Жаһанның үздік спидкуберлері жиналды

«Semey Open – 2018». Дәл осындай атаумен Семейде спидкубингтен халықаралық сайыстың жалауы желбіреді. Жаһандық додаға Нидерланды, Ресей, Беларуссия, Иран, Өзбекстан және Қазақстанның үздік спидкуберлері жиналды. 300-ден астам қатысушының басын қосқан турнирдің ашылу салтанаты орталық алаңда өтті.
Бұл жарыс басқа жарыстардан өзгерек. Себебі Алаштың рухани ордасына текшені жылдам жинаудан әлемдік рекорд орнатқан саңлақтар келді. Атап айтқанда, Матс Валк, Роман Страхов және Рон Ван Брюхем. Осы азаматтардың барлығы – спидкубингтің жілігін шағып, майын ішкен сақа шеберлер. Турнирді шаһардағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қолдауымен өңірімізге белгілі кәсіпкер, меценат Арман Машимов өткізіп отыр. Мұның көмегімен ұйымдастырушылар балалар мен жасөспірімдер арасында зияткерлік спорт түрлерін дамытпақ. Сондай-ақ осы арқылы өңірдің туристік әлеуетін арттыру көзделген. Бір қызығы, бұл спорт үлкен қаражатты талап етпейді. Сол себепті оны серік еткен жастардың қарасы жыл санап артуда. Спидкубингтің тиімділігі де осында. Әйтсе де оның пайдасы тек қолжетімділігімен шектелмейді. Текшені уақытқа жинау баланың ойлау қабілетін, жылдам шешім қабылдау әрі ептілік қасиеттерін дамытады екен.
– Семейге келгенімізге қуаныштымыз. Табиғаты әсем, адамдары мейірімді. Ұлттық тағамнан дәм таттық. Өте дәмді. Қазақстанға деген сүйіспеншілігім арта түсті. Спидкубингтің халықаралық қауымдастығы 2004 жылы құрылды. Осы уақытқа дейін 10-нан аса әлемдік жарыс өткізілді. Қазір 100 мемлекетте бір мыңға жуық мүшелеріміз бар. Арман Машимовке үлкен алғысымызды білдіреміз. Ол Қазақстанда осы спорт түрінің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді, – деп барлық қатысушыларға сәттілік тіледі World Cube Association (WCA) халықаралық қауымдастығының негізін қалағандардың бірі Рон Ван Брюхем.
Ал әлем рекордының иегері голландиялық Матс Валк жас спидкуберлерге шағын шеберлік сабағын өткізді. Ол Рубик текшесін небәрі 4,74 секундта құрастырады екен. Ал бір қолымен 8-9 секунда жинақтап үлгереді. Қызғалдақ елінен келген саңлақтың өнері көпшіліктің таңдайын қақтырды. Осы ретте жарыс Назарбаев зияткерлік мектебінде екі күнге жалғасқанын айта кету керек. Қатысушылар WCA қауымдастығы бекіткен талапқа сәйкес, 18 санат бойынша кіл мықтыны анықтады. Оның ішінде сайыскерлерге бір қолмен жинақтау, көзді жауып құрастыру, сол секілді аяқпен жинап жарысуға тура келді.
Негізінен спидкубингтен Қазақстандағы алғашқы жарыс 2017 жылы Астанада Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен Арман Машимовтың ұйтқы болуымен өткен еді. Содан бері бұл спорттың танымалдығы өсу үстінде. Сайыстың өзіне келер болсақ, мамандар болжағандай, 18 санаттың басым бөлігінде Нидерланд елінен келген Матс Валк топ жарды. Тиісінше жеңімпаздың кубогы голландиялық саңлаққа табысталды. Сол сияқты ресейлік Роман Страхов текшені көзді жауып жинақтаудан 1:50, 27 уақытымен Еуропаның рекордын жаңартты. Ал отандастарымыздың арасынан Ілияс Арыстанбеков, Ерасыл Болысбек, Дәмір Жанатаев және Бақытжан Шәріпбай үздік нәтиже көрсетті. Осы ретте турнирдің ең үлкен қатысушысы 70 жастағы барнаулдық Александр Куминов болса, ең жас сайыскер семейлік Дәурен Қайырханов саналды. Оның жасы небәрі 5-те екен. Осылайша, «Semey Open – 2018» турнирі өз мәресіне жетті.
Жақсылық Мұратқали
Семей.