Қоғам

Жаңа жүйенің қыр-сырымен танысты

 Жаңа жүйенің қыр-сырымен танысты

Облыстық әкімдікте мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыру мәселелеріне арналған өңіраралық семинар-тренинг өтті. Ұлттық экономика министрлігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының бірлескен жобасы аясында ұйымдастырылған шараға Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары әкімдіктерінің халыққа тікелей мемлекеттік қызмет көрсетумен айналысатын мамандары қатысты.
БҰҰ Даму бағдарламасының жобалық менеджері Бақытжан Құрмановтың айтуынша, аталмыш семинардың басты мақсаты – тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, уақыт және қаражат үнемдеу. Оның негізіне корпоративтік басқару жүйесінен келген бизнес үрдістерді реинжинирингтеу технологиясы алынған.
– Жалпы, БҰҰ Даму бағдарламасы мен Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген жоба ең алдымен еліміздегі түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуды көздейді. Жоба аясында Алматы, Шымкент, Ақтау, Қостанай қалаларында дәл бүгінгідей семинар-тренингтер ұйымдастыратын боламыз. Семинарларымызға жергілікті жердегі барлық атқарушы билік органының мамандары тартылмақ. Ал ең бірінші семинарды Шығыс Қазақстаннан, Өскемен қаласынан бастадық, – деді Бақытжан Құрманов.
Оның айтуынша, семинар-тренингке қатысушыларға Астанадан келген тренинг жүргізушілер мен модераторлар бизнес үрдістерді реинжинирингтеудің концептуальдық негіздерін түсіндірмек. Яғни, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге жұмсалатын уақытты барынша қысқартып, оның сапасын жоғарылату, сондай-ақ, халықтың сұранысын қанағаттандыру мәселелері талқыланбақ.
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау орталығының сектор меңгерушісі Елдар Идиятовтың сөзіне сенсек, бұл жобаны жүзеге асыруға шамамен алты ай уақыт кетеді екен.
– Бұл тұрғыда аталмыш жұмысты жүргізу жалғыз ғана мемлекеттік органның қолынан келмейтінін түсінуіміз керек. Мәселен, егер жоба бойынша белгілі бір қызмет түрін оңтайландыру үрдісі Шығыс Қазақстан не Павлодар облысында жүргізілуі тиіс болса, онда бұл іс облыстық деңгейде қайта зерделенгені абзал. Тек осыдан кейін ғана облыста атқарылған жұмыстың нәтижелері орталыққа жіберілетін болады. Осылайша, жыл соңына дейін шамамен 20 мемлекеттік қызмет түрі реинжиниринг үрдісінен өтетін болады, – дейді Е.Идиятов.
Ол сондай-ақ, егер жоба ойдағыдай іске асса, келер жылы тағы бірқатар мемлекеттік қызмет түрі осындай оңтайландырудан өтетінін мәлім етті.
Семинар барысында қатысушылар бизнес үрдістерді реинжинирингтеудің түрлі әдіс-тәсілдерімен танысып, мамандардың ақыл-кеңестерін алды. Айта кету керек, бүгінде елімізде 700-ден астам мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button