Жаңа жоба өңірдегі құрылысқа ерекше серпін берді
Тұрғын үй бағасының шарықтауына жол бермеу үшін кеңес заманында жұмыс істеген құрылыс материалдары комбинаттарын қайта қалпына келтіру қажеттігі жөнінде алқалы жиындарда жиі айтылып жүр. Бұл бастамаға бірінші болып үн қосқан зайсандықтар болып отыр.
«СМУ-Шығыс» ЖШС өңірдің құрылыс материалдарына деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында аталмыш өндіріс кластерін құрды. Мұндағы құрылыс материалдары кластеріне темір ұстаханасы, керамика кірпіш зауыты, металпластик өндірісі мен темір-бетон өңдеу цехтары кіреді. Аталған кірпіш зауыты жылына бес млн. дана кірпіш өндіруге қауқарлы болса, металпластик цехы жылына 12 мың шаршы метр бұйым өңдейді.
Ал былтырға дейін жылына үш мың текше метр темір-бетон өндіріп келген цехта 2012 жылы жаңа серпін пайда болды. «СМУ-Шығыс» ЖШС облыста бірінші болып әртүрлі көлемдегі бетон плиталарды құюды жолға қойып отыр. «Темір-бетон бұйымдары» зауытын жаңғырту және кеңейту» деген жоба еліміздің Индустрияландыру картасына енгізілген. Жаңа цехтың ғимаратын тұрғызып, қондырғылар орнатуға өз қаражаттарынан 350 млн. теңге шығарса, мемлекет бюджетінен 170 млн. теңге инфрақұрылым түзуге бөлінген. Ресейлік технологияға негізделген өндіріске аталмыш елдің құрылғылары да пайдаланылуда.
Жаңа технологияның басты артықшылығы еңбектің өнімділігін күрт арттыруында. Бұрындары мұндай өндірістің басында ондаған адамдар жүруі қажет болса, қазір жоғары өнімді құрылғылардың арқасында даңғарадай цехтың жұмысын дөңгелетуге тоғыз-ақ адам жеткілікті. Технологияның екінші артықшылығы әмбебаптығында. Ескі тәсіл бойынша әр көлемдегі бетон плиталар мен діңгектер құю үшін жеке-жеке құрсаулы қалып дайындалатын. Ал жаңа тәсіл үшін ешқандай қалыптың қажеті жоқ. Барлық плита мен діңгек бір ғана құрылғының көмегімен 72 метрлік арнайы рельсте құйылады.
Қазір цехта мұндай рельстің екеуі бар. Рельстің ұзын бойына әуелі құйылатын діңгектің немесе плитаның пайдалану сипатына қарай саны мен өлшемі есептеліп, арматура тартылады. Мұндай жоғары қысымға төзімді арматуралар әзірге Қазақстан бойынша шығарылмайтындықтан, оларды тағы да Ресейден алуға мәжбүр. Тартылған арматуралар арнайы тетіктің көмегімен қажетті жуандықта созылады. Рельстің астыңғы бөлігіне арматура мен құйылатын цементті қыздыру жүйесі жалғасқан.
Осылайша бір жолда ұзындығы 72 метрге жететін плита құюға болады. Бұл құйылған тұтас плитаны пайдалану сипатына қарай әртүрлі ұзындық пен жалпақтықта қиып алуға да болады. Ол үшін арнайы құрылғы қойылған. Осы тәсілдің арқасында құрылыс материалының өзіндік құны арзанға түсіп отыр. Үшінші артықшылығы барлық өлшемдер компьютердің көмегімен қойылып, орындалатынында. Электронды өлшеу жүйесі дәлдіктің кепілі деген сөз. Келесі бір артықшылық мұндағы өндіріс ошақтарының бәріне ортақ. Өндіріске пайдаланатын шикізат пен шығарған өнімнің сапасын тәуелсіз зертхана ұдайы тексеріп отырады.
