдігі бұл мәселені шешудің заңнамалық тәсілін де ойластыруда. Арнайы құрылған жұмыс тобы өңірдегі туристік нысандардың салық қатынасын реттеуге қауқарлы төлем жүйесін құруы тиіс. Ал аймақтық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады.
Есімжан Нақтыбайұлы