Қоғам

Жаңа зауытта жеті жүзден астам адам жұмыс істейді

Жаңа зауытта жеті жүзден астам адам жұмыс істейді

Жыл басынан бері Бесқарағай ауданында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 103,8 млн. теңгені құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 11,5 пайызға өскен. Бұл туралы облыстық ақпараттық орталықта өткен брифингте аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов мәлім етті.
Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ауданда кәсіпкерлерді қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту және ішкі қорлардың көздерін табу секілді экономиканың ілгерілеуіне серпін беретін жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
– Агроөнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған құны 5,4 млрд. теңге тұратын ірі инвестициялық жобамыз бар. Қытайдың «Long Xin» компаниясымен бірлескен бұл жобаның нәтижесінде жаңадан зауыт іске қосылып, 730 жаңа жұмыс орны құрылады. Ол зауытта ауыл шаруашылығы дақылдары өңделіп, өндіріледі. Кәсіпорын құрылысын 2017 жылы бастап, 2020 жылы аяқтау көзделіп отыр, – деп түсіндірген Нұржан Тоқсейітов зауытта еңбек етуге негізінен жергілікті жердің тұрғындары алынатынын жеткізді.
Бұл инвестжобаны жүзеге асыру үшін 14 754 га жер телімі бөлінген. Жоспарланған егістік алқабы 10 мың га. Ол жерде соя, бұршақ, қызыл бұршақ, күнбағыс, асқабақ, қарбыз дақылдары өсіріледі. Қазіргі күні компания көктемгі егістік жұмыстарына кірісіп кетті. Қажетті техникалар Семейдегі «СемАЗ» ЖШС-нен сатып алынған. Одан бөлек 20 тонна арамшөп улағыш, 200 тонна дизель отыны, 100 тоннадай тұқым әзірленген.
Ресми деректерге сүйенсек, ағымдағы жыл басынан бері ауданның өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 20 млн. теңгені құрап, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 333 пайызға артқан. Тау-кен өндірісінің жалпы көлемі 13 млн. теңге немесе 65 пайыз шамасында болды.
Инфрақұрылымға келсек. «Нұрлы жол» бағдарламасына енген Омбы-Майқапшағай халықаралық маңызға ие автокөлік дәлізі, сондай-ақ, Өскемен-Астана республикалық жолын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазір Семей қаласынан бастап Бесқарағай ауданының орталығына дейінгі жол тақтайдай. 13,1 млн. теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл былтырғыдан 7,5 пайызға жоғары.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button