Қоғам

Жағажайда демалушыларға жағдай жасалған ба?

Жағажайда демалушыларға жағдай жасалған ба?


Өңірімізде шомылу маусымы басталғаннан бері 32 адам суға кеткен. Олардың тоғызы + балалар. Төтенше жағдай қызметкерлерінің айтуынша, қайғылы жағдай қарапайым қауіпсіздік шараларының сақталмауынан орын алып отыр.

Жағажайға демалуға барған азаматтар көбіне алкогольді ішімдік ішеді, немесе шомылуға арналмаған орындарда суға түседі. Сондай-ақ, су жағасында ересектердің қарауынсыз қалып қойған бүлдіршіндер тілсіз жаудың құрбаны болуда. Мысалы, 5-ші шілде күні Зайсан ауданындағы Кендірлік су қоймасында шомылып жүрген 8 жасар ұл бала жағалаудан алысқа малтап кетіп, ағысы қатты судан шыға алмаған. Дәл осындай жағдай 13-ші шілде күні Өскемен қаласының жағажайларының бірінде орын алған.

Төтенше жағдай қызметі мамандары аймақта ресми тіркеуге алынған жағажайлардың ешбірі қауіпсіздік ережелеріне сай келмейтіндігін де жасырмайды. Мысалы, Өскеменде шомылуға арналған үш жағажай тіркелген. Құзырлы органдар жүргізген арнайы тексеріс барысында олардың ешбірінде құтқару бекеттерінің жоқтығы анықталды. Су тереңдігін айқындап тұратын қалқымалы ескерту белгілері де қойылмаған. Бүгінгі таңда мұндай жекеменшік жағажай иелеріне қатаң ескерту жасалып, кемшілікті жоюға кеңес берілуде. Олқылықтың орны толмаса, алдағы уақытта оларға ірі көлемде айыппұл салынатын болады.

– Облыс көлемінде орналасқан су қоймаларының ешбірінде шомылуға жағдай толығымен жасалмаған. Нақтырақ айтсақ, қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Олар – Катлован, Собачьи остров пен Аблакетка ауданында орналасқан ресми жағажайлар. Алайда, су тілсіз жау. Суға түскенде бірінші кезекте азаматтардың өздерінің абай болғаны абзал. Шомылуға арналмаған орындарда суға түскендері үшін демалушыларға айыппұл салынынатынын да айта кеткім келеді. Облысымызда 2 мыңнан астам су қоймасы орналасқан. Құтқарушы мамандар саны 200-ден аспайды. Барлық жағажайларда қатаң бақылау жүргізу мүмкін емес. Сондықтан бірінші кезекте демалушылардың өздері қауіпсіздік шараларын сақтағаны жөн,- дейді Өскемен қалалық ТЖҚ азаматтарды қорғау бөлімінің басшысы Валентин Литвиненко.

Демалушылар да жағажайларда қауіпсіздік және санитарлық жағдайлардың қарастырылмағандығын айтуда. Мысалы, Өскемендегі Катлован жағажайына өту үшін әр көлік иесі 350 теңге төлейді. Жағажайда құтқару қызметі тұрмақ қарапайым әжетханалар да жоқ.
– Біз осы жағажайға жазда отбасымызбен келіп аптасына бір мәрте болсын шомылып тұрамыз. 350 теңге төлейміз, бірақ демалушыларға жағдай жасалмаған. Мұнда басқасын айтпағанда, қарапайым әжетхана жоқ. Адамдардың әжетхана іздеп тоғай аралап кететінін байқайсың. Содан айнала бәрі лас. Тіпті, су да лас,- дейді демалушы Нұргүл Сейтпақова.

Осы жағалауда сусын мен балмұздақ сатып жүрген Расим есімді жігіт өзінің суға түспейтінін айтады. Оған себеп те жоқ емес.
– Күн ыстық кездері осында келіп сусын сатып жүргеніме екі жыл болды. Алғашында шомылатынмын. Үстіме бөртпе қаптағандықтан, қазір шомылмаймын. Дәрігерлердің көмегіне жүгініп екі апта емделдім. Олар бөртпенің лас судан пайда болуы мүмкін дегенді айтты. Су сатып тапқан бір айлық қаржым дәрі-дәрмекке кетті. Екі адамның батып кеткенін де былтыр көрдім. Содан судан аулақ жүремін,- дейді жағажайда сусын сатып тұрған Расим Камалдинов.

Дәрігерлер де санитарлық талаптарға еш сай келмейтін жағажайларда шомылудың денсаулыққа қауіпті екендігін алға тартуда.
– Демалушы суға шомылар алдында душ қабылдап тазалануы керек. Судан шыққаннан кейін де душқа түсіп үстіндегі бактерияларды шайып тастауы тиіс. Бізде ондай жағдай қарастырылмаған. Қаламыздағы жағажайларда душ кабиналары тұрмақ, әжетхана қарастырылмаған. Су әбден ластанған. Сондықтан демалушылар түрлі тері ауруларына шалдығып бізге келіп жатады. Демалушыларға жағажайда душ болмаған жағдайда үйлеріне келгеннен кейін ағынды су астында тұрып әбден тазаланып, жуынуға кеңес береміз,- дейді дәрігер-дерматолаг Индира Бабисекова.
Бұл ретте жағажай меңгерушілері барлық жағдайды жасауға тырысатындықтарын айтуда. Бар дүниені қиратып-сындыратын демалушылардың өздері кінәлі, – дейді олар.

– Біз әжетхана, душ кабиналарын да шомылу маусымы басталмай тұрып орнатқанбыз. ТЖҚ арнайы тексерген кезде ол талаптар ескерілмесе, бізге адамдарды қабылдауға рұқсат берілмейді ғой. Жағажайға демалуға келген азаматтар ішімдікке тойып алып, бәрін қиратады. Содан біз қираған дүниені қалпына келтіргенше біраз уақыт өтіп кетеді, – дейді Катлован жағажайының меңгерушісі Алена Степаненко.

Қанат Оралбек
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button