Қоғам

Жаңарған мұражай «Қазцинкті» жарқырата түсті

Жаңарған мұражай «Қазцинкті» жарқырата түсті


«Казцинкте» алыс-жақыннан келген ресми тұлғалар, кәсіпорынға жолы түскен лауазым иелері, арнайы қонақтар мен саяхаттап келген оқушылар бас сұқпай кетпейтін бір орын бар, ол – кәсіпорынның мұражайы. Қорғасынымен, мырышымен, мысымен, алтынымен төрткүл дүниеге танылған компанияның тарихи құндылықтары туралы сыр шертетін сол мұражай қайта жарақтандырылып, жаңартылды.

Жаңартылған мұражайды бірінші болып республикалық, өңірлік БАҚ өкілдері тамашалап қайтты.

Мұражайдың кең де жарық залдары заманауи цифрлық технологиялармен жабдықталып, мұнда жиналған жәдігерлердің мәні мен сәнін одан сайын айшықтап, арттыра түскен. «Қазцинктей» металлургия алыбын көруге келгендер енді зауытта өндіріліп жатқан алтын, күміс, мыс, мырыш, қорғасын (жасанды және табиғи қалпындағы) құймаларын қолдарына ұстап көріп, нағыз кеннен жасалған тақта алаңқайы алдында металлург каскасын, костюмін киіп естелік суретке түсуіне де болады.

Бірнеше аумаққа бөлінген мұражай залына компания кеніштерінен алынып жатқан минералды шикізаттар түрлері қаз-қатар тізіліп, кәсіпорынның өндірістік алаңдары, Ақмола, Қарағанды облыстарындағы металлургиялық бөлімшелерінің панорамалық фотосуреттері қойылған. Мультимедиалық аумақтағы қуатты акустикалық жүйесі бар үлкен экран әлемге әйгілі «Қазцинктің» біз білетін, білмейтін қырларын, жетістігін көрсетіп, қызықты деректерден құлағдар етеді.

Тарихи құндылықтарға толы жаңарған мұражай «Қазцинкті» бұрыңғыдан бетер жарқырата түскен. Әсіресе, тұтастай мүкті жасыл желекпен көмкерілген жасанды көгал қабырға келушілерге айрықша әсер қалдырары сөзсіз. Ортасында Ертіс пен Үлбі жарыса ағып жатқан бұл жасыл желек компанияның қоршаған ортаға деген қамқорлығының белгісі іспетті. Экономикамен бірге, экологияны да басты назарда ұстап отырғандығының айғағы.

Сөз жоқ, келгендердің бәрін тамсандырып, бай мағлұматтармен қанықтырары анық бұл кереметтер компанияның дизайн және полиграфия бөлімінің басшысы Шамиль Асабаевтың жетекшілігімен жасалған. Ол журналистерге жобаның көңілдегідей болып шыққанын жеткізді.

Мұражайда автоматтандырылған заманауи радиогид жүйесі де бар, ол келушілерге бірнеше тілдерді қатар аударып, жеткізіп тұруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мұражайдың интерактивті жүйесі де жасалмақ.

Андрей Лазарев, «Қазцинк» ЖШС нің әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры:

-Өткен жылы компания өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Мұражайды жаңартып, дизайнын заманауи етіп, өзгертіп, цифрлық жаңа технологиялармен жабдықтау туралы бастама сол кезде ойымызға келген болатын. Жобаны жоспарлап, келісіп, кеңесудің өзіне де аз уақыт кеткен жоқ. Қайта жарақтандыру жұмыстары да көпке созылды. Сәтіне қарай, Наурыз мерекесі қарсаңында жаңа мұражайдың жобасын толық жүзеге асырып біттік. Мұражайдың ашылуын жаңару, жаңғыру, жасампаздық мерекесіне орайластырдық, біздің жаңа мұражай -дәстүрді сақтай отырып, келешекке нық қадам басудың бірден-бір айқын көрінісі. Біздің компания қашанда осындай ұстанымда.

«Қазцинк» мұражайының есігі жабық тұратын кездер болмайды. 2007 жылы ашылған мұражайда Өскемендегі мектептердің оқушылары да жиі қонақта болады.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button