Қоғам

ЖАҢАӨЗЕННЕН ҚАЛҒҰТЫҒА КӨШІП КЕЛДІ

ЖАҢАӨЗЕННЕН ҚАЛҒҰТЫҒА КӨШІП КЕЛДІ


Қалғұтылықтардың бәрі Қыдырбай ағаны жақсы біледі екен. Солардың көрсетуімен қыр басында тұрған Қыдырбай Убайдуллаевтың үйін бірден тауып алдық. Батыстан шығысқа – Маңғыстаудан Күршімге отбасымен көшіп келген Қыдырбай аға бізге бірден Қалғұтыны текке таңдамағанын айтты.

Алты қызының бесеуін ұзатып, кенжесін Астанада оқытып жатқан Қыдырбай аға Жаңаөзенде 40 жыл тұрып келіпті. Кәсіпкерлікпен айналысып, жұмыс табу үшін былтыр бәйбішесі екеуі бір шешімге келіп Күршім ауданына қоныс ауыстырған. Алғаш келгенде өзі округ әкімдігінің қызметтік көлігіне жүргізуші болып орналасыпты. Көру қабілеті нашарлап кеткен соң ол жұмысынан қол үзіп, көктемде Өскеменге барып көзіне ота жасатып қайтқан екен. Одан бергі уақытта бос жүрмей Күршімге барып, «Бастау бизнес» жобасымен бір айлық кәсіпкерлікке оқыту курсын оқып, жуықта ғана қолына сертификат алыпты. Қыдырбай аға енді біржолата кәсіпкерлікпен айналысуға кіріскелі отыр.

Шағын несие алып, ірі қара ұстамақ. Ауыл шетіндегі қора-жайы бар бес бөлмелі үлкен үйді бағдарлама бойынша өздеріне берілген жәрдемақы қаражатының бір бөлігіне сатып алған. Қалғұтыда үй де қымбат емес көрінеді. Қыдырбай аға мал ғана өсірмей, қауын-қарбыздан бастап, көкөністің бірнеше түрін екпек ойда. Егіншіліктің ебін жақсы білетін жан жусанды Қалғұтының жер бедерін, топырағын өзінің туған жерінің алқабына ұқсатып, әдейі осы ауылды таңдапты.

– Тап осы ауыл ұнады маған. Бар өңірді аралап жүріп осы жерді ұнаттым. Тыныш, мал ұстауға ыңғайлы екен. Топырағы Маңғыстаудың топырағына ұқсас құмдауыттау келеді, құнарлы қара топырағы да бар. Біздің жақтың бетеге, жусаны бұл жақта да өсіп тұр. 40 жыл тұрған жерімнен бірден тау-тастың, тоғайдың ішіне кіріп кету маған да, шаруа істеуге де қиындау болады. Оған қоса ел-жұртпен, жермен алғаш танысуға келгенімізде осы ауылдың әкімі Динара алдымыздан жарқылдап шығып, барлық ауылға апарып көрсетіп, таныстырып, кішіпейілділігімен де бірден баурап алды. Ақырында осы ауылға келетін болып, қос шабаданымызды ұстап, пойызға отырдық, -дейді «Орман, тоғайлы, сулы, нулы өзге өңірге неге бармадыңыз?» деген сауалымызға Қыдырбай аға.

Келген бетте көрші-қолаң, бүкіл қалғұтылықтар Қыдырбай ағаның отбасын жатсынбай, құшағын жая қарсы алып, еруліктерін беріп, елмен таныстырып, жоғын түгендесіп, жөнін көрсетіпті.

Қыдырбай Убайдуллаевтың туып-өскен жері- Қарақалпақстанның Найман ауылдық советі деп аталған көрінеді. Төлқұжатында солай көрсетіліп тұр. «Туған жерім де Найман болатын, келген жерім де қалың найман елі. Бұл жер менің өз жерім емес пе ендеше!» дейді ол батыстан шығысқа келгеніне еш өкінбейтінін айтып.

Өткенде Күршімге Қызылордадан тағы да екі-үш отбасы келіп, ауданды аралап көріп, көшіп келетіндерін айтып кетіпті. Жалпы, Күршім ауданына 2022 жылға дейін еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен құрамында 2 442 адамы бар 625 отбасын қабылдап, қоныстандыру жоспарланған. Ауылдық округтер бойынша қоныс аударушыларды қоныстандыру картасы жасалған. Көші-қон картасы негізінен бос жатқан жер телімдері бар, ауыл шаруашылығы мамандары тапшылығы туып жатқан ауылдар төңірегінде жасалып отыр. Мысалы, қазіргі күні осы Қалғұты, Сарыөлең, Балықшы, Төсқайың, басқа да ауыл округтеріне 13 мал дәрігері қажет. Ауданда 200-ге тарта үй бос тұр. Қоныс аударушыларға қажетті мамандықтар жоқ болса, олар бағдарламада көрсетілгендей қысқа мерзімдік оқуларға жіберіліп, кәсіптік мамандықтарға оқытылмақ.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасымен оңтүстіктен аудандарға көшіп келгендерге жұмыс табылып, қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақты жағдай жасалып жатса, ол жақтан келгендер бір үйді, бір көшені емес, бір ауылды бірақ толтырары анық. «Елге ел қосылса – құт» деп текке айтылмаған ғой.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button