Жаңа жылдан бастап баға қымбаттап жатыр
2017 жылдың 1-қаңтарынан бастап Өскеменде жылу мен ыстық судың, облыста электр энергиясының тарифі өсті.
Облыс тұрғындарын электр энергиясымен қамтитын «Шығысэнерготрейд» ЖШС энергия бағасын 5,5 пайызға көбейтті. «Электр энергиясының тарифі 2015 жылдың 1-қаңтарынан бері өзгерген жоқ. Осы қымбаттап отырған тариф көлемі де тұрғындарға айтарлықтай ауыртпашылық түсірмейді, себебі, тариф бағаға шаққанда 1 теңгеге жетер-жетпес мөлшерде ғана көтерілді», – дейді аталған мекеме басшылары.
Ал облыс орталығында ыстық су мен жылу тарифінің көтерілуі қала жұртшылығының кейбіріне керісінше қолайлы болып отыр. Осы қаңтар айынан бастап үйлерінде жалпы үйлік есептеу құралы орнатылған тұрғын үйлердің тұрғындары жылу мен ыстық су бағасын бұрынғыдан төмен бағамен төлейтін болды.
Бұрын жалпы үйлік есептеу құралдары орнатылған үйлердің тұрғындары ыстық су мен жылудың 1 Гкал-на 2985 теңге төлесе, енді оған 2259 теңге төлемек. Ал үйлеріне жалпы үйлік есептеу құралдары орнатылмағандар үшін (техникалық мүмкіндік бола тұра) «Өскемен жылу жүйелері» АҚ қызметі 24 пайызға қымбаттады. Техникалық мүмкіндігі жоқ (есептеу құралдарын орнатуға қажетті жағдайлар) үйлерде тұратындар үшін жылу мен ыстық су бағасы 3,7 пайызға қымбаттады.
Тарифтің көтерілуі бұл жолы қаладағы елді үнемшілдікке үйретіп, ұқыпты болуға шақырып отыр. Баға саясатының басты мақсаты да осы.
Жанаргүл Мұқатай