Жаңа зауыт іске қосылды

Еліміздің барлық өңірлерін байланыстырған «Қазақстанның жаңа индустриясы: 2014 жылдың және алғашқы бесжылдықтың қорытындылары» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Өскемендегі титан құймалары мен балқымаларын өндіретін «Посук Титаниум» ЖШС бірлескен кәсіпорнын іске қосты. Салтанатты шараға тікелей эфир арқылы осы аталған кәсіпорынның ұжымымен бірге облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қатысты.
Айта кетуіміз керек, мұндай ірі инновациялық жобаны жүзеге асырғаны үшін «Өскемен ТМК» АҚ-ның президенті Әсем Мамытова осы күні Астана төрінде өткен алқалы жиында Елбасының қолынан «2014 жылғы өндірістегі үздік инновациялар» аталымы бойынша «Алтын сапа» арнайы сыйлығын алды. Ал еңбекті қорғау саласында үздік деп танылған тағы бір шығысқазақстандық кәсіпорын – «Азия Авто» АҚ-ға «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі сыйлығының алтын мүсіншесі табыс етілді.
Бүкіл ел жұртшылығы теледидар арқылы тікелей тамашалаған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бес жылдығын қысқаша қорытындылай келе:
– Жоқтан басталған индустриялық-ииновациялық сектор бүгінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Біз ашқан кәсіпорындар мемлекет бюджетіне қыруар қаражат болып қайтарылуда. «Парыз» байқауының қатысушыларын ғана алып қарасақ, 150 млрд. теңгенің 440 әлеуметтік жобасын іске қосқан. «Алтын сапа» жүлдесіне қатысушы компаниялардың саны алты есеге артқан. Біріншіден, біз өңірлеріміздің құрылымын өзгерту бойынша алғашқы қадамдарды жасадық. Әртараптандыру сөзбен емес, іспен жүзеге асуда, – деп атап көрсетті.
Иә, Елбасы атап өткендей, кейінгі жылдары елімізде бұрын қолданыста болмаған өнімдерді шығару мықтап қолға алынуда. Соңғы бес жылда ел экономикасына салынған шетелдік инвестицияның 70 пайызы өңдеуші сектордың үлесіне тиген. Нәтижесінде шамамен 75 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 770-тей кәсіпорын іске қосылған. Бұл – әрине, ауыз толтырып айтарлық жетістік. Солардың қатарына тұсауы жаңадан кесілген «Посук Титаниум» ЖШС-ін қосуға болады.
– Сіздің қолдауыңыздың арқасында оңтүстіккореялық әріптестерімізбен бірлесе отырып, Шығыс Қазақстанның орталығы Өскемен қаласында құны 70 миллион АҚШ долларын құрайтын инновациялық жобаны іске қосып отырмыз. Осы жобаның арқасында біз электронды-сәулелі балқыту тәсілімен жылына алты мың тоннадан асатын титан құймалары мен балқымаларын шығаруға қол жеткіземіз. Біздің өнімдеріміз өнеркәсіптің барлық бағытында, оның ішінде кеме құрылысы мен мұнай өндіруде, энергетикада кеңінен пайдаланылатын болады, – деген «Посук Титаниум» зауытының директоры Валерий Сычев Елбасының рұқсатымен кәсіпорынды іске қосты.
Аталған жобаның мақсаты – өндірісті әртараптандыру және титан құймалары мен балқымаларын шығару бойынша жаңа инновациялық өндірісті іске қосу.
Зауыт басшылығының айтуынша, Өскемендегі «ТМК» АҚ-ның алаңында электронды-сәулелі балқыту тәсілі арқылы өндірілетін титан құймалары мен балқымалары болат өндіруден дүниежүзінде екінші оңтүстіккореялық «POSCO» кәсіпорынына жеткізіліп, сол жерде озық технологияның арқасында титан прокаты мен құбырлары шығарылады. Ары қарай бұл өнімдер Оңтүстік Кореяның ірі кеме құрастырушы компанияларына, жалпы әлемдік нарыққа шығарылады.
– Сіздердің кәсіпорындарыңыз үшін ғана емес, Қазақстан үшін маңызды жоба іске қосылып отыр. Бұл – ең озық өнім. Зауыт үлкен. Болашағы бар. Сіздерді құттықтаймын және еңбектеріңізге жеміс тілеймін. Титан өндіру – Қазақстан үшін жаңадан қолға алынып жатқан жобалардың бірі. Өскемендіктерді құттықтаймын, – деді Мемлекет басшысы жаңа зауытты іске қосып.
Сонымен қатар, тікелей эфирде сөз тізгінін алған «Қазцинк» холдинг ЖШС-нің бас директоры Александр Хмелев биыл іске асырылған жобаларға тоқталып, атқарылған жұмыстар туралы айта келе: – Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Мемлекеттің қолдауы арқасында біз жаңа технологияларға негізделген болашағы зор мыс және қорғасын өндіретін екі бірдей зауытты іске қостық. Соның нәтижесінде біз сапасы жоғары жаңа өнім – катодты мыс пен тазартылған қорғасын алдық. Зауыт қолданысқа берілгелі 420 мың тонна өнім өндіріп, оны толықтай экспортқа шығардық. Ең бастысы, жаңа технологиялардың көмегімен атмосфераға шығатын улы заттардың үлесін азайтып, Өскеменнің экологиясын айтарлықтай жақсартуға қол жеткіздік, – деп түсіндірді.
Елбасы мұндай озық технологияларға негізделген жобалардың қолға алынуы экологиялық ахуалы нашар Өскемен қаласының тұрғындары үшін қуантарлық жаңалық екенін жеткізіп, құттықтады.
Титан демекші, елімізде Өскеменде ғана өндірілетін бұл металл негізінен ұшақтарды құрастыруда кеңінен пайдаланылады. Бүгінде әуе жолдары арқылы жолаушылар тасымалдайтын ірі әуе лайнерлері құрылысында біздің титанның үлесі айтарлықтай. Бұл орайда 70-тен астам жаңадан жұмыс орыны ашылған «Посук Титаниум» зауытының рөлі жоғары болмақ. Аталған зауытта орналасқан сегіз электронды-сәулелі атқылағыш арқылы үшінші дәрежелі вакуумде тәулігіне 20 тонна балқыма өндіріледі. Еліміздегі ең алғашқы осындай балқытылған 10 тонна титан сынамасы Индустрияландыру күнінде алынған-ды. Енді, міне, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ аталмыш зауытты толық қуатында іске қосты.
Шығысқазақстандықтардың мерейін тасытқан қуанышты сәтті кәсіпорын жұмысшыларының ортасында өткізген аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ инновациялық жобалардың артықшылықтарын атап өтті.
– Жобаның маңызды элементі тауардың қосымша құны жоғары болуында. Бұл – Президенттің тікелей тапсырмасы. Ерекше технологиялар қолданылатын инновациялық өндірістің даму болашағы үлкен. Мұны әлемдік нарықтағы еңбекті бөлудің жоғары деңгейі деп атаған дұрыс. Келешекте мұндай кәсіпорындар қатары көбейеді. Себебі, Шығыс Қазақстанның әлеуеті мықты, – деп нақтылаған облыс әкімі алдағы жылдан бастап іске асырылатын ҮИИД бағдарламасының екінші бесжылдығында біздің өңір бұдан биік белестерді бағындыратынына сенім білдірді.
Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, ендігі кезекте сирек кездесетін металдарды игеру міндеті тұр. Ол үшін геологиялық барлау жұмыстарын ширататын боламыз. Сол секілді баламалы қуат көздерін игеру де – басты мәселелердің бірі.
Облыс басшысы өз сөзінде жерлестеріміздің еңбегін Елбасымыздың ерекше бағалағанын қуанышпен жеткізді. Бұл біздің металлургтерді шығаратын тауарларының сапасын арттыруға, бәсекеге қабілетті болуға қанаттандыра түспек. Ал алдағы жылдан бастап күшіне енетін Еуразиялық экономикалық одақ отандық өнімдерді экспортқа емін-еркін шығаруға мол мүмкіндік туғызады.
Телекөпір арқылы ҮИИД бағдарламасының алғашқы бесжылдығының қорытындысы шығарылған жиында Елбасы ең бірінші Шығыс Қазақстанмен байланысқа шығып, біздегі атқарылған ауқымды істерге оң бағасын берді. Бағдарлама жүзеге асырылған бес жылда біздің өңірдегі алпауыт кәсіпорындар бірқатар ірі жобаларды өндіріске қосып, инновацияны тереңдеп игеруге белсене кіріскен. Соның нәтижесінде бес жылдың ішінде өңірдегі ішкі жалпы өніммен қатар, еңбек өнімділігі де екі есе өсті.
Серік Әбілхан