Қоғам

Жаңаланған ғимарат өте жайлы

Облыс Әкімінің тапсырмасына орай, 2011 жылы Көкпекті ауылында «Балауса-1» спорттық-сауықтыру кешені ашылған-ды. Енді міне, ерке Ертістің жағасындағы Новостройка ауылында «Балауса-2» демалыс лагері есігін айқара ашты.

Жаңаланған ғимарат өте жайлыОл бұрынғы мектеп ғимаратында орналасқан. Оңтайландырудан кейін жабылып қалған мектептің балалары Сарыбел ауылдық округінің орталығы Новотимофеевка ауылына тасымалданып, оқып жүр.

Мамыр айында ғимаратты күрделі жөндеуді қолға алған «Ашим и С» ЖШС лагерьдің іші-сыртын жұтындырып қойыпты. Лагерь директоры Ғ.Алғазинованың айтуынша, мұнда тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың балалары үш ауысымда демалатын болады. 50 орындық лагерьдің бөлмелері кең, жаңа жиһаз алынған. Спорт алаңдары, үстел теннисі, қолөнер, сурет, өнер үйірмелері, жаңа монша, бір сөзбен айтқанда, барлық жағдайлар жасалған.

Лагерьдің ашылу салтанатына аудан әкімі Д.Мусин, «Ашим и С» ЖШС-нің директоры Т.Сағатов, ұстаздар, ата-аналар мен балалар қатысты.

– Новостройканың мектебі жабылса да болашағы бар ауыл. Лагерь жаз бойы жұмыс істейді. Қыс кезінде шаңғы базасын ашуды ойластырып отырмыз. Мұнда біріншіден, ғимарат сақталып қалса, екіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылып отыр, – деген аудан әкімі Д.Мусин ғимаратқа жаңа тыныс берген «Ашим и С» ЖШС-не алғыс айтып, лагерьге теледидар сыйлады.

Зейнеткер Сәбира әже Мәкеленова болса, жаңа лагерьге немересін әкеліп отырғанына қуанышты екенін жеткізіп, осындай шалғай ауылды көркейтіп, елді жұмыспен қамтып отырған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА, аудан әкіміне ризашылығын білдіре ақ батасын беріп, шашу шашты.

Жиналғандарға Самар саз мектебінің домбырашылар оркестрі (жетекшісі Ш.Райханқызы), Сарыбел, Миролюбовка, Раздольное және Палатцы мектептері оқушыларының әдеби-монтаждық қойылымдары көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

«Ашим и С» ЖШС-нің директоры Т.Сағатов – осы Сарыбел ауылдық округінің тумасы. Өткен жылдан бері ол басқаратын серіктестік аудандағы бірнеше ғимаратты күрделі жөндеуден өткізген.

– Жасың ұлғайған сайын туған жерге деген сағыныш арта түседі екен. Сол себепті өзіміздің қаражат есебінен жасалған бұл жұмыстарды туған жерге еткен тағзымымыз деп біліңіздер, – деп, оның ұжымы лагерьге сый ретінде тереңдігі 15 метр скважина қазып, ғимарат алдына тротуарлық плитка төсегенін жеткізген.

Қызу тіршіліктің ұясына айналатын лагерь балалардың алғашқы легін тосуға әзір.

Эльмира Тайырқызы

Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button