Цехта жалпақ плитадан бөлек жоғары қысымды діңгектер, іргетас блоктары мен «Г» пішінді плиталар құйылады. «Г» пішінді плиталар Зайсан ауданының Кендірлік суару жүйесінің сол жақ тармағын реконструкциялауға пайдаланылғанын айтады «СМУ-Шығыс» ЖШС директоры Қуатбек Әбжанов. Жоба толықтай жүзеге асып, жаңа цех бір жылдың ішінде өзінің 100 пайыздық қуат күшіне енген.
«Темір-бетон бұйымдары» зауыты алдағы уақытта италиялық технология негізінде тағы бір жаңа өндірісті іске қосуға кірісіп кеткен. Италиялық фирмамен жасалған келісім бойынша үлкен диаметрлі темір-бетон құбырлар дайындалмақ.
Бұл жоғары қысымды құбырлар кәріз коллекторларына, көпір арналарына және өзге де су өткізу құралдарына аса қажет. Мұндай құбырлар Қазақстанның ешбір жерінде шығарылмайтын көрінеді. Осы олқылықтың орнын «СМУ-Шығыс» ЖШС толтырмақшы. Бұл инвестициялық жоба «Өнімділік – 2020» бағдарламасының аясында биыл жүзеге асады деп жоспарланған.
Жыл сайын құрылыс материалдарының түрлерін көбейтіп, сапасын арттырып келе жатқан зауыттың өніміне сұраныс та артып келеді. Қазірде зауыт өнімдерін Өскемен және Аягөз қалалары, Тарбағатай, Күршім, Көкпекті аудандары тұтына бастаған. Облыс орталығынан әсіресе, жаңа технологиямен дайындалатын бетон плиталар мен жоғары кернеулі діңгектерге жиі тапсырыс келетінін айтады Қ.Әбжанов.
«СМУ-Шығыс» ЖШС-не қарасты болғандықтан, зауыт өнімінің негізгі бөлігі аталмыш серіктестік салып жатқан құрылыс нысандарына пайдаланылуда. Ал ондай нысандар бір ғана Зайсан ауданының өзінде жетіп артылады. Зайсан қаласында «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының шеңберінде бой көтеруі тиіс 60 пәтерлік екі үйдің құрылысы серіктестікке сеніп тапсырылған. Аудандық әкімдіктің ақпаратына сенсек, бұл үйлерге тұрмысы төмен отбасылар қоныс тебетін болады. Қалаға қажет 300 орындық интернатымен 600 балаға арналған мектеп құрылысы да аталмыш серіктестіктің мойнында. Бұл мектеп 2013 жылдың қазан айында қолданысқа берілуі тиіс. Құрылыс басына барғанымызда бюджетті жоспарлау науқанының әсерінен жобаны қаржыландыру жағы кешеуілдеп жатқаны мәлім болды. Соған қарамастан құрылысшылар барлық жұмыстың 30-40 пайызы орындалғанын айтады. Серіктестік басшысы бізді қаржы тапшылығына бола құрылыс тоқтап қалмайтынына сендірді.
– Мұнда пайдаланылатын құрылыс материалдарының барлығы өзімізден шығады. Сондықтан бөлінер қаражатқа басыбайлы тәуелді емеспіз. Осыған дейін қаржының кешігуі мен ауа райының қолайсыздығына байланысты мұндағы жұмысшылар санын 120 адамнан 30 адамға дейін азайтқанбыз. Жұмыс қызған соң олардың саны күн санап көбеюде. Сондықтан мерзімнен кешігу қаупі жоқ, – дейді ол.
Жобаға сәйкес жаңа мектеп-интернаттың толық жабдықталуы да мердігердің мойнында. Интернат ғимаратында жатақханадан бөлек жуыну және демалыс бөлмелері қарастырылса, мектеп ғимаратында акт залы мен асхана жобаланған. Ал мектеп ауласында баскетбол және футбол алаңдары, бүлдіршіндердің ойын алаңқайы, ботаникалық бақ жайғасады деп жоспарланған. Мекеме көмір қазандығымен жылытылмақ.
Маусым сайын өндіретін құрылыс материалдарының түрлерін көбейтіп келе жатқан бұл комбинат облыстағы бірегей өндіріс ошағы екенін айту керек.