Жаңа жылды жұмыста қарсы алатындар
Жаңа жылды дастарқан басында, жанұяңның ортасында отырып қарсы алғанға не жетсін?! Бірақ, қоғамға ауадай қажет мамандық иелерінің дәл осы күні кезекшілікке түсіп, түнгі 12-ні жұмыс басында қарсы алып жататыны бар. Біреуге міндет, біреуге табыс, енді біреулер үшін бұл түн – ақша тауып қалудың зор мүмкіндігі. Енді тынымсыз жаңа жыл түнінде де қызмет ететін мамандық иелерінің біразын жіпке тізіп өтейік.
Полиция қызметкері. Бұл сала мамандарының мереке күндерінде қызметтік жауапкершіліктері тіптен үдей түседі. Есепсіз ішімдік ішілетін жаңа жыл түнінде қызық пен қылмыстың да қатар жүруі белгілі жайт. Төбелес те, ұрыс та, керіс те көп бұл түні. Біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналып жататыны тағы бар. Көшелердегі тыныштық, алаңдағы шырша маңы, көлік иелері, көршілер, бұзақылар, қысқасы, қоғамдағы барлық көлденең дүниелердің сұрауы осы мамандық иелерінің мойынында.
– Мен кәмелет жасқа толмағандар ісі бойынша полиция инспекторымын. Біздің негізгі міндетіміз қоғам тәртібін қадағалау болғандықтан, мереке күндері күшейтілген режимде жұмыс істеуге тура келеді. Көбінесе орталық алаңдағы шырша маңын бақылаймыз. Өткен жылы жаңа жылды алаңда қарсы алдым. Әріптестер бір – бірімізді сапта тұрып құттықтадық та жаңа жылға аяқ бастық,-дейді полиция қызметкері Алтынай Еркешқызы.
Жедел жәрдем. Өкінішке орай, ауру-сырқау мерекеге қарап тұрмайды. Дәрігерлердің қолына адам өмірі байланғандықтан аталмыш мамандық иелері жаңа жылды жүйткіп бара жатқан жедел жәрдем көлігінің ішінде де қарсы алуы үйреншікті жайттардың бірі. Түнде тарсылдаған мерекелік отшашулармен бірге жедел жәрдем сиреналарының жарыса шығып жатуы құлаққа бұрыннан таныс.
-Қай жылы екені есімде жоқ, жаңа жылға жарты сағат қалғанда жедел қоңырау шалынды. Егде жастағы ер адамның қан қысымы көтеріліп жатыр екен. Біз жеткенде жаңа жылға он-ақ минут уақыт қалған болатын. Үйге кірсек, жұрттың бәрі дастарқан басында отыр. Науқас адамымыз жылы жымиып: «жақсы болып қалған сияқтымын» деп қояды. Қажетті ем-домын жасап болдық та, жаңа жылды бейтаныс адамдармен қарсы алдық. Бір-бірімізді шын жүректен құттықтадық,-дейді Жанна есімді жедел жәрдем қызметінің дәрігері.
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың да жаңа жылда жарғақ құлақтары жастыққа тиген емес. Абайсызда шыққан өрт, петардалар жарылысы, далада қалған көлік, қысқасы, аяқ астынан болатын оқыс оқиғалардың барлығы осы төтенше жағдайлар қызметі мамандарының бақылауында.
-Жаңа жылда бірнеше мәрте кезекшілік атқардым. Әрине, өрт шықпаса жақсы. Бірақ Жаңа жыл түнін тыныш түн деп айта алмас едім. Мерекені көңілді әріптестеріңнің ортасында қарсы алудың өзіндік қызықтары бар,-дейді Риддер қаласының өрт сөндірушісі Қанат Құмаров.
Металлургтер. Өскемен өнеркәсіпті өңір болған соң қала тұрғындарының басым көпшілігі осы мамандық иелері болып келеді. «Казцинк», «ҮМЗ», «ТМК» сияқты алып зауыттар күні-түні дамылсыз жұмыс істеп тұрғандықтан металлургтер мереке күндері де ауысымға түсе береді.
– 31-іне кезекшілікке түсіп тұрамыз. Оған еш қиналмаймыз да, демек, тағдыр солай шешкен. Біздің жұмыс оңай емес. Шикізат күйінде келген табиғи жынысты шала қорғасынға айналдырамыз, Оны балқытып, дайын өнім жағдайына жеткіземіз. Маңайымызда көңілді достарымыз болады. Далада жаңа жыл, аяз, іште мың градустық пештер. Осылай қарсы аламыз мерекені,-дейді «Казцинк» балқыту цехының маманы Айдархан Мұқашев.
Таксист. Такси тізгініндегілер жаңа жыл түнінде аттан түспей қызмет көрсетеді.
– Бір түнде қатардағы бюджет қызметкерінің жалақысын тауып жібереміз,-дейді олар.
-Ел қатарлы теледидардан мерекелік концерт тамашалап үйде отыруға болар еді, бірақ мұндай мүмкіндікті қолдан жібере алмаймын. Түнгі 12-ге таяған тұста бағаны көтере бастаймыз, ал клиент дегеніңіз көшенің әр бұрышынан кездеседі. Өткен жылы сүйіктісіне асығып бара жатқан жігітті қаланың о шетінен бұ шетіне жеткізу керек болды. Бірақ уақыт тым аз болғандықтан 12-ге үлгере алмадық. Бір-бірімізді жол үстінде құттықтап, тілегімізді айттық,-дейді Нұржан Қасымбаев.
Ары қарай күзет қызметі, әуе және теміржол саласы, ресторандар мен ойын-сауық ордалары сияқты жұмыстарды рет-ретімен мысалға келтіре беруге болады. Ең бастысы, қандай сала болмасын, жаңа жыл түнін жұмыста қарсы алған адамдарды өз ісін шексіз сүйетін мамандық иелері деуге болады. «Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жылды солай өткізесің» дейтін тәмсіл де тегіннен-тегін айтылмаса керек.
Дарын Нұрсапаров