Жаңажылдық шырша шамы жағылды

Өскемендегі Республика алаңында Жаңажылдық шыршаның шамы жағылды. Күннің суығына қарамастан салтанатты шараны тамашалауға жиналған өскемендіктердің қарасы мол болды.
Аталмыш шараның ашылуында Аяз ата мен сондай-ақ мультфильм кейіпкерлерінің қатысуымен балаларға арналған мерекелік кеш өтті. Онда қала тұрғындары мен қонақтарының назарына «Аяз Ата мен Қаршағыз» сахналық театрландырылған музыкалық-хореографиялық қойылымы ұсынылды. Бұдан соң шырша шамы жағылды. Түрлі түсті ойыншықтармен безендіріліп, алыстан мен мұндалап тұрған шыршаны жағу рәсімін Аяз ата мен Қаршағыз жүргізді.
Бұл күні Республика алаңында Аяз аталар мен Ақшақарлардың арнайы флешмобы ұйымдастырылды. Оған 120 жұп қатысты. Мерекелік шара барысында Аяз аталар мен қаршағыздар қарлар орталық алаңға жиналған қауымды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, түрлі байқаулар ұйымдастырды. Байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаздарға сыйлықтар тарту етілді. Оған қоса, викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауабын тапқандар Аяз ата қоржынынан сыйлық алып, мәре-сәре болды. Флешмобқа қатысушылардың бірі Әсел Баубекованың айтуынша, ол жыл сайын бұл мерекені асыға күтеді.
– Жаңа жыл – жаңа бақыт, жаңа табыс әкеледі. Сол себептен біз отбасымызбен аталмыш мерекені атап өткенді ұнатамыз. Мен шын жүректен барлық қазақстандықтарға зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін, – дейді ол.
Айта кетейік, ресми деректер бойынша Аяз аталар мен Санта-Клаустар шеруі сонау 1905 жылдан бері әлемнің көптеген елдерінде өткізіліп келеді екен. Тіпті кейбір елдерде бұл мереке ұлттық деңгейде атап өтіледі.
Ажар Сағатбекова