Руханият

Жаңашылдыққа жасалған жарқын қадам

Жаңашылдыққа жасалған жарқын қадам


Күршім аудандық кітапханасында Шығыс өңірі үшін жаңа да маңызды бір шара – «Білім орталығының» ашылу салтанаты болып өтті. Бұл алқалы жиынға Алматы, Өскемен, Семей, Риддер және Курчатов қалаларынан, сондай-ақ Зайсан, Көкпекті, Ұлан, Катонқарағай аудандарынан арнайы шақырумен келген өкілдер қатысып, тәжірибе алмасты.

Жаңашылдыққа жасалған жарқын қадам

Заманауи орталыққа келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік мол болмақ. Өйткені кітапханада жұмыс істеу үшін барлық жағдайлар жасалған: ақысыз Wi-Fi, жедел интернет, Skype жүйесі арқылы сұхбаттасу, принтерлер мен сканерлер әркез даяр. Осынау жобаның басты мақсаты да сол – барлық санаттағы жастардың ақпараттық қажеттіліктерін жедел қанағаттандыру үшін әлемдік тәжірибені пайдаланып, кітапханалардың жаңа заманауи үлгісін құру. Осы жобаның аясында бүгінде елімізде кітапханалар уақыт талабына сай білім орталықтарына айналдырылып, компьютерлермен жабдықталып, жаппай электронды үлгіге көшіріліп жатыр. Мұның өзі кітаптың, түрлі әдебиеттердің қадірін арттырып, оқырман қауымның өз уақытын тиімді пайдалануына аса қолайлы жағдай туғызары сөзсіз. Технологиялық жетістіктерді адам игілігіне пайдаланудың оңтайлы үлгісі де осы болмақ.

Бұл айтулы шараға қатысқан филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері Бағдан Момынова, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, филология ғылымдарының докторы, «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес, Күршім ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Есманбек Ақтекенов, «Нұр Отан» партиясы Күршім аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бибіхан Нұрымова жаңадан ашылған орталықтың алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, шынайы ықыластарын білдірді.

Жаңа орталықтың лентасын қию құрметі аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Мамырбек Қалелов, профессор Бағдан Момынова, А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының облыс кітапханаларын дамыту орталығының жетекшісі Раушан Мәзова, Семей қаласындағы облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхананың ақпараттық-библиографиялық бөлімінің библиографы Зағия Мағауина және Күршім аудандық кітапханасына ұзақ жылдар жетекшілік жасаған «Кітапхана ісінің ардагері» Нұрғайни Мұқанова сияқты қадірменді адамдарға ұсынылды. Бұдан соң жиылған қауымды Р.Мәзова қазақстандық ұлттық электронды кітапхана-сайтпен таныстырып, татымды мағлұматтар беріп өтті. Ал Күршім аудандық кітапханасында жұмыс істейтін «Менің сүйікті кейіпкерлерім», «Қолөнер» үйірмелерінің тыныс-тіршілігімен кітапханашы Г.Жәменкенова таныстырды. Осы кітапханадағы «Ағылшын тілін үйренеміз!» атты үйірменің жұмысымен №1 Күршім орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айым Серікқызы таныстырып, «Кел, оқиық!» атты әдеби клубтың жұмыс барысын кітапханашы Р.Кенжеханова мәлім етті. Ал электронды кітапханадағы «Біздің Абай» сайтымен А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының өлкетану-библиография секторының жетекшісі Зиза Сіләмова таныстырып өтті. «Қазақстан Республикасының Электронды Үкіметі» порталы жайлы мағлұматтарды «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы бойынша филиалы, Халыққа қызмет көрсету орталығының қабылдау маманы Берік Қабешов ұсынды. Зағия Мағауина Семейден әдейілеп алып келген, әр кездерде латын әліпбиімен жарияланған құнды басылымдарды жайып салып, бұл сирек кездесетін жәдігерлер көрмесін күршімдіктер мен қонақтар қызыға тамашалады.

Осы шаралар өз ретімен жүзеге асқаннан кейін, аудандық Мәдениет үйінің үлкен залында «Латын әліпбиіне көшу – жаңғыруымыздың жаңа кезеңі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл салиқалы басқосуды аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Б.Өлмесеков ашып, алғашқы сөзді филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері профессор Б.Момыноваға берді. Күршімнің түлегі Бағдан Қатайқызы өз жерлестерінің алдында шешіле сөйлеп, «Әліпби айтысы: кешегісі мен бүгіні» атты ғылыми баяндама жасады. Осы сәтте сахнаға орнатылған кең экраннан слайд арқылы әлемдік деңгейдегі өнер, білім, саясат қайраткерлерінің тіл туралы пікірлері беріліп, бейнематериалдар көрсетіліп тұрды.

«Латын графикасы – өркениет жазуы» деген тақырыпта ой бөліскен облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Сәуле Қалиғазинаның баяндамасын да көпшілік ықыласпен тыңдады. Ал «Қазақ тілі қоғамы және жаңа әліпбиге байланысты көзқарастар» тақырыбында ой толғаған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнестің әлемдік практикаға кең көлемді шолу жасай толғаған ғылыми сараптамасы латын әліпбиі туралы екіұдай пікірде жүрген қарапайым қауымға терең ой салды. Ал филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Сейілхан толғаған «Латын негізді қазақ әліпбиі – ұлттық сананы жаңғыртудағы үлкен серпіліс» атты дәріс-диалог көпшілікке ерекше әсер етті. Қазақстан-Америка еркін университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әсем Нұрланова жоғарыдағы пікірлерді одан әрі тереңдете түсіп, «Латын графикасы және қазақ орфографиясының кейбір мәселелері» деген тақырыпта сүбелі баяндама жасады. Осы кездесуді аяқтаған А.С.Пушкин атындағы ШҚ облыстық кітапхананың қызметкері Раушан Мәзова көпшілік назарына «Латын әліпбиіне көшудегі кітапхананың маңызы» атты шағын баяндамасын ұсынды. Сондай-ақ, аудандық, ауылдық кітапханашылардың алдында А.Пушкин атындағы облыстық кітапхананың қызметкерлері әртүрлі татымды мағлұматтарды ұсына отырып, шеберлік сабақтарын өткізді.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button