Жаңартылған білім мазмұнының жаңалығы көп

Еліміздің білім беру саласы жаңа кезеңге аяқ басты. Өткен жылдан бері білім беру мазмұнын жаңарту ісі қолға алынып, нақты қадамдар да жасалуда. Десек те ата-аналар арасында білім берудің жаңа моделін жатырқай қабылдаушылар да бар. Осы орайда Білім және ғылым министрлігінің өкілдері Өскеменге келіп, мұғалімдер мен ата-аналар қауымымен кездесіп, жаңа реформаның мән-жайын тәптіштеп түсіндіріп берді. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты.
Алдымен сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Нұргелді Әбжапаров ұстаздар қауымын Халықаралық мұғалімдер күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Біз қашанда балаларымыз үшін алаңдаймыз. Менің анам «Адамның өмірдегі жетістігі – оның балаларының табыстарымен өлшенеді» деген сөзді жиі айтады. Сондықтан да әрқайсыларыңыздың балаларыңыз бақытты болсын, деді ол.
Сондай-ақ, жиналған қауым бейнежазба арқылы еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтың да құттықтауын да тыңдап, бір серпіліп қалды. Осыдан кейін сөз тізгінін Астанадан келген қонақтар – Білім және ғылым министрлігінің өкілдері алған.
– 12 жылдық білім беру мен жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жайында біз бұрыннан айтып келеміз. Биыл жаңартылған білім беру мазмұнына көшкенімізге екінші жыл. Жалпы, жаңартылған білім беру мазмұны дегеніміз не? Бұл – білім беру мазмұнына деген мүлдем жаңа көзқарас. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшпес бұрын біз үлкен жұмыстар атқардық. Біз бұл шаруаны ең алдымен педагогтардан бастадық. 2011 жылдан бастап мұғалімдердің біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізілді. Алдымен үш деңгейлі бағдарлама бойынша, сосын жаңартылған білім мазмұны бойынша курстар ұйымдастырылды. Білім берудің жаңа жүйесіне көшу екі жылдан соң толық аяқталмақ. Сондықтан да білім саласында қолға алған бұл реформа түсіндіру жұмыстарын қажет етеді. Біздің өңірлерге шығудағы негізгі мақсатымыз осы, – деді Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы «Білім беру бағдарламалары орталығының» директоры Жанар Әбділдинаның айтуынша, білім беру мазмұны Қазақстанда ғана өзгеріп жатқан жоқ, әлемде де осы үрдіс белең алуда. Бұл – балаларымыздың жарқын болашағы. Оқушы өз білімін өмірде қолдана білуі, бәсекеге қабілетті болуы керек. Сондықтан да қазір оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту өте маңызды.
Десе де, залдағы ата-аналардың көпшілігі жаңартылған білім мазмұны бойынша жарық көрген оқулықтардың сапасының сын көтермейтіндігін тілге тиек етті. Тіпті, бір ата-ана «орыс тілі оқулығында орыс тілі жоқ» деп кесіп айтты. Оқулықтағы кейбір тапсырмалар, мысалы, «Вечерний Ургант» телешоуының үзіндісін көру туралы тапсырма ата-аналардың наразылығын тудырып отыр. Бірақ сарапшылар комиссиясының мүшесі, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Евгения Журавлеваның айтуынша, жаңартылған білім мазмұны бойынша әзірленген оқулықтар бағдарламадағы талаптарға толық сай көрінеді. Ал «Вечерний Ургант» телешоуы туралы әңгімеге келсек, бұл бағдарлама арқылы оқушылар орыс халқының салт-дәстүріне қанығады. Бұл хабарда Ургант кішкентай балаларды шақырып, балалардың өз тілінде салт-дәстүр жайында сөйлеседі. Бұл жерде тек материалдың берілу формасы ғана өзгешелеу.
Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Бейбітгүл Каримованың айтуынша, жаңартылған білім мазмұны бойынша жазылған 2,5,7 сыныптың оқулықтары өткен жылдың қараша айынан бастап орталықтың порталында тұрған. Бірақ ол кезде «Қоғамдық бағалау» порталына ата-аналар мен ұстаздар тарапынан ешқандай сын-ескертпелер түспеген. Тіпті, «Қоғамдық бағалау» порталында келесі жылы жаңартылған білім мазмұнына көшуі жоспарланып отырған 3,6,8 сыныптардың оқулықтары да тұрған көрінеді. Сондықтан да кез келген ата-ана мен мұғалім орталықтың порталына кіріп, оқулық жайында, оның кемшілігі, сапасы туралы өз пікірін білдіре алады.
Кездесу барысында Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенова да жаңартылған білім мазмұны бағдарламасы бойынша жарық көрген барлық оқулықтар мен оқу жоспарларының, оқу бағдарламаларының талапқа сай екенін айтты. Кез келген жаңалықты қоғамның бірден қабылдай қоймайтыны да белгілі. Осы орайда жаңартылған білім беру мазмұнын халыққа кеңінен түсіндіру – министрлік өкілдерінің басты міндеті.
Шыны керек, көпшілік арасында еліміздің білім саласында қолға алынып жатқан жаңалықтарға қарсы шығып, ата-аналарды үгіттеп, дүрбелеңге салып жүргендер де баршылық. Ондайлар әлеуметтік желілерде бас көтеріп, білім саласындағы өзгерістер туралы батыл сын айтқансып, ұпай жинайды, қоғамдық пікірді қалыптастырғысы келеді. Бірақ бір байқағанымыз, жеме-жемге келгенде олардың министрлік өкілдерімен бетпе-бет ашық әңгімеге шығуға еш батылы жетпейді. Осы жолы да әлеуметтік желіде «әлеуметтің» көңілін тауып, көзге түсіп жүрген біраз «батырлар» ашық әңгімеден қашқақтап, министрлік өкілдері қатысқан ашық пікірталас алаңын ерте тастап кетті. Сонда олардың мақсаты не?
Сөйтіп, кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова осынау шараға қатысып, өзінің ұсыныс-пікірлерін білдірген ата-аналар мен ұстаздар қауымына, қоғаммен ашық диалогқа шыққан министрлік өкілдеріне алғысын жеткізді.
Мейрамтай Иманғали