ҚоғамӨзекті

Жаңа жүйеге дайындық сараланды

2020 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің шеңберінде әрбір сақтандырылған адамға көрсетілетін медициналық көмектің көлемі 92200 теңгені құрайтын болады. Бұл жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ-ның басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов облыс орталығында МӘМС жүйесін енгізу бойынша өткен аймақтық штабтың отырысында мәлім етті.
Облыстың жаңа жүйеге дайындығын талқылауға арналған алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты.
Келесі жылдан бастап өңірдің медициналық мекемелерін қаржыландыру көлемі 1,3 есе өседі деп күтілуде. Медициналық сақтандыру жобасы жүзеге асқанда, медициналық қызметтердің тарифін 15%-ға арттыруға, сала қызметкерлерінің жалақысын 30%-ға өсіруге мүмкіндік туады. Сонымен қатар тұрғындардың дәрігерлердің қызметтеріне жұмсайтын қаражаттарының үлесі төмендеуге тиіс.
Келесі жылдан бастап барлық жұмыс істейтін азаматтар, жеке практикамен айналысатын тұлғалар, мемлекет өз қамқорлығына алған 15 жеңілдігі бар топқа кіретін тұрғындар медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып саналады. Өңірде әлі күнге мәртебесі анықталмаған тұлғалар бар, оларды анықтау жұмыстары жалғасуда.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мамандарының мәліметтері бойынша, өңірде 187 мың адамның мәртебесін анықтау қажет болған. Бүгінгі таңда олардың 74,4% немесе 139 мың адамның статусы белгілі. Егер жіліктеп айтсақ, бұлардың 70 216-ы жалдамалы жұмысшылар, олар үшін жұмыс берушілер жарна төлеуді бастаған. Үй шаруасымен айналысатын, үш жасқа дейінгі бала күтімімен отырған және жүкті әйелдердің саны –24 030. 1 957 адам жұмыссыздық мәртебесін алыпты, 634 кәсіпкер мемлекеттік кірістер департаментіне есепке тұрды. 41 859 адам өз мәртебелерін басқаша көрсеткен (оралман, әскери қызметші, студент, басқа жаққа көшіп кеткендер).
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев бұдан басқа 47 мың адамның мәртебесін анықтауда проблемалар бар екенін жеткізді.
– Бұл адамдар елдің экономикалық өміріне араласпайды, зейнетақы төлемдерін аудармайды, салық төлемейді, МӘМС жүйесіне қатыспайды. Таяуда жасалған сараптама осы жандардың тоғыз әлеуметтік мәртебесін анықтады. 19 адам– жалдамалы жұмысшы, олар ешқандай келісімшартсыз жұмыс істейді. Қалыптасқан жағдайға көңілдері толады, ешқандай төлем төлегісі келмейді, 2975 адам –өзін-өзі қамтамасыз етуші, кәсіпкерлікпен ешқандай кәсіпорын ашпай айналысады, төлем төлеуден бас тартты. 16103 адамның жеке кәсібі бар, өздері үшін тұтынатын өнімдерді өндірумен айналысады, бұл кісілермен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 14921 адам жұмыссыз, жұмыс іздемейді, 1890 адам бала күтімімен отыр және жүкті әйелдер, 379 студент, 4889 азамат ешқандай құжат рәсімдемей басқа жаққа көшіп кеткен. Әр топтағы азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жалғастырамыз, – деді Ерболат Ошақбаев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ильяс Мұхамеджан медициналық сақтандыру жүйесін енгізгенге дейін шешуді талап ететін бірнеше проблеманы көтерді. Солардың бірі –облыстыңшалғайда орналасқан 300-ден астам елді мекені жоғары жылдамдықты нтернетпен қамтамасыз етуді қажет етеді, онсыз қордың ақпараттық жүйесіне ену мүмкін емес. Бұл жобаны жергілікті атқарушы органдар қаржыландыра алмайды.
–Медициналық мекемелер, бұлар – ауылдық амбулаториялар мен фельдшерлік амбулаторлық пункттер, бұл шығындарды өз күштерімен жаба алмайды. Спутник антенналарымен интернет желісін орнатқан күннің өзінде ай сайынғы абоненттік төлем 200 мың теңгеден асып кетеді, – деді салалық басқарма басшысы.
Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова бұл мәселені билік бақылауға алатынын жеткізді. Сонымен қатар облыста 42 учаске медициналық кадрлармен толық жабдықталмаған. Ильяс Мұхамеджан бұл мәселені медициналықжоғары оқу орындарының түлектерін тарту арқылы шешуге тырысатындарынан хабардар етті. Аймақта медициналық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру, емдеу мекемелерінің заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуы, жоғары технологиялы орталықтарды дамыту жалғаса бермек. Бұл шаралардың барлығы медицина саласына айтылатын сын-ескертпелердің алдын алуға мүмкіндік береді. Тұрғындардың денсаулық сақтау саласындағы реформаларға деген көзқарастары да өзгеріп келе жатқанын айта кеткен оңды. Әлеуметтік сауалнама шығысқазақстандықтардың МӘМС жүйесі туралы ақпараттануы 6% -ға артқанын көрсетті.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры пациенттердің құқын қорғаушы болып саналады және елімізде медициналық қызметтердің көрсетілу сапасын арттыруды көздейді. Бұл мақсатта қаржылық құралдар мен қатерлерді басқару жүйесі қолданылады.
Жаңа жүйенің жұмысын жолға қою, қызметтердің сапасын арттыру үшін тұрғындармен кері байланыс орнату маңызды. Қазір кез келген азамат өзін толғандырған сұрақтар бойынша 1414 нөмірі арқылы«Азаматтарға арналған үкіметке»тегін
хабарласа алады. МӘМС жүйесі толық іске қосылған соң тұрғындардың өтініштері артуы ықтимал. Сол себепті 1желтоқсаннан бастап қордың жекеcall -орталығы іске қосылатын болады. 1406 нөмірі бойынша медициналық көмек туралы кеңес алуға, жарна мен төлемдер бойынша қарыздардың бар-жоғын анықтауға, арыз-шағымдар қалдыруға, көрсетілген қызметтерге баға беруге болады. Сонымен қатар келесі жылы қордың аймақтық филиалдарында азаматтарды қабылдайтын кабинеттер ашу жоспарланған.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button