Жаһандық жылынудан кедейлер көбейеді

Жер-жаһан
Жаһандық жылынудан кедейлер көбейеді
Дүниежүзілік банк сарапшыларының болжамынша, ғаламдық жылыну азық-түлік тауарлары бағасының 20%-ға дейін қымбаттауына әкеліп соқтырмақ. Егер ауа райы өзгеруінің алдын алуда барлық мемлекеттер бірлесіп әрекет етпесе, 2030 жылға қарай жер бетіндегі кедейлер 100 миллион адамға өсіп, жалпы саны 900 миллионға жетпек.
Аталған банктің деректеріне сүйенсек, биыл ғаламшардағы кедейлер саны 702 миллионға жеткен және жыл санап өсе түсуде. Сол себепті де БҰҰ-ның 17 міндетінің бірі осы кедейлік деңгейін төмендетуге бағытталған.
– Климаттық өзгерістер бәрінен де әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға әсерін тигізеді. Біздің ендігі міндетіміз – ондаған миллион адамды жаһандық жылынуға байланысты туындайтын тақыр кедейліктен құтқару, – дейді Дүниежүзілік банк басшысы Джим Йонг Ким.
Ауа райының жылынуы ауыл шаруашылығында өнімділіктің төмендеуіне әсер етіп, безгек сияқты аурулардың көбею қаупін арттыруда. Мамандардың пікірінше, кедей отбасылар ауқаттылармен салыстырғанда климаттық өзгеріске төтеп бере алмайтындай әлсіз болып келеді.
Мысыр туризмі шығынға бата бастады
«Когалымавиа» компаниясының Airbus-А321 ұшағы құлаған соң, Египетке демалуға баратын туристер саны күрт азайған. Бұл жағдай мысыр туризмін тұралатып, ресейлік туроператорларды біраз шығынға батырмақ.
Ұшақ апатынан соң біраз мемлекеттер, оның ішінде Ресей мен Ұлыбритания пирамидалар мекенінде тынығып жатқан өз азаматтарына кейін қайтуға кеңес берді. Мұның соңы биыл он миллион туристі қабылдауға бекінген Мысыр туризміне кері әсерін тигізуде.
Египеттің туризм министрлігінің дерегінше, бір жылда Ресейден үш, Ұлыбританиядан бір миллионға жуық демалушы келеді екен. Егер аталған елдермен арадағы ұшақ қатынасы үзіліп, жағдай осылай жалғаса берсе, Мысыр билігі бір қыстың өзінде 500 миллион, ал бір жылда екі миллиард доллардан астам табыстан қағылуы мүмкін.
АҚШ-та өндіріс көлемі азайды
Өткен қазан айында АҚШ-тағы еңбекпен қамту деңгейі 271 мың адамға көбейіп, биылғы рекордтық көрсеткішке жетті. Ал жұмыссыздық деңгейі 5% төңірегінде сақталған.
Мамандардың есебінше, бұл соңғы 7 жылдағы ең төменгі деңгей. Дейтұрғанмен, елдегі өндіріс саласы жұмысшылармен толықпағаны белгілі болды. Саладағы көрсеткіштер небәрі 4 мың тұғырдан аса алмаған.
Айталық, мұнай өндірудегі жұмысқа орналасу былтырғы деңгейге құлдыраған. Әсіресе, жекелеген мұнай компанияларында жұмысшыларды қысқарту белең алған. Жалпы, доллардың нығаюы және табиғи қорлардың азаюы, энергетикалық компаниялардағы шығын мөлшерінің қысқаруы салдарынан өндіріс көлемі айтарлықтай зардап шеккен.
– Елдің өндіріс саласын айтпағанда, жұмыспен қамту деңгейі көңіл көншітерлік көрсеткішке ие. Осыдан үш ай бұрынғы 200 мыңнан 271000 адамға дейін артты. Жалпы, бұл экономикалық белсенділіктің әлсірегенін білдірмейді, – дейді экономист Гэд Леванон